Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Халық арасында «Адам өмірінде екі таңдаудан қателеспеуі тиіс: біріншісі — жар таңдау, екіншісі — мамандық таңдау» деген даналық сөз бар. Егер біріншісі отбасының бақытына әсер етсе, екіншісі адамның бүкіл саналы ғұмырының сапасын, тіпті мемлекеттің экономикалық қуатына әсер еткді. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда осы екінші таңдаудан мүдіріп, соның салдарынан жұмыссыздық пен рухани дағдарысқа ұшырап жатқан жастардың үлесі көп. Бұл жеке адамның емес, ұлттық деңгейдегі жүйелі мәселеге айналды.
Жастардың мамандықты өз қызығушылығымен емес, қоғамның жалған беделіне қызығып немесе ата-ананың қысымымен таңдауы мемлекетіміздің болашағына тікелей қауіп төндіруде. Өз ісін сүймеген жанның сапалы маман болуы екіталай. Бүгінгі таңда басты мақсат-мамандықтың болашағы немесе жасөспірімнің қабілеті емес, «әйтеуір бір грантқа іліну» немесе «сандықтың түбінде жататын диплом алу» болып қалды.
Дәл осы қате түсінік еліміздің жастарында жиі кездеседі. «Қазақстанның еңбек нарығы: ұлттық баяндамасының”» дерегінше, мамандық таңдауда әр төртінші түлекке ата-анасы тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, жастардың үштен бірінен астамы (30%-дан астамы) болашақ кәсібін өз еркімен таңдамайды. Мұның соңы дипломы бар жұмыссыздар армиясын құрауда. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеуінше, тіпті ауыл шаруашылығы саласы түлектерінің тек 19,4 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады, ал қалған 80 пайыздан астамы қолдарына диплом тиісімен басқа салаларға кетіп қалады.
Бәрінен бұрын, адам өміріндегі ең алтын уақыттың зая кетуі қынжылтады. Университетте немесе колледжде 4 жылдан астам уақытын жоғалтып, бірақ еңбек нарығына келгенде алған білімінің ескіріп қалғанын көру — қазіргі жастардың ішкі зары. Қоғамда мамандығын сүйіп таңдай тұра, жұмыс таба алмай, тауы шағылып жүрген жандардың саны есепсіз.
Жақында жоғары білімді үздік бітірген бір жас маманның айтқан мына сөзі әрбір екіден бір түлектің жан айқайы десек қателеспейміз:
«Мен 4 жыл бойы ата-анамның үмітін арқалап, түн баласы кітап оқып, қызыл диплом алдым. Бірақ жұмыс іздеп барған жерімнің бәрінде есікті тарс жауып, «Тәжірибең жоқ» деді. Маған тәжірибе жинауға мүмкіндік бермесе, мен оны қайдан аламын? Бүгін менің дипломым сандықта жатыр, ал өзім күн көру үшін маркетплейсте тауар тасушы болып жүрмін. Бұл менің ғана емес, менің қатарластарымның ортақ қасіреті».
Жастық шақ — адамның ең жалындаған, еліне, жеріне пайда әкелгісі келетін кезеңі. Дәл осы шақта еңбек нарығынан орын таба алмай, қоғамнан қолдау көрмеген жастың бойында «жалындаған патриотизм» өшіп, орнына немқұрайлылық пен түңілу (апатия) келеді. Бұл – ұлт болашағына жасалған үлкен соққы.
Мәселенің тағы бір терең моральдық қыры бар. Қазақ отбасыларында ата-ана баласының оқуы, білімі үшін бар тапқанын салады, тіпті қажет болса несие алады. Бала диплом алған соң, ата-анасына көмектесіп, олардың үмітін ақтағысы келеді. Бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, ол үлкен моральдық кінәлау сезіміне (саналы түрде өзін кінәлау) тап болады. Ата-анасының алдындағы ұят пен намыс оны кез келген жұмысқа (тіпті ауыр қара жұмысқа) баруға мәжбүр етеді. Нәтижесінде, жоғары интеллектуалды қабілеті бар жастар күнкөрістің қамымен қара еңбекке жегіліп, елдің адами капиталы құрдымға кетеді.
Сөз соңында…
Сандықтың түбінде қалған әрбір диплом — жай ғана қағаз емес. Ол -үлкен үмітпен оқуға түскен
жастың ұрланған арманы, ата-ананың маңдай терімен келген үміті. Бұл тығырықтан шығу үшін еңбек нарығы мен білім беру жүйесін қайта құрып, жастарға алғашқы қадамда қолдау көрсететін шынайы мемлекеттік бағдарламалар ауадай қажет. Әйтпесе, «сандық ішіндегі дипломдар» көбейемесе азя түспес,
АЛИШЕР Арайлым,
«Тұран» университетінің І-курс студенті.
Алматы
