«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Менің жанұям

Жанұя – әр адамның өміріндегі ең қымбат әрі ең ыстық мекен. Адам баласы алғаш тәрбиені де, мейірімді де, сүйіспеншілікті де өз жанұясынан алады. Мен үшін жанұя – бақыттың, қуаныштың және қамқорлықтың ордасы. Мен өз жанұямды өте қатты жақсы көремін және оларды әрдайым мақтан тұтамын.

Біздің жанұямыз үлкен болмаса да, өте тату. Отбасымызда әкем, анам, мен және сүйікті мысығымыз бар. Әрқайсымыздың орнымыз ерекше. Біз бір-бірімізді әрдайым қолдап, қиын сәттерде көмектесеміз. Осындай жанұяда өмір сүріп жатқаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Менің анамның аты – Сауле. Анам өте мейірімді, ақылды және еңбекқор жан. Ол әрқашан менің жағдайымды ойлап жүреді. Қай кезде болмасын ақылын айтып, қолдау көрсетеді. Анамның жасаған тамақтары өте дәмді. Үйіміздің берекесі де, жылуы да – анам. Ол біз үшін көп еңбек етеді. Мен анамды өте қатты жақсы көремін және болашақта анам сияқты жақсы адам болғым келеді.

Әкемнің аты – Арипжан. Әкем сабырлы, жауапкершілігі мол және қамқор адам. Ол бізді әрдайым қорғап, дұрыс жол көрсетуге тырысады. Әкем маған өмірде адал, еңбекқор болуды үйретеді. Бос уақытында менімен әңгімелесіп, түрлі қызықты оқиғаларын айтып береді. Мен әкемді мақтан тұтамын.

Біздің үйде тағы бір сүйкімді мысығымыз бар. Ол біздің жанұямыздың бір мүшесі сияқты. Біз онымен ойнаймыз, күтім жасаймыз. Мысығымыз үйімізге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Кейде оның қылықтарына бәріміз күліп аламыз.  Біздің жанұямызда сыйластық пен түсіністік өте маңызды.

Біз мерекелерді бірге өткізіп, бос уақытымызда әңгімелескенді жақсы көреміз. Осындай тату әрі бақытты жанұяда өмір сүріп жатқаным үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Менің ойымша, адам үшін жанұядан артық байлық жоқ. Себебі жанұя – өмірдің тірегі, адамның ең жақын адамдары жиналған қасиетті мекен.

Аяулым СЕРІКБАЕВА,

Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Зият» мектебінің 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы мен  www.farabishakirti.kz

желілік басылым сайтының  Жас  тілшісі

Шығармашылық жетекшім: Гүлім Мырзахмет

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

Ойланбасаң, өміріңді ойрандайды

farabi shakirti shakirti

Отбасы – адамның ең ыстық, мейірім мекені

Түркі жұртын сазымен әлдилеген Әз Наурыз