Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты

                                МАҒЖАН СЕНІМІ АҚТАЛДЫ!

Бүгінде еліміздің көп өңірінде Qyr balasy филиалдары, төрт жүзге тарта мүшесі бар. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, жалпы Алаш идеясымен еңбек еткен, кезінде қуғын-сүргінге ұшыратылғандықтан ұмыттырылған, есімдері көпке беймәлім қайраткерлердің өмір жолдарын жаңғырту, ұмыт қалған еңбектерін іздеп тауып, жарыққа шығару жолында олар бұрынғы империя қалаларын аралап, алуан архивтерді сүзіп келеді. Оқырманға әлден-ақ «Алаш кітапханасы» сериясымен бір топ Алаш азаматының  шығармалар жинағы мен олар жайындағы зерттеу кітаптарын ұсынды. Алаш қозғалысы мен қозғалыс қайраткерлері жөнінде жұртты сүйсінтіп дәріс оқу,түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу олардың іс-дағдысына айналған.

Бұдан бір ғасыр ілгеріде ұлы Мағжан: «Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн! Қажу бар ма тұлпарға, Талу бар ма сұңқарға, Иман күштi оларда, Мен жастарға сенемiн!… Алаш атын аспанға Шығарар олар бiр таңда, Мен жастарға сенемiн!» деп білдірген сенім ақталды! Отты, жалынды, иманды Qyr balasy Алаш атын аспанға шығаруға батыл бет алды. Осы бетіңнен тайма, Алаш қозғалысы біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздегі тарихи орнын алғанша, қозғалыс шыңына айналған  күн – Алаш автономиясы құрылып, үкіметі сайланған 1917 жылғы 12 (25) желтоқсан – жаңа сападағы елдігіміздің басы ретінде танылғанша тоқмейілсіме, алға тарта бер, ақын үміт артқан алашшыл жас қазақ!  Алашшыл жас зерттеушілер ұйымының алғашқы мерейтойы құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін, жамағат! Іргелі де өміршең істеріңмен қалың қазағымның мақтанышына айнал, Qyr balasy!

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

алаштанушы, филология

ғылымдарының докторы, профессор

Осы жасымда, әсіресе соңғы 4-5 жылдың мұғдарында мені өз істерімен, ішкі ойлауымен, сыртқы күш-қуатымен, жарасымды бірлігімен сүйсіндіріп келе жатқан ұйым – Qyr balasy қоғамдық қоры. Бұл топтың басында жүрген тегеурінді жігіттер – Заңғар, Елдос пен Ұшқын, Еркіндер – түгел менің төл шәкірттерім. Олар Отанның қауіпсіздігі, ұлттың тұтастығы мен рухани жетілуі жолындағы жұмыстарда, соның ішінде Алаш кезеңін зерттей, насихаттай отырып бүгінгі қоғамдағы ролі мен маңызын, мұратын танытуда жарқырай көрініп келеді.

Менің ақсақалдық батам: алған беттеріңнен таймаңдар. Жолдарың ақ, істерің оң, жүрістерің батыл, сөздерің дұрыс, ниеттерің ашық. Аруақ бар, Алла қолдасын!

Бүгінгі «қыр баласының» әрқайсысы ертеңгі дәуірдің «қыр данасы» атанатынына сенімім кәміл.

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, міржақыптанушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

                                ӘЛИХАН БАБА АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Сіздердің құрған Qyr balasy қоғамдық қоры туралы ойлағанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Қыр баласы деген бүркеншек есімі еріксіз еске түседі. Осындай есіммен қазақ халқын болашақ жарқын өмірге, дербес мемлекеттілікке үндеп қаншама маңызы зор мақалалар жарияланды десеңізші. Ол: «…тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деп, туған халқына ақтық демі біткенше қалтқысыз қызмет етті. Сол ұлттық өркениеттің жас өскінді мұраттарын аманаттап алғандай Qyr balasy қорының жұмыс істей бастағанына да 5 жыл толыпты.

Бұл кезең аталмыш қордың қалыптасу кезеңі болғанымен де, тез қанаттанып, тәжірибе жинақтап, көл-көсір жұмыстар атқарып үлгерген екен. «Алаш кітапханасы» сериясымен біраз танымдық кітаптардың шығуына мұрындық болды. Бұрын өмірі мен еңбектері атүсті аталып жүрген, тіпті кейбірінің беймәлім қырлары мен тұстары тасада қалған Алаш ардақтылары – Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы, Біләл Малдыбайұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Сүлейұлы, Сейдәзім Қадырбай тектес тұлғалар, т.б. тәуелсіздік үшін күрсекен алыптар туралы тағдыршешті кесек-кесек туындылар еліміз кітапханаларына тегін таратылды. Бұл сериямен әлі де кітаптар шығару жалғасып жатыр.

Qyr balasy қорының бастамасымен бірнеше Алаш арысына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Және де олар жаңаша сипатта орындалуымен ғылыми ортада, қалың бұқара арасында сәтті бағасын алуымен дараланды.

Алаш арыстарын насихаттауда және оларға қатысты ақтаңдақтардың орнын бүтіндеп, толықтыруда бұған дейінгі салғырттық, енжарлық бұлтын кейін серіпкен жас ғалымдар мен жалықпай ізденушілердің ісіне сүйсінбеске  әсте болмайды. Бұл ретте әрі ғалым, әрі жазушы Елдос Тоқтарбайдың төңірегіне топтасқан Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахман секілді білімді де талантты жас ғалым-қаламгерлерден күтеріміз көп. Олардың ұйытқы болуымен арнайы жасақталған зерттеушілер тобы елімізді былай қойып, шетел архивтеріне бас сұғып, өте сирек те мазмұнды деректерге қол жеткізіп келеді. Демек Qyr balasy қоғамдық қорының қолында тарих қызығарлық зерттеулер молынан топтыстырылуда. Яғни зерделі зерттеулердің нәтижесімен сусындайтын күндер де алыс емес секілді. Осы жағынан көп дәмеліміз.

Бір айта кетерлігі, Qyr balasy шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатудың түрлі жолдарын қарастырып, миллиондаған данамен шығатын журналдар арқылы Алаш арыстарын дүйім елге, жалпақ жаһанға таныстырудың төте жолдарын тауып алғанына да разылығымызды білдіреміз.

Qyr balasy! Бес жылдық мерейлі де шаттық, ғылыми ізденісті кезеңімен құттықтай отырып, Әлихан Бөкейхан бабамыздың, басқа да Алаш арыстарының жалынды күресіндей жарқын да тәуелсіз тағдырлы жылдар тілейміз өзіңе! Осы мерейлі сәтте  Қыр баласы – Әлихан бабаның мына сөздері есімізге жаңғырып тұра қалатыны несі екен: «Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һеш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды… Бірақ (оларды) қозғау керек».

Міне, Qyr balasy міндеттерінің бір саласы осы тұрғыдан өрбісе керек! Осындай ұлы мұраттарға білім мен жігерді тастүйін етіп жұмсасаңыздар екен.

Ұшқын СӘЙДІРАХМАН,

Qyr balasy қорының негізін салушылардың бірі,

Ә. Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры

2017 жыл. Алаш автономиясының 100 жылдығына орай Астанада конференция өткен. Желтоқсан айындағы сол жиыннан кейін Алаш мұрасына ынтық азаматтар бас қосып, қандай да бір әрекет істеу байламына бекідік. Бұл ойға Әлихан Бөкейханның «Ұлт жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген кесімді сөзі дем беріп еді. Ал Алаш арыстарының жинақталмаған жазбасы, құнтталмаған көсемсөзі бас біріктіруге себепші болған. Ұлт көсемінің қаламатын ұран қып көтерген Qyr balasy осылай өмірге келді. Аз шоғырдың ыстық ықыласымен қайнап, жастық жігерімен суарылған қорға биыл, міне, бес жыл толып отыр.

Бес жыл әрекетке аз уақыт емес. Алайда Алаштың асыл мұраларын түгендеу жолында шаруа әлі шаш-етектен. Бұл бес жылда қалыптасу, орнығу өткелінен өткендейміз. Қатарымыз көбейіп, қосынымыз молықты. Өкшемізді басып, іні-қарындастарымыз қаулап келе жатыр. Сүйінішіміз осы.

Қор аясында бастаған ісіміз уақыт өте келе ізге түсіп, ғылыми арнасы артқандықтан Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының құрылуына жол ашты. Бұл уақыт өзі қажетсінген шешім еді. Осы институт ғалымдарының мақұлдауымен 4 серия бойынша кітаптар тұрақты жарық көріп келеді. Бес жылдық белесте мұрасы көмескі, есімі елеусіз келген Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Сүлейұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, Қапез Байғабылұлы, Байбатыр Ержанұлы, Молдағали Бектұрлыұлы, Нұғман Манай қатарлы арыстар мұрасы түгенделді. Ресей, Түркия, Өзбекстан экспедицияларынан белгісіз деректер, беймағлұм кітаптар табылды. Балалар мен жасөспірімдерге арнап Алаш тақырыбында кітапшалар жазылды. Ескерткіш тақта ашылып, конференциялар мен ғылыми жиындар өтті. Үкіметтен еншілі қаржысы жоқ, өз күшіне таянып өрге басып келе жатқан Qyr balasy-ның бір үзік шаруасы осылар еді.

Ендігі бес жылдық белестен де күтеріміз аз емес. Алаш баспасөзін адақтап, төл оқулықтарды түгендесек, тағы да 20-30 қайраткерін еңбегін айналымға енгізсек дейміз.

Тәңірі сол тілеуімізге жеткізгей.

                                           «Ұлтты сүю  формуласы» атты кездесу кешінен естелік.   24.05.2023

 

Гүлбаршын ҒАБИТҚЫЗЫ ЗАЙЫРТЕГІ,

Мұстафа Шоқай ұрпағы, тележурналист,

 тектанушы, мұстафатану

Әлеуметтік желідегі Елдостың парақшасын әуелгі кезде бақылап, оқып, іштей, жас та болса бас болып жүрген ініме риза болып, оң жол тілеп, дұғада жүрдім. Кейін шынайы өмірде кездесіп, танысып, шүйіркелесіп, дидарласудың да орайы келді. Отызында орда бұзып үлгерген Елдос інімнің елі үшін еңіреп, етектері көл, жігерлері құм болған, қызыл жүйенің құрбандары, Алаш ардақтыларын ақтау жолындағы орасан еңбегін, сөзбен ғана емес, ақтаңдақтарды зерттеп, қыруар кітап шығарып, іспен дәлелдеп келе жатқан еңбек жолы сүйсіндіре бастады. Кейін Qyr balasy қорын ашып, өзі сияқты өрімдей жастарды әріптестерімен бірге баулып, тәрбиелеп, қаншама іс-шара өткізгендерінің куәсі болдым.

Жылтыраған, жасанды дүниелер мен құрғақ, жеңіл әңгімеден шаршаған қарапайым ҚАЗАҚ үшін – Qyr balasy және мыңдаған ЕЛДОСТАР ауадай қажет! Алаш арыстары жөнінде тегін өткізген талай шараларда бұған талай көзім жеткен.

Мен Тұтас Түркістанды ту етіп, елінің азаттығын аңсаған Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың тікелей туысы болғандықтан, ұрпағы ретінде, Ұлы Бабамның жүріп өткен жолына туыстық қызығушылық арқылы келдім десем өтірік емес… Ақтаңдақтың ұрпағы болғандықтан, сұрағым көп, жауабым аз болды… сосын, өзім үшін де, келешек ұрпақтарым үшін де зерттей бастадым, аманатын қолымнан келгенше орындап, перзенттік парызымды өтеуге саналы түрде кірістім…

Оны айтып отырған себебім, мен тек өз Атамды ғана зерттеп, дәріптеп жүрсем, Елдос, Ұшқын, Еркін, Алтынбек, Ертай және т.б ерікті жастар, «менің атам, сенің бабаң» деп бөлмей, есімдері елеусіз қалған, аттары тарихтан әдейі, қасақана өшірілген Алаштың Арыстарын түгел зерделеп, белгілі, белгісіз жағдаймен іздеусіз, ұрпақсыз қалғандарының сүйектерін тауып, рухтарына құран бағыштап, жатқан жерлерін анықтап, бастарына көк тас қойып, құрметтеп, олардың жазықсыз атылғандарын дәлелдеп, еңбектері жайында үкіметке қол жаймай, өз қалталарынан, арасында Алаш десе ішкен асын жерге қоятын жанашырлардың арқасында бірталай  кітаптар жазып, жастарға дәріптеп, насихаттап жүргендерін көріп қайран қалдым әрі әпкелік жүрегіммен шын тілелеске айналдым.

Мұстафа Шоқай еңбектерін зерттеушілердің арасында қазақ қыздарының ішінен алғаш болып кіріскен Бақыт Садықова апамыз Париждегі архивтерге дейін барып, түпнұсқадан Мұстафаның эммиграциялық өмірі жайлы сыр шертіп, Мәриям анамыздың аманатын көзінің қарашығындай сақтаған кісі. Бақыт апамыз Алматы қаласында бір бөлмелі аядай бөлмеде жалғыз өзі тұрады. Жан дегенде жалғыз перзенті өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, шет елде тұрады, келіп, қарайласып, хабарласып тұрады. Жасаған еңбегі мен сарп еткен уақыты бағаланбай, Үкіметтен де, қоғамнан да ешқандай қолдау мен көмек ала алмаған кейуана қазір жазылмайиын дертке шалдыққан… Ұлы Бабамның еңбектерін зерттеуге жұмсаған күш-қуаты мен адалдығынан аттап кете алмай, шамам келгенше жалғыз өзім үйіне барып, жинастырып, тамағын беріп, серуендетіп жүргенімде, осы Qyr balasy қорының мүшелері, өрімдей жас болса да ақыл тоқтатып үлгерген жастары Жансая мен Жақсылық көмекке келіп, серік болып, қатарымыз көбейді. Алланың қалауымен, Елдостың қолдауымен қордағы тәрбие алып жатқан жастарға болашақтарының жарқын, қадамдарының оң болуын тілеймін!

Қазақтың келешек зиялы қауымын қалыптастыруға үлесін қосып жүрген от тілді, орақ сөзді, ұлтын сүйетін үлкен жүректі, Атасының ғана емес, Елінің ұлы бола білген білікті інім Елдосқа амандық пен әрбір жобасына береке тілеймін! Мың жаса Qyr balasy!

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚҰТТЫҚТАУ

Алаш мұрасын насихатау мақсатында құрылған Qyr balasy қоғамдық қоры атқарып жатқан келелі істер көңіл марқайтады. Бес жыл мұғдарында ауқымды жұмыстар қолға алынып, Qyr balasy баспасы мен Әлихан Бөкейхан – Алаш ғылыми-зерттеу институты жүйелі жұмыс атқарып келеді. Заман талабына сай академиялық курстар ұйымдастырылып, талапты да дарынды жастардың алаштанымдағы ізденістеріне кең өріс ашылуда. Аталған қор мүшелерінің саны да жыл сайын еселену үстінде.

Qyr balasy қоғамдық қоры  Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрген еңбектер сүйсіндіреді. Атап айтқанда, Мұстақым Малдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Малдыбайұлы, Біләл Сүлейұлы, Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы сынды айтулы тұлғалардың мәлім де беймәлім шығармалары қалың оқырмандарға жол тартты. Мұның бәрі Алаш ардақтыларының бойындағы асыл қасиеттерді бойына сіңіріп жүрген жігерлі де жалынды жастардың қажырлы еңбек, тынымсыз ізденіс үстіндегі маңызды қадамдарын көрсетеді.

«Алаш жолы – әділет пен парасат жолы. Алашты тану, зерттеу – ғибратты іс, сауапты қызмет» деген ұстанымдағы Qyr balasy қоғамдық қорының алда атқарылатын жұмыстарына табыс тілейміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі,

«Қазақ газеттері» бас директоры

                                                                   АЛАШ АРМАНЫ МЕН АҢСАРЫ 

Бірің – алаштану ғылымы шебіндесің, екіншің – ағарту (білім, мәдениет) бағытындасың, үшіншің – сала жанкүйерісің. Бәрі жарасымды. Барша бастамаларың жақсы ниеттен туған. Эмоция мен харизма да азаттықтың қайнауынан шыққан.

Сендерді көріп, жастық шағымыз еске түседі. Дегенмен қазіргі әлемтапырық заман мен шындықтың әсері де байқалады.

Біз – тілеуқормыз, тілекшіміз. Әрине, ғылым жолының асыл идеалы – зерттеу нысанына адалдық. Ол сендерде бар. Осыған қатты қуанамыз. Бүгін, базар бағамы мен күйбең тіршілік алға шыққан кезеңде, ғылымға ықыласты жасты табу оңай емес. Ақиқатын айтқанда, сендердің жүргендеріңе қуанамыз.

