«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мамандығым – өмірім

Қазақтың Изолдасы

Қазақ өнерінің алғы шебінде жүріп, қызмет етіп жүрген тарландар аз емес. Солардың бірі – театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Шынар Жанысбекова. Көгілдір экранның ар жағынан сан түрлі рөлге еніп, саналы ғұмырының отыз жылдан астам уақытын ғасыр жасаған қара шаңырақ — Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына арнап келеді.

Әкесі, өнерді сүйген, оқуды жақсы көретін Жеңістің қолдауымен, ақ әженің ақыл-кеңесі мен тәрбиесін бойына сіңіріп, ерекше дарыны мен ұстаздарынан алған тәлімінің арқасында бүгінде халықтың сүйіктісіне айналып отыр.

Сериалдарда бірде ауылдың қарапайым енесін, бірде перзенті үшін күйген ананың рөлін сомдаса, енді бірде қаланың заманауи құдағиын бейнелеп, көрерменнің жүрегінен орын алуда.

Ал театрдағы жолы – бір төбе. «Мен бақытты актрисамын» деген Шынар Жеңісқызы театр сахнасында сомдаған Изолда рөлімен ұзақ уақыт бойы көрермен назарында болды. «Менің театрдағы паспортым – Изолда» деп сұхбаттарында да жиі айтып отырады.

Бүгінде «Мәңгілік бала бейне» қойылымындағы Шөкіш рөлі де көрермен жүрегін елжіретті. Кейіпкер бейнесін жеткізудегі кәсіби шеберлігі актрисаның дарынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жан-жануарларға мейіріммен қарайық деп өз оқырмандарына жиі насихат айтып отыратын Шынар Жеңісқызы қазіргі жастардың актриса болуды тек қызыл кілем, атақ пен ақша деп қабылдайтынын, ал оның ар жағындағы тынымсыз еңбек пен ізденісті ескере бермейтінін айтып жүр.

Әр сұхбатында сүбелі ой айтып, жас өнерпаздарды қолдауға дайын тұратын кәсіби өнер иесіне біз де шығармашылық шабыт тілейміз. Болашақта ұстаздық жолды қолға алып, өзінен кейінгі жас буынға мол тәжірибесі мен өнердегі өнегесін үйретсе екен дейміз.

Шынар Жеңісқызы қарапайымдылығы мен жанашыр болмысын, әр сомдаған рөлін көрермен жүрегіне қалдырып, театр мен киноның биік белестеріне өрлеуде.

СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,

 «Журналистика» факультетінң  студенті.

Сәйкес жаңалықтар

Ұлт сапасын арттыруға саналы ғұмырын арнаған мамандар

Ауылдағы кәсіпшілік неліктен қаламен салыстырғанда танымалдылығы төмен?

Халқына да, отбасына да уақыт таба білген жан!