Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Бір қарағанда, 11 жыл өте ұзақ уақыт сияқты көрінеді. Бірақ мектепті бітіруге санаулы күндер қалғанда, осы жылдардың қалай зулап өткенін байқамай қаласың. Кеше ғана мектеп табалдырығын кішкентай бала болып аттаған едік, бүгін қолымызға аттестат алып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз.
11-сынып әркім үшін ерекше жыл болды. Бұл жылы тек сабақ оқып қана қойған жоқпыз. ҰБТ-ға дайындалдық, қобалжыдық, шаршадық, кейде бәрінен бас тартқымыз келген сәттер де болды. Бірақ бәрібір мақсатымыздан таймауға тырыстық. Әр тесттен кейін өзімізді салыстырып, қателіктерімізді түзетіп, жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімізді салдық.
ҰБТ жақындаған сайын уайым да көбейді. Кейде бір ғана балл үшін түнге дейін дайындалған күндеріміз есімізде. Бірақ дәл сол қиындықтар бізді шыдамды болуға үйретті. Қазір артқа қарап, сол еңбектің бекер болмағанын түсінеміз.
Ең қимасы – сыныптастармен қоштасу. Он бір жыл бойы бір партада отырып, бір-бірімізге үйреніп қалдық. Бірге күлдік, бірге ренжідік, түрлі іс-шараларға қатыстық. Кейде ұрысып қалсақ та, ертеңіне қайтадан сөйлесіп кететінбіз. Осындай қарапайым сәттердің өзі енді естелік болып қалады деп кім ойлаған?
Бізді енді әртүрлі жол күтіп тұр. Біріміз Астанаға, біріміз Алматыға, енді біріміз басқа қалаларға немесе шетелге оқуға кетеміз. Бұрын күнде көретін достарымызбен енді сирек кездесетін шығармыз. Соған қарамастан, мектепте құрылған достықтың үзілмейтініне сенемін. Себебі нағыз достық қашықтыққа қарамайды.
Мектеп бізге тек білім ғана емес, өмірлік сабақ та берді. Қиындыққа мойымауды, жауапкершілікті сезінуді, адамдарды сыйлауды үйретті. Осы қабырғадан алған тәрбиеміз алдағы өмірімізде міндетті түрде қажет болады.
Мен үшін 11-сынып – ең есте қалатын кезеңдердің бірі. Әрине, мектеппен қоштасу оңай емес. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Алдымызда жаңа мақсаттар, жаңа адамдар, жаңа армандар күтіп тұр. Ең бастысы – мектепте өткен әдемі сәттерді ұмытпай, әрқайсымыз өз арманымызға жетсек екен.
Сыңғырлаған соңғы қоңырау – бір дәуірдің аяқталуы емес, жаңа өмірдің басталғанының белгісі.
Павлодар облысы, Ақсу қаласы,
«Үштерек ауылы орта мектебінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі

