Алматы қаласы, Әуезов ауданы мектептерінің жас мамандарына арналған семинар-тренинг  «№133 мектеп — гияназиясында» өтті.

Семинар алдында, ұзақ жылдарын балаға білім беру мен тәрбиелеуге арнап келе жатқан тәжірибесі мол, өнегелі ұстаз, мектеп директоры ОРАЗБЕКОВА Сабыргүл Түлкібайқызымен тренингтің пайдасы қандай? Жас ұстазға берер тәлімі, семинардың маңызы жайында әңгімелестік.

—Мектебімізге жоғары оқу орындарын соңғы үш жылда бітіріп келген 23 жас ұстаздық етуде. Әр пән бойынша жастардың тәлімгері бар. Семинар -тренинг тәжірибе алаңы. Мұнда мектебімізге келіп, бала оқытқан жас ұстаздардың жеткен жетістігі, қалай жеткені, ізденісі туралы әңгімеленеді. Аудан мектептерінен келген жас ұстаздар пікірлеседі, өздерінің тәжірибесімен алмасады. Әр пән мұғалімі бала оқыту мен тәрбиелеудегі жаңа технологиялар әдістерін қолдану жолдарын слайд, бейнероликтер арқылы көрсетеді,- деп жас ұстаздардың жетістігіне, семинардың мақсат, міндетіне тоқталды.

Семинар-тренинг ашылған соң, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бапиева Ельмира Бердибайқызы мектеп — гимназия ұстаздарының жетістіктері туралы айтып өтті. Айталық, 2019-2020 оқу жылында «Ұстаз ұлы есім» тақырыбымен өткізілген жас мамандар сайысының Бас жүлде иегері, ағылшын тілі пәні мұғалімі Жумабекова Нурсулу Сейтазимқызы. Ол — «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» Республикалық сайысының аудандық кезеңінде Әуезов ауданы жас мамандарының арасында Бас жүлдеге ие болып, Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылдың сәуір айында өткен «Өз жұлдызыңды жақ» қалалық жас ұстаздар байқауының қалалық қезеңінде І -орын иегері атанып, Алматы қаласы білім басқармасының арнайы дипломымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Білім беру ісінің үздігі – Миразова Аягүл Төреқызы  бағалы сыйлық — ноутбук табыстады. «Өз жұлдызыңды жақ» жас ұстаздар конкурсының Республикалық кезеңінде жүлделі орынға ие болып, Түркия мемлекетінде өткен мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу Халықаралық форумына қатысты.

2015-2016 оқу жылында «Жарқын болашақтың жастары» атты тақырыбында өткізілген сайыстың І — орын иегері атанған бастауыш сынып мұғалімі Чукеева Мақпал Қайыргалиқызы «Алматы жыл мұғалімі — 2020» байқауының аудандық кезеңінде Бас жүлде иеленді. Қалалық «Алматы жыл мұғалімі — 2020» конкурсының Бас жүлдесін жеңіп алып, Алматы қаласы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды және
қала Әкімі Б.Ә.Сағынтаевтың қолынан 2 бөлмелі пәтер кілтін алды.

Чукеева Макпал Кайыргалиқызы наурыз мерекесіне арналған»Жаңа жыл — жаңа ел — жаңа Қазақстан!» атты мерекелік шарада Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлымен кездесуде болды. «Үздік авторлық бағдарлама» қалалық байқауына  қатысып, 2 орынға ие болды. Ұстаздар мерекесінде 1- Евразия телеарнасының тікелей эфирінде Макпал Кайыргалиқызы арнайы сұхбат берді. Қашықтықтан оқыту – заман талабы. Төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту форматы еніп, ұстаздарымыздың түрлі платформаларда сабақ беруге бейімделуіне тура келді. Бастауыш сынып мұғалімі М.Қ.Чукееваның «Daryn.onlineплатформасында 3 — сыныптың әдебиеттік оқу пәнінен 83 сабағы және Бекжанова Алтынай Тажибайқызының 2 — сынып қазақ тілі пәнінен сабақтары қазіргі таңда Республикалық теледидар арқылы көрсетілуде.

Ал, 2018-2019 оқу жылындағы «Ұстаздық еткен жалықпас…» жас мамандар сайысының І — орын жүлдегері болған бастауыш сынып мұғалімі Арипова Жазира Дауитбайқызының «Balapan» телеарнасында 3 -сыныптардың жаратылыстану пәнінен дайындаған сабақтары көрсетілімде. Жазира Дауитбайқызы Алматы қаласы білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми — әдістемелік орталығы «Абыройлы ұстаз» байқауына қатысып, ІІ-орын жүлдегері атанды. «Алматы ұстазы» байқауына қатысып, ІІ-дәрежелелі дипломмен марпатталды.

