Қазіргі заманда телефонсыз өмірді елестету өте қиын. Таңертең оянғаннан бастап, кешке ұйықтағанға дейін телефонды қолданамыз. Біреу әлеуметтік желі қарайды, біреу музыка тыңдайды, енді бірі сабақ оқиды немесе достарымен сөйлеседі. Телефон адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Бірақ кейде «Телефонсыз өмір сүру мүмкін бе?» деген сұрақ туындайды.
Бұрын адамдар телефонсыз-ақ өмір сүрді. Олар бір-бірімен бетпе-бет сөйлесіп, уақытын кітап оқуға, табиғатта серуендеуге немесе отбасымен өткізуге тырысатын. Қазір бәрі өзгерді. Көп адам бос уақытын экран алдында өткізеді. Кейбіреулер тіпті бірнеше минут телефонсыз отыра алмайды. Бұл телефонға тәуелділіктің пайда болғанын көрсетеді.
Телефонның пайдалы жақтары өте көп. Ол арқылы біз ақпарат іздейміз, жаңалық көреміз, сабаққа дайындаламыз. Алыстағы адамдармен сөйлесуге де мүмкіндік береді. Әсіресе қазіргі жастар үшін телефон – оқу мен байланыс құралы. Кейде телефон адамның уақытын үнемдейді. Мысалы, онлайн төлем жасауға, карта көруге немесе қажетті мәліметті тез табуға болады.
Бірақ телефонның зияны да аз емес. Ұзақ уақыт экранға қарау көзге зиян келтіреді. Сонымен қатар адам аз қимылдап, денсаулығына көңіл бөлмей кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіге көп уақыт жұмсаған адам шынайы өмірден алыстайды. Кей жастар өз уақытын дұрыс пайдалана алмай, сабаққа да көңіл бөлмей қалады. Кейде адамдар бір дастарханда отырса да, бір-бірімен сөйлеспей, тек телефонға қарап отырады. Бұл қарым-қатынастың әлсіреуіне әсер етеді.
Телефонсыз өмір толықтай мүмкін емес сияқты көрінеді. Себебі қазіргі қоғам технологиямен тығыз байланысты. Мектепте де, жұмыста да телефон қажет болып жатады. Дегенмен телефонға тәуелді болмай өмір сүруге болады. Ол үшін адам өз уақытын дұрыс жоспарлауы керек. Кейде телефонды өшіріп, демалып, жақындармен сөйлескен пайдалы. Табиғатта серуендеу, кітап оқу немесе спортпен айналысу адамның көңіл-күйін жақсартады.
Менің ойымша, телефон — пайдалы құрал. Бірақ оны шектен тыс қолдану дұрыс емес. Егер адам телефонды тек керек кезде пайдаланып, шынайы өмірге де көңіл бөлсе, өмірі қызығырақ әрі пайдалырақ болады. Телефон адамды басқармауы керек, керісінше адам телефонды басқаруы тиіс.
Қорытындылай келе, телефонсыз өмір сүру қазіргі заманда қиын болғанымен, телефонға тәуелді болмай өмір сүру әбден мүмкін. Ең бастысы – тепе-теңдікті сақтау және уақытты дұрыс пайдалану.
ДОСАЛИЕВА Несібелі,
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы «№223 орта мектебінің» 11сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналымен www.farabishakirti.kz
желілік басылымсайтының Жас тілшісі
