Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Әрбір адам баласының бұл өмірдегі ең үлкен бақыты – ауызбіршілігі мен сыйластығы бар отбасы. Ал әр баланың арманы – әке-анасының махаббатпен өмір сүруі болса, әр ата-ана жарық дүниеге келген перзенттерінің бақытты балалық шақ өткеріп, мақсатшыл, шыншыл болып ер жеткенін қалайды емес пе?
Бірақ дәл бүгінгі қазақ қоғамындағы отбасының аяқ алысы, күнделікті орын алып жатқан адам шошырлық қанды оқиғалар жаға ұстатарлық халде.
«Бұрындары да ата-апаларымыз өмірдің бар бейнетіне шыдап, көп баланы өсіріп, жоқшылық заманда қажеттіліктің бәрімен қамтамасыз етіп еді. Әйел теңсіздігі туралы әр айда бір естір жаңалық болушы еді», – дейді әпкем.
Қазір әйел адамның қазасын, көз жасын төккен баланың тағдырын жиі естіп жатырмыз. Бұған не себеп? Кім кінәлі? Тоқшылықтан тайрандаған еркек пе? Жауапкершілік алып, сол әулетке келін болған ана ма? Екі ортада қалған бала тағдырын кім түсінеді? Отбасының ойран болуына не себеп?
Шыны керек, көкейде сұрақ та, өкініш те, уайым да көп. Бұның бір ғана жауабы бар. Отбасында өтірік сөз, тырнақ астынан кір іздеу, ер адамның өз жауапкершілігін жеке-дара түсінбеуі, ақылшы ата-ананың дұрыс ақыл-кеңес бермеуі, кінәні бір тараптан іздеуі себеп болып отыр. Соның арқасында отбасылық жанжал, психологиялық қысым көрген бала, қанды оқиғалар көбейіп жатыр.
Әрине, бұл – біздің болашақ бақытты ұлтымыз үшін үлкен қасірет. Бүгінде «Отбасы тәрбиесіне не жетпей жатыр?» деген сұраққа мен де өзімше жауап іздеп көрдім. Ол – сыйластық, сенім және жауапкершілік жетпей жатқандай.
Егер де болашақта бұдан әрі аналар қара жамылып, перзенттер тағдыр тәлкегіне түспесін десек, қолдан келгенше баршамыз, әсіресе шаңырақ иелері мен үлкендеріміз бір-біріне сыйластықпен әрі асқан сеніммен қарым-қатынас жасауы керек. Артық әңгіменің отбасына сіңіп, іштен ірітуіне жол бермеу керек. Ер де, әйел де өз жауапкершілігі мен міндетін атқарып, баланың бақытын ойлап, ұсақ
кемшіліктерді көзге ілмеуі керек.
Сонда ғана қоғамда берекелі отбасы, бақытты ұрпақ өмір сүреді. Қазақ даналығы «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
«Журналистика» факультетінің студенті
