Суретте: ұстаз Әйгерім Әденқызы мен Асанғалықова Айдана
Біз кейде тезірек есейгіміз келеді. Мектепті бітіріп, университетке түсіп, армандаған мамандығымызды игеріп, өз алдымызға өмір сүргіміз келеді. Үнемі алға ұмтыламыз, бір нәрсеге асығамыз. Бірақ сол болашаққа асығып жүріп, дәл қазір өмірімізде болып жатқан жақсы сәттерді байқамай өткізіп алмаймыз ба?
Қазіргі жастардың арасында өз өмірін өзгелермен салыстыру жиі кездеседі. Әлеуметтік желіге кірсең, бірі жетістігімен бөлісіп жатыр, бірі саяхаттап жүр, енді бірі армандаған мақсатына жеткенін көрсетеді. Осының бәрін көріп, кейде өзімізді артта қалғандай сезінеміз. Бірақ әр адамның өмір жолы әртүрлі екенін ұмытып кетеміз. Біреудің жетістігі – біздің сәтсіздігіміз емес. Әркімнің өз уақыты, өз арманы және сол арманға жететін жолы бар. Әсіресе мектеп жылдарының қадірін кейде кеш түсінеміз. Бүгін сабақтан шаршап, үйге тезірек қайтқымыз келеді.
Алайда мектеп бітіретін уақыт жақындағанда, осы күндердің қайталанбайтынын сезіне бастаймыз. Сыныптастармен бірге күлген сәттер, мұғалімдердің ақылдары – бәрі бір күні сағынышқа айналады. Меніңше, бақыт дегеніміз тек үлкен жетістікке жету немесе көп ақша табу емес. Кейде бақыт – отбасыңның амандығы, ата-анаңның жылы сөзі, достарыңмен өткізген уақытың. Бірақ біз көбіне қолымызда барды емес, әлі қол жеткізе алмаған дүниелерді ойлаймыз.
Армансыз адам алға ұмтылмайды. Дегенмен болашақты ойлаймын деп, бүгінгі күнімізді ұмытпауымыз қажет. Өйткені уақытты кері қайтара алмаймыз. Бір күні дәл бүгінгі күнімізді сағынып, сол сәттерге қайта оралғымыз келуі мүмкін.
Сондықтан өмірді тек ертеңгі күнмен байланыстырмай, бүгінгі сәттің де қадірін білейік. Үлкен армандарға ұмтылумен қатар, жанымыздағы адамдарды бағалап, қарапайым дүниелерден қуаныш табуды үйренейік.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы.
