Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Маңғаз Маңғыстаудың бойында, Қарт Каспидің жағасында қазақ жұрты аза тұтты. Елім деп еміренген жас өрендер оқу-жаттығу кезінде апатты жағдайдың құрбаны болып, көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты сұрақ та, өкініш те көп. Неге қауіпсіздік қадағаланбады? Неге ауа райының қолайсыздығы ескерілмеді? Осыдан 11 жыл бұрын орын алған қайғының шекпенін қайта кидік. Басшылық неге сабақ алмады? – деп қоғам ішкі мұңын жеткізіп, қалың ойдың мұнарына шағылуда.
Бәрі де хақ, айтылған наз да орынды. Ажал алдында, әлбетте, бәріміз дәрменсізбіз. Десе де, қайтқан жауынгерлердің әлі де арманы толық орындалмаған жастар екені жүрекке салмақ салып, ішімізді өртеп барады. Перзентін жоқтаған аналар үшін Каспий жағасы енді қасіретті орынға айналғандай.
Оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан қайғылы оқиға орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Сонымен қатар марқұмдардың отбасыларына жәрдемақы мен көмек көрсетілетін болды. Әрине, ақша азапты азайтпасы анық. Десе де, бұл – өжет ерлерге білдірілген құрмет пен тағзымның белгісі болар.
Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл кеңес шақырып, мән-жайды анықтап жатыр. Екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған екен. Басшылық бұл салғырттыққа себеп болған адамдар жазаланатынын айтып, сөз беріп отыр. Біз де бұған тілекшіміз.
Марқұмдардың жақындарына сабыр, күш-қуат тілейміз. Жандары жәннатта болсын!
Бұдан былай жұртым аза тұтып, елім қара жамылмаса екен, қыршын жастарымыздан айырылып, аналарымыз перзентін жоқтап жыламаса екен деген азаматтық тілегім бар.
Көңіл білдіріп жатқан одақтас республикаларға алғысымыз шексіз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жастарымыз өмірлі болсын!
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
«Журналистика» факультетінің студенті.
