Сурет:https://e-history.kz/
Ахмет Байтұрсынұлы:
«Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп
сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да
сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек».
Жақында 5 қыркүйекте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні аталып өтті. Бұл күннің «Тілдер күні» ретінде кең көлемде дәріптелуі заңды. Себебі Ахмет Байтұрсынұлының бар ғұмыры қазақ тілін зерттеуге, жүйелеуге, оқытуға және оның мәртебесін көтеруге арналды.
Біз Ахметтің өмірбаяны мен еңбектерін жақсы білеміз. Нақыл сөздерін жаттап, мұрасын дәріптеп жүрміз. Алайда оның ең басты мақсатын яғни ана тілінің қадірін арттырып, оны келер ұрпаққа аманат ету идеясын кейде ұмытып кететіндейміз.
Бүгінгі қоғамға көз салсақ, бір сұрақ ойландырмай қоймайды «Біз білімді бола тұра, сауатсыз болып бара жатқан жоқпыз ба?»
Әлеуметтік желіге кірсек, орфографиялық қателері көп жазбалар, орынсыз қысқартылған сөздер мен шала құрылған сөйлемдер көзге түседі. Мысалы: «Каксын?», «Нестеватсын?», «Баратырм» деген т.б сөздерді өзара хат алмасқанда қысқартып жазып жатамыз. «Түсінікті болса болды» деген ұстаным қалыптасып бара жатқандай. Бірақ тілдің тағдыры дәл осындай ұсақ нәрселерге немқұрайлы қараудан басталмай ма?
Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек», -деген сөзі бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлт ұстазының бұл пікірі бізге сөзді жай ғана жазып қою емес, оны дұрыс, сауатты әрі мағыналы қолдану керектігін еске салады.
Өйткені сауатты жазу тек емле ережесін сақтау емес. Ол – өз ойыңды құрметтеу, оқырманды сыйлау және ана тіліңе деген жауапкершілік.
Тілдің әлсіреуі бір күнде болмайды. Ол күнделікті әдеттен басталады: кітапты аз оқудан, сөздерді қате жазудан, қазақша сөйлеуге қысылудан, өзге тілдегі сөздерді орынсыз араластырудан. Осындай ұсақ көрінетін әрекеттер көбейе келе, қоғамның тілдік мәдениетіне әсер етеді. Сондықтан немқұрайлы қарамауымыз қажет. Өйткені тілді бір күндік мереке емес, оны күн сайын қадірлейтін ұрпақ сақтайды.
Ахмет Байтұрсынұлы бізге қазақ тілінің қадірін түсіндіріп кетті. Ендігі міндетіміз сол аманатты сөз
жүзінде емес, іс жүзінде жалғастыру. Сауатты жазу мен таза сөйлеуді өзіміз үшін және еліміз үшін сәнге айналдырайық. Ана тіліміздің абыройын тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірімізде де асқақтатып жүрейік.
ОРЫНҒАЛИ Назгүл Ерболқызы,
Алматы қаласы білім басқармасының
Түрксіб ауданындағы
№107 лицейінің 11-сынып оқушысы.