Екінші, ғылым орайында негізді талап бар. Ол – байыптылық, салмақтылық, қағидатшылдық. Бұл біріңде толысып келеді, біріңде аздау. Алайда ол – өмір сынынан, сындарлы тәжірибеден өтіп қалыптасатын қасиет. Бұл биікті де бағындыратындарыңа сенеміз.

Соңғы 4-5 жылда қадау-қадау жинақ шығардыңдар. Елеулі жиын, басқосу өткіздіңдер. Ғылыми-танымдық іссапарға шықтыңдар. Бұл да азаматтық қажыр-қайрат пен елдік ізденіс. Осы бағдардағы жұмыстарың жалғасын тапсын.

Рас, бес жыл – бір белес. Алда талай ірі де іргелі жобалар күтіп тұр. Qyrbalasy деген атауларың да ұнасымды. Даланың да, қаланың да елшіл жастарын үйлестіруге жұмылған қадамдарың жемісті болғай.

Алаш арманы мен аңсары орындала берсін.

Зиялылықтың, біліктіліктің, сауаттылықтың абыройын асқақтата түсіңдер.

Сендер Алаштың ақ жолындасыңдар. Бұл – зормәртебе әрі сенім.

Қатарларың көбейсін, шептерің әлеуеттенсін!

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА-ЕРДЖИЛАСУН,

тарих ғылымдарының докторы,

Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры

Qyr Balasy қоғамдық қорының Ұлт көсемінің бүркеншік атын жаңғыртқан атының өзі көп жайды аңғартады.

Қор құрылған күннен бері көп қырлы сипатымен, көп салада қызмет  жасаған еңбектерімен ерекшеленеді. Бір институттың, тіпті бір академияның ісін атқарып жатыр десе болады. Бұлардың арасыңда, атаусыз қалған есіл ерлердің өмір жолын, қызметін кітап етіп дайындап, жариялау, ғылыми конференциялар ұйымдастыру, төте жазу курстарын жүргізу, жас ізденімпаздарға шет тілдерін үйрету, халықты Алаш тақырыбымен таныстыру, зерттеуші шәкірт тәрбиелеу, оларды Алаш мұрасын зерттеу мақсатында Алаш арыстары жүрген ізбен архив, кітапхана жұмыстарына машықтандыру сынды үлкен еңбектерді атап айтса болады.

2022 жылғы 11 қарашада өткізілген халықаралық конференцияның өзі Алаш зерттеушілерінің бір қауым ел болғанын, алаштанудың ғылымда сала болып қалыптасқанын анық көрсете алды.

Қор қабырғасы жанынан құрылған Әлихан Бөкейхан ғылыми-зерттеу институтының жас зерттеушілері Алаштың жоғын жоқтап, кетігін түгендеуде.

Qyr Balasy қорына көңілін, жүрегін берген жастарға жортқанда жолдарың болсын, бұдан кейін де Алаш рухы алдарыңда шамшырақ болып жол көрсете берсін деген тілектерімді жеткіземін!

Ертай БІЛӘЛ,

 Qyr balasy атқарушы директоры,

 Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері

                        «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА…»

Бүгінгі таңдағы алаштану ғылымы ұлт мүддесі, ел егемендігі жолында қаза тапқан, қудаланған алаш қайраткерлерінің есім сойын жаңғыртып, қайраткерлік, ағартушылық еңбектерін алаш туы астында насихаттап келеді. Бұған ширек ғасырда жарияланған, жазылған қаншама нәтижелі еңбектер дәлел. Демек, аталмыш процесс – ұлттың ұлт болуының, модернизациялануының соны белгісі болса, қазіргі заман жастарының алаш қайраткерлеріндей болуға тырысуы –ұлттық рухтың жаңғыруы деп білеміз. Бұның бір айқын дәлелі – құрылғанына осы жылы 5 жыл толатын алаш бағытындағы Qyr balasy қоғамдық қоры!

