«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Заң аясында

«Заң және тәртіп» қағидатын сақтау міндетіміз

Бүгінде жас түлектер үшін заң саласы өте күрделі әрі жауапкершілігі жоғары бағыттардың біріне айналып отыр. Құқықтану мамандығына түсуді былай қойғанда, өз құқықтарына атүсті қарайтын жас буын да аз емес. Олардың құқық саласынан сескенетіні ме, әлде қызығушылығының жоқтығы ма — белгісіз.

Осы орайда Maqsut Narikbayev университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының түлегі Жолдас  Кенжегүл  Міржақыпқызымен сұхбаттастық. Сұхбат барысында құқықтық сауаттылық мәселесі сөз болып, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін құқық қорғау органдары тарапынан қандай шаралар қабылдануы керектігі талқыланды.

Сұхбат соңында Жолдас Кенжегүл ханым болашақта құқықтану мамандығына түсуге ниетті жас түлектерге өз кеңесін берді.

—Кенжегүл Міржақыпқызы, неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз? Бұл бала кезден туған арман ба, әлде уақыт өте келе қалыптасқан мақсат па?

—Менің заң саласына деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты деп айта аламын. Бұған ең бірінші әкем әсер етті. Әкемнің өзі де құқық саласына қызығушылық танытатын, заңға қатысты мәселелерді жиі оқып, талқылайтын. Бала кезімнен соны көріп өскендіктен, уақыт өте келе менің де осы салаға қызығушылығым ояна бастады. 11-сыныпта мамандықты нақты таңдайтын кезең келгенде, ҰБТ-да дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін таңдап, заңгер боламын деген шешімге келдім. Кейін MNU-ға «Құқықтану» бағдарламасына түсіп, төрт жыл білім алдым.

Ал кәсіби жолымды университеттің екінші курсынан бастадым. Заңгердің көмекшісі болып жұмыс істеп, университетте алған теориялық білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. Одан кейін де әртүрлі заң саласындағы мекемелерде тәжірибе жинақтадым. Қазір Конституциялық Сотта жұмыс істей отырып, бала кезден пайда болған сол қызығушылықтың бүгінде менің мамандығыма және кәсіби жолыма айналғанын түсінемін.

—Қазіргі таңда жастар арасында өз құқықтарын білмеу немесе заңды толық түсінбеу мәселесі бар. Сіздің ойыңызша, мектептен бастап құқықтық сауаттылықты арттыру үшін қандай өзгерістер қажет?

—Менің ойымша, құқықтық сауаттылықты арттыруды мектептен бастау дұрыс. Ең алдымен оқушылар құқық пәнін кезекті баға алу үшін оқитын сабақ емес, күнделікті өмірде қажет білім ретінде қабылдауы қажет. Ол үшін сабақ қызықты әрі практикалық тұрғыдан пайдалы болуы тиіс.

Бұл жерде мұғалімнің рөлі маңызды. Қазіргі кезде мектептерде құқық негіздері пәнін тарих пәнінің мұғалімдері жүргізетін жағдайлар жиі кездеседі. Әрине, олардың өз саласында білімі мен тәжірибесі мол. Дегенмен құқық — өзіндік ойлау жүйесі, терминологиясы мен практикасы бар жеке сала. Сондықтан құқық саласында білімі және практикалық тәжірибесі бар маманның сабақ жүргізуі оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын.

Мектептен өз құқықтары мен міндеттерін түсінбеген адам ересек өмірде құқықтық мәселелер туындағанда өзін қалай қорғау керектігін білмеуі мүмкін. Сондықтан құқықтық сауаттылықты азаматтық тәрбиенің маңызды бөлігі ретінде қарастырған дұрыс.

—Конституциялық сотта жұмыс істеу барысында сізді ерекше ойландырған немесе қоғам үшін маңызды деп санаған қандай құқықтық мәселе болды? Оның сізге маман ретінде қандай әсері болды?

—Конституциялық Сотта жұмыс істеу барысында мен үшін ең маңызды түсініктердің бірі — Конституцияда бекітілген құқықтар әр адамның нақты өмірімен қаншалықты тығыз байланысты екені болды.

Сотқа келіп түсетін өтініштердің артында белгілі бір адамның тағдыры, оның құқығы, өмірлік жағдайы тұрады. Тек белгілі бір құқықтық нормаға қатысты мәселенің қоғам үшін әлдеқайда кең маңызы болуы мүмкін.

Маған әсіресе азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын қорғау үшін тікелей Конституциялық Сотқа жүгіне алуы маңызды болып көрінеді. Бұл адамның Конституцияда көзделген құқықтарын қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі.

Осы жерде жұмыс істеу маған заң мәтінін жай оқып қана қоймай, оның мақсатын, адамға және қоғамға тигізетін әсерін түсінуге үйретіп келеді. Сондай-ақ заңгер үшін әрбір сөздің, әрбір құқықтық тұжырымның қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіне бастадым.

—Заң және құқық саласының маманы ретінде қоғамда жиі орын алып жатқан әйелдер теңсіздігі мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін заң жүйесіне қандай өзгерістер мен толықтырулар қажет деп ойлайсыз? Қоғамда дау туғызған бұл мәселенің шешімін қалай табуға болады?

—Менің ойымша, бұл мәселені шешу үшін заңнаманы жетілдірумен қатар, қолданыстағы құқықтық тетіктердің практикада қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне де назар аудару қажет. Өйткені кейде мәселе құқықтық норманың болмауында емес, оның тиісті деңгейде орындалмауында болуы мүмкін.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында ең бірінші кезекте адамның өмірі, қауіпсіздігі мен қадір-қасиеті қорғалуы керек. Оның алдын алу да өте маңызды. Отбасыдан, мектептен бастап жеке шекара, адамның қадір-қасиеті, өзара құрмет, теңдік және зорлық-зомбылыққа жол бермеу қағидаларын түсіндіру қажет. Мемлекеттің де, қоғамның да негізгі мақсаты — адам өзін қауіпсіз сезінетін және оның құқықтары нақты қорғалатын ортаны қалыптастыру.

—Болашақта Мақсұт Нәрікбаев университетінің Құқық бөлімінің студенттеріне қандай кеңес берер едіңіз?

—Ең бірінші кеңесім — университет беретін мүмкіндіктерді барынша пайдалану. Студенттік кезеңді тек сабақ оқып, диплом алумен шектемеу керек. MNU түрлі байқауларға, Moot Court жарыстарына, жобаларға қатысуға және тағылымдамадан өтуге көптеген мүмкіндік береді.

Екіншіден, студент кезден тәртіпке, уақытты дұрыс жоспарлауға және жауапкершілікке үйренген дұрыс. Сонымен қатар тіл үйренуге, кәсіби орта қалыптастыруға және жаңа байланыстар орнатуға көңіл бөлу маңызды.

Ең бастысы — бірінші курстан бастап болашақта нақты кім болатыныңызды білмеуден қорықпаңыздар. Студенттік кезең — әртүрлі бағытты байқап, тәжірибе жинап, өзіңізге жақын саланы табатын уақыт. Мен үшін MNU-де өткен төрт жыл білім алумен қатар, өзімді және болашақ кәсіби бағытымды қалыптастырған маңызды кезең болды.

—Әңгімелескен:СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,

 «Журналистика» факультетінң  студенті.

Сәйкес жаңалықтар

БҚО-да пробация қызметінің есебінде тұрған жасөспірімдер ат спорты туристік орталығына барды

Ата Заңға — 30 жыл!

«Ата Заң – тәуелсіз ел тұғыры»