«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мектеп - кемеңгерліктің бастауы

Мектеп формасы қажет пе?

Сурет: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандығаш қаласы

№3мектеп-гимназиясының инста парақшасынан

Білім беру саласында оқу, оқыту процесінен бөлек, мектеп формасын алып тастау немесе сол үрдісті жалғастыру мәселесі жылдан-жылға өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі альфа ұрпаққа мектеп формасын кию қаншалықты қажет? Білім беру саласында мектеп формасы міндеттелгені дұрыс па? деген сауалдар әлі де қызу талқылануда.

Мектеп – білім  алушының 11 жыл білім алған ордасы емес, қоғаммен қарым — қатынас құра алудағы ең басты, маңызды әлеуметтік институты. Мектептегі әр оқушының басты миссиясы – білім алу. Білім алу керек жерде оқушы басқа мәселелерге қатысты ойы бөлініп, бас қатырмауы тиіс. Оның ішінде, кімнің не алып, не киетіні, қандай гаджет пайдаланатыны, материалдық мүмкіндіктеріне алаңдамауы ескерілуі керек.  Балаларды әлеуметтік жағдайына,  мүмкіндігіне қарай бөліп-жармай біртұтас білім беру – мектептің басты мақсаты. Мектеп формасын енгізу арқылы әлеуметтік, мүліктік теңсіздікке әкелетін бәсекелестікті тежей аламыз. Мектеп формасы – тәртіптің алғашқы көрінісі. Форманың тәртіпке баулитынын, барлығына теңдік беретінін айта кету керек. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов униформаға қатысты пікірінде оның маңыздылығын алға тартты, артықшылығының көптігіне баса назар аударып, тәртіппен байланысты екенін, «бренд қууды» тоқтататынын, тең жағдай жасайтынын айтқан. 2022 жылдары өз тараптарынан мектеп парламенттерімен кездесу ұйымдастырып, оқушылардың пікірі ескерілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде мектеп формасының қатары ыңғайлырақ нұсқалармен де толыққанын хабарлады.

Кей елдерде мектеп формасы бар оқушылардың сабаққа қатысуы 12%-ға жоғары екені анықталған. Сондай-ақ кей зерттеулерде тест нәтижелері 10-15%-ға жақсарғаны байқалады. Демек, бәріне міндетті бірегей мектеп киімі белгілі бір деңгейде оқушының оқу процесінде жауапкершілік алуына да әсер ететінін аңғарамыз.  Еліміздегі бәсекеге қабілетті мектептердің қайсысын алып қарасақ та, мектеп формасының міндеттелетінін байқаймыз. НЗМ, БИЛ, РФММ сияқты т.б. мектептердің формаға қатысты ұстанымын ескерсек, демек, білім беру жүйесінде бірегей киім киюдің  айтарлықтай әсері бар деген сөз.

Мектеп формасынан бас тартуға ниет білдірушілер саны неліктен артып келеді деген сауалды қарастырайық. Статисткалық ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылдың өзінде 63 мыңнан астам ата-ана қарсылық білдіріп, петицияға қол қойған. Олар мектеп формасының сақталуына оң көзбен қарағанымен, қазіргі нарықтағы киім бағасы қымбат екенін алға тартады. Бір отбасында білім алушылар саны неқұрлым көп болса, ата-анаға ауыр тиетіні белгілі. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мектеп формасының бағасы  2025 ж. маусым, шілде айларында өткен жылға қарағанда 9,8%-ға өскен. Форманы алып тастауға ұсыныс білдірудің тағы бір себебі – іскерлік киімнің оқушылардың физикалық қозғалысын шектеп, белсенділігін азайтуы.

Жылда көтеріліп, нақты түйінін таппаған мектеп формасы мәселесі оңтайлы шешім таппайынша өзектілігін жоғалтпақ емес. Мектептегі тәртіп, оқушының зейініне, жауапкершілігіне ықпал ететін мектеп формасы ыңғайлы әрі қолжетімді болса, қозғалысты тежемесе талап етілуі дұрыс деп санаймыз.

АСЫЛБЕК   Жаннұр,  

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,

Қандыағаш қаласының «№3мектеп-гимназиясының»

11 «Б» сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының  Жас  тілшісі

Пайдаланған дереккөзі:

  1. https://aikyn.kz/289783/forma-k-u-ny—ata-ana-mu-n-y
  2. https://gitnux.org/school-uniform-statistics/
  3. https://ozgeris.info/kz/article/bagasy-tym-qymbat-mektep-formasy-kerek-pe.html

Сәйкес жаңалықтар

Тәрбие талбесігі – ата-ананың мейірімінде

Қош бол, мектебім!

farabi shakirti shakirti

«Мамандықтың бәрі жақсы»

farabi shakirti shakirti