Кешегі жас маман — бүгінгі шығармашыл ұстаз бастауыш сынып мұғалімі Турегалиева Шынар Серікқызы «Balapan» телеарнасында 2 — сынып математика пәнінен сабақтары эфирде көрсетілуде. «Педагогикалық технологиялар панорамасы» аудандық байқауына қатысып, Өтеген Жанат Сарсембайқызы бас жүлдеге ие болса,  Шынар Серікқызы 3 — орынға ие болды. 2022 жылы «Педагогикалық технологиялар панорамасы» қалалық байқауына қатысқан  Жанат Сарсембайқызы 1 — орынға ие болды. 2018-2019 оқу жылында «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырыбымен өткізілген жас мамандар сайысының І орын иегері Түктібаева Мәншүк Ерсінқызы «Ұстаздар күніне» орай, ел тәуелсіздігімен құрдас ұстаздар арасында ұйымдастырылған аудандық «Тәуелсіз елдің тәлімді ұстазы» атты байқауда І — орынға ие болғаны үшін марпатталды. Алматы қаласы білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми — әдістемелік орталығы «Менің үздік
сабағым» конкурсына қатысып І — орын иегері атанды. Және «Алматы ұстазы» байқауына қатысып, алғыс хатпен марпатталды.
Мектеп ұстаздарының «Жеңімпаздар шеруін» 2018-2019 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімі Жумабаева Ботакоз Бердигулқызы жалғастырды. Алматы қалалық Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз
мәртебесі — ұлт мерейі» атты байқаудың аудандық кезеңінде Бас жүлде иеленді. Байқаудың қалалық кезеңінде жүлделі 3 — орынға ие болған Ботакоз Бердигулқызына арнаулы диплом мен 300 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Жақсылықова Ұлдана Қалдыбекқызы «Жас мамандардың кәсіби дамуы: білім берудегі жаңа тренд, жаңа көзқарас» Республикалық жас мамандар форумында тәжірибе таратқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. «Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз» жас педагогтердің VІ Республикалық байқауына қатысып Жақсылықова Ұлдана ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.—Біздің жас мұғалімдеріміздің аз уақыт ішіндегі жетістіктерін не үшін тізіп айтып жатырмын? Сіздерге мативация болсын. Сіздер де осындай жетістіктерге жетіп, мектеп – гимназиямыздың абыройын бұдан әрі арттыра берсін деген ойым, — деді Г.Б.Бапиева.

Жоғарыда есімі аталған ұстаздар арасынан №133 мектеп-гимназияның түлегі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Жумабекова Нурсулу Сейтазимқызы «Менің кәсіби жолымдағы жетістігім», бастауыш сынып мұғалімі Жумабекова Ботагоз Ббердигулқызы «Ұстаздық мерей биігінде», бастауыш сынып мұғалімі Арипова Жазира  «Әрбір жас елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп өмір сүруі керек», бастауыш сынып мұғалімі Ө­теген Жанат Сарсембайқызының «Ортақ  тәжірибе – көпке ортақ іс» атты баяндамалары тыңдалып, тәжірибесіне бағытталған слайдтар көрсетілді.

Алматы қалалық білім басқармасы әдістемелік,  аудандық білім бөлімінің әдіскері Ноғайсарина Гульнар Жунусбекқызы қатысып, семинар – тренингтің маңызына тоқталды. Жас мамандармен өткізілетін семинардың пайдасы барын, оның нәтижесі ұстаздардың байқауларда топ жарып, еркешеленіп келе жатқанын атап өтті. Мектеп – гимназия педагогтарына игі тілегін арнады.

—«Үйренейік, ізденейік жас маман» семинар – тренингінің мақсаты  — Жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсету, педагогикалық тәжірибесін жетілдіру және кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Мектеп — гимназияның тәжірибелі ұстаздары мақсат үдесінен шығып келеді. Әр ұстаздың еңбегінің бағаланғанын  жас мұғалімдеріміздің бүгінгі жетістігі арқылы көріп отырмыз.  Жыл өткен сайын жас жігіттердің ұстаз мамандығын таңдап, мектепке келуі – білім саласындағы үлкен жетістік. Біздің түлектердің арасынан да жоғары білімді педагогтардың қатарымызға қосылғанын құптап отырмыз. Мемлекетіміздегі білім саласының жаңа сапалық деңгейде дамуы – жас педпгогтар қолында, — деп мектеп – гимназия директоры Сабыргүл Түлкібайқызы жас мамандарға ұстаздардың үнемі қолдау көрстіп келе жатқан тәжірибесін айтып өтті.

Семинар — тренингте енді ғана еңбек жолын бастаған жас мамандарға тәжірибе сабағын өткізген ұстаздардың білім беру мен тәрбиелеудегі кәсіби біліктілігінің шыңдалып келе жатқанын көрдік. Қалалық, Республикалық байқауларда топ жарып келеді. Әр сабақта ұстанатын қағидасы – ұлт патриотын тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарға басымдық беруі. Ана тілін қастерлеп, құрметтей отырып, халықаралық қатынас тілі – ағылшын тілін меңгертуге көп көңіл бөлетіні. «Білім негізі — бастауышта» деген қағиданы жадына берік сақтаған ұстаздардың тәжірибесінің көп таратылатыны да сондықтан. Мектеп – гимназия мұғалімдерінің өнегесі, тәжірибесі, ізденісі – жас мамандар үшін бала оқытудағы – білім қазынасының бастауы деп айтамыз.

Мектеп — гимназияның жас өнерпаздарының да жеткен белестері аз емес. Шараға қатысушы қонақтар бишілер тобының көрсеткен өнеріне ризашылықтарын білдірді.

                                                                    Ж.КУЧУКОВА,

Республикалық Бас редакторлар клубының мүшесі

Фотоларды ұсынған: мектеп – гимназия әкімшілігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *