«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ғибрат

Ана тіліміз – халқымыздың сарқылмас бұлағы

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Тіл — ұлттың жаны, рухтың шырақшысы, ата-бабамыздың бізге қалдырған ең асыл, ең киелі аманаты. Ол — бесік жырымен құлағымызға құйылған ана әлдиі, даланың еркін желімен жарысқан тұлпарлар дүбірі, домбыраның шанағынан төгілген күмбірлеген күй. Алайда, бүгін сол киелі тіліміз өз елінде, өз төрінде өгей баланың күйін кешіп, екінші орынға ысырылып қалғанын көргенде, жүрегің аттай тулап, өзегің өртенеді екен. Неге біз бабалар аманатына соншалықты селқостық таныттық? Неге өз алтынымызды бағалай алмай, өзгенің мысына тамсанып, жалтақтап қалдық?

Тілдің қасиеті — оның дыбысында емес, оның ішіндегі киелі де қастерлі ұлттық рухымыздың тереңдігінде. Бүгінгі қоғамда орыс тілін білмегенді «надан» санап, келемеждеп мазақтау — үйреншікті жағдайға айналды, бірақ неге біз өз ана тілін білмеуді нағыз масқара, кешірілмейтін ұят деп сезінбейміз? Қазақ пен қазақтың бетпе-бет тұрып, бір-біріне өзгенің тілінде шүлдірлесуі — ұлттық намыссыздықтың шыңы емес пе? Бұл — Мұхтар Шаханов атамыз шырылдап айтып кеткен «мәңгүрттіктің» нақ өзі. Шахановша айтсақ, «Ана тілін сыйламау — өз анаңды сыйламаумен тең». Тіл өлген жерде ұлт та өледі. Тілдің қасиетін жоғалту — өз болмысыңнан безіну, тарихыңды өшіру.

Кешегі Алаштың арыстары — Ахметтей білгірлер мен Міржақыптай қайсарлар қазақ тілінің әрбір әрпі үшін, әрбір сөзі үшін жанын пида етті. Олардың арманы — қазақтың өз тілінде ғылым сөйлеткен, өз тілінде әлемді таңғалдырған іргелі ел болуы еді. Ал біз бүгін сол асылдардың аманатын арқалай алмай, өзге тілде сөйлеуді «мәдениеттілік» пен «биіктіктің» өлшеміне айналдырып алдық. Қазақ пен қазақтың өз тілінде сөйлесуден қашқақтауы, қалалы жерде ана тіліміздің тек тұрмыстық деңгейде қалуы — бұл біздің рухани жұтаңдығымыздың белгісі. Бұл — ашынатын, өкініштен өзегіңді өртейтін жағдай.

Тіл — бұл тарихтың тереңінен келе жатқан сарқылмас бұлақ. Ол бұлақтың көзін бітеу — өз тарихыңды, өз болмысыңды жоюмен тең. Біз өзге тілді үйрену арқылы дүниені тануымыз керек, бірақ өз тілімізді ұмыту арқылы өзімізді жоғалтпауымыз қажет. Тілдің қасиетін ұғынған адам — Отанның қасиетін ұғынады. Біздің тіліміз — біздің арымыз, намысымыз және болашағымыз. Тілге деген құрмет — өткенге тағзым, болашаққа сенім.

Сол үшін Шахановша рухты, Алашша адал болайық. Заман талабына сай өзге тілде сөйлеу — бұл жетістік, бұл — қажеттілік. Бірақ, өзге тілде сөйлеу емес, өз тіліңді білмеу — нағыз ұят!

ДОСЫМ  Ұлдана,

Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы,

 Көкарық ауылы, «Жамбыл атындағы орта

Мектептің» 11-сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Ата-ана – бар баланың қорғаны, мәңгі жасыл бағы

Мақтымқұлы – түркі жұртына ортақ тұлға

farabi shakirti shakirti

Республикам менің, даңқы шыққан шартарапқа