«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Жеңістен де үлкен мақсат

Биыл қазақтың бас ақыны Абайдың 181 жылдығы. Былтыр 180 жылдық мерейтойына орай өткен Абай оқулары халықаралық деңгейде ұйымдастырылса, биыл республикалық деңгейде болса да, жоғары дәрежеде өтті.

Байқағаным, Абайтану – талай ғалым мен қаламгер зерттеген, әлі де терең зерттеле беретін маңызды сала. Өткен жылы Абай оқуларының «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай бейнесі» атты талдау номинациясына қатыстым. Бұл кезеңде Абай туралы жазылған еңбектерге талдау жасау қажет болды. Сол жолы ІІ орын иеленген едім. Дәл сол сәттен бастап келесі жылы бұдан да тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтижеге жетемін деген мақсат қойдым. Шүкір, сол арманым орындалып, биыл республикалық кезеңде І орынға ие болдым.

Ең қызығы, «Абай жолын» әр қазақ оқуы керек деп жиі айтамыз. Бірақ оны не үшін оқу керектігіне, адамның дүниетанымына қалай әсер ететініне көп мән бере бермейміз. Осы байқауға дайындалу барысында роман-эпопеяны екі жыл қатарынан қайта оқыдым. «Әр жаста әртүрлі әсер етеді» деген сөздің растығына көзім жетті. Екінші рет оқығанда алғашқысында шығарманы толық түсінбей өткенімді аңғардым.

Белгілі журналист Әлия Әшім айтқандай, біз іздеп жүрген психология мен өмірлік ғибраттың бәрі «Абай жолында» жатқандай. Сондықтан бұл туындыны қазақ болғанымыз үшін ғана емес, өмірлік азық алу үшін де оқуымыз керек деп ойлаймын. Торғайлық ақын Саят Әбеновтің:

«Абай жолын оқығанда, беу дүние,

Бұл күнімді бақытым деп санаймын», – деген жолдары осы ойды дәлелдей түседі.

Егер Абай туралы тереңірек оқығыңыз келсе, «Абай жолынан» кем түспейтін «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсаны ұсынар едім. Онда ана толғағы мен дала толғағының үндестігі шебер суреттеліп, Мұхтар Әуезовтің сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты жаза алмай кеткен тұстары көркем түрде толықтырылған.

Абай оқуларында І орын алуыма себепкер болған атам мен ата-анамның қолдауы деп айта аламын. Атам мен әкем де Семейдің тумалары. Дайындыққа небәрі бір ай ғана уақыт болды. Таңертең ерте тұру маған қиын болса да, атам күн сайын оятып, таңғы алтыда  «Баум саябағына» бірге барып дайындалатынбыз, менімен бірге жарыса кітап оқитын. Түсте анам білімімді бекіту үшін сұрақтар қойып, кешке жұмыстан кейін әкеммен оқығандарымды талқылайтынмын.

Әкем Абайдың «Жасында ғылым бар деп ескермедім» өлеңін ерекше жақсы көреді. Ол маған үнемі: «Жас күніңде жалындап тұрғанда ғылым мен білімді бойыңа сіңір», – деп ақылын айтады.

Сырт көзге бұл жай ғана жарыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында үлкен мақсат жатыр. Мені байқауға шығарып саларда: «Мақсатың бірінші орын алу емес. Негізгі мұратың Абайды дәріптеп, ол туралы жазылған еңбектерді талдап, көпшілікке кеңінен таныстыру», – деген болатын. Шынында да, мен сол кезде ғана жарыс жауапкершілігін түсіндім. Жеңістен де үлкен мақсат бар екенін сезіндім. Абай ғасырлар бойы ұлықталуға тиіс ұлы тұлға ғой.

«Абай – қазақ, қазақ – Абай болғалы,

Есті қазақ ес жинауда күн санап» –

деген тармақтар бекер айтылмаған.

Сөз соңында айтарым, Абай мұрасы – адамды рухани кемелдікке жетелейтін сарқылмас қазына. Сондықтан ақынның туған күні жыл сайын лайықты деңгейде насихатталып, елдік мереке ретінде аталып өткені өскелең ұрпақ үшін де пайдалы деп ойлаймын.

ОРЫНҒАЛИ  Назгүл  Ерболқызы,

Алматы қаласы білім басқармасының

Түрксіб ауданындағы

№107 лицейінің 11-сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Ұмытылмас кезеңдердің бірі

Киберспорт

Рухани жаңғыру — қоғам көрсеткіші