Иә, алаш бағытындағы Qyr balasy ҚҚ – ұлт тарихындағы шоқтығы биік алаш кезеңіндегі есімі анықталмаған, еңбектері насихатталмаған қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлерінің шырағын жақты. Архив пен сирек қордың шаңында жұтылып, тарихы ұмытуға айналған шығармаларын жинақ етіп, құрастырып, халыққа тарту  етті. Алыс-жақын шетелдерге ғылыми экспедициялар жасады. «Тама берсе, тамшы да тас жарады» дегендей, аз ғана уақыт аралығында қор игілікті істердің айналасында жүрді.  Дегенмен де, менің ойымша, Qyr balasy ғылым, білім қорының ең басты жетістігі –қатарына ұлтшыл, саналы, білімді, талапты жастардың басын бір ортаға біріктіруінде. Өйткені жастар – ұлттың даму көзі, шырағы, болашағы. Жастар білімді, инабатты, тәрбиелі, алашшыл болса, ұлт мерейінің тасығаны, ырысының асқаны.

Қазіргі уақытта қорда 300-ге жуық білімді жас бар. Ол жастар қордың мүшесі болып, алғашқы кітаптарын шығарып, ғылым жолына түсті. Ол жастар қордың институты – Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ-дың ұйымдастыруымен өтетін академиялық курстарға қатысып, ескі жазуды меңгерді, архив, сирек қорлармен жұмыс істеу дағдысын үйренді. Ол жастар әр алуан саланың болашақ мамандары болғанымен де, мақсат, міндеттері ортақ болып, алаш туы астында айрандай ұйып, жұдырықтай жұмылды.

Ал менің Qyr balasy ҚҚ қосылғаныма бір жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қордағы тәлімгер, ағаларым, алаштанушы ғалымдар: Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахман, Еркін Рахметтулин, Әлібек Байбол, Абай Мырзағали сынды тұлғалардан алаштану ғылымының қыр-сырларын үйрендім. Ал бұл қорға мені қосқан, алғаш рет бағытымды айқындаған жан, ұстазым –алаштанушы, жазушы Елдос Нүсіпұлы Тоқтарбай еді. Осы сәтті пайдалана отырып Елдос Нүсіпұлына алғысымды білдіргім келеді. Ал қазіргі уақытта мен осы қордың арқасында экспедицияларға қатысып, өзімнің алғашқы тұлғаларымның бірі –мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, аудармашы, тілші, драматург Нұғыман Сәрсенұлы Манай мен алаш қайраткері, педагог, сазгер, тілші Қапез Байғабылұлы туралы зерттеулерді жүргізіп, ескі жазуды меңгердім. Осы қордың арқасында қаншама дос таптым, бауыр таптым. Орта қалыптастырдым. Сондықтан да  Qyr balasy– үлкен «мектеп» болса, мен де сол «мектептің» оқушысымын. Өйткені бұл қор шынымен де – өмір мектебі, ғылым мектебі.  Егер де Qyr balasy ҚҚ – дара жол болатын болса, біз, жастар, сол жолдағы жолаушымыз! Егер де Qyr balasy ҚҚ – кешегі алаштың ізі болса, біз де сол алаш қайраткерлеріндей болуға тырысамыз!

Сөз соңында Qyr balasy ҚҚ ұжымын 5 жылдық мерейтоймен құттықтаймын! Қордың жолы ашық, болашағы жарқын болсын! «Керуенін тапқан жолаушыдай» шат-шадыман күндері көп болғай! Тәңірім жарылқасын! Алаш туы астында қанатын кең жайып, еркін қалықтасын!

Қ – азақтың қанына біткен, рухына ұя салған, киелі ұғым – Алаш!

Ы – нтымақты жұрттың ырысын арттырып, ұран болған – Алаш!

Р – ауандап атқан таңдағы мөлдір шықтай таза идея –Алаш!

Б – ілімге ұмтылған, бірлігі бекем алаш ортасы – Қыр баласы!

А – лаш мұрасын зерттеп, тұлғаларын танытқан орта – Қыр баласы!

Л – ағылдай жарқылдаған, жарқыраған көшбасшы орта – Қыр баласы!

А – рманы асқақ, жұлдызы жарық, жастар ортасы – Қыр баласы!

С – ыйласқан, бауырласқан, достасқан, жанашыр орта – Қыр баласы!

Ы – нтымақты ту етіп, алаш туы астында күн болған – Қыр баласы!

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, көптеген халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Алаш суретшісі Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» атты иллюстрациялық суреттер көрмесі

Басты сурет: «Міржақып. Оян қазақ» фильмінің соңғы жабық көрсетілімінде. Алматы бөлімі және кәсіпкер Сырымбек Тау, актер Байғали Есенәлиев.

 

 

 

 

 

 

 

 

Нархоз университетінде кітап көрмесі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *