Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Қазіргі заманда әлеуметтік желілер жасөспірімдер мен ересектердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда олардың ішінде құмар ойындарды жарнамалау мен насихаттау да кеңінен таралып келеді. Құмар ойындар адамның психикалық денсаулығына кері әсер етіп, қаржылық шығынға ұшыратады және әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тәуелділік жеке тұлғаның құлдырауына, отбасылық қарым-қатынастың бұзылуына, оқу мен еңбек өнімділігінің төмендеуіне себеп болады. Сондықтан құмар ойындардың зиянын түсініп, олардың алдын алу шараларын қолдану өте маңызды.
Ойынға тәуелділікті лудомания деп атайды. «Лудоман» сөзі «есі ауысқанша ойнау» деген мағынаны білдіреді. Мамандардың айтуынша, құмар ойынға тәуелді адамдардың басты қателігі – тез әрі оңай байып кетуге болады деген жалған сенімге берілуі. Олар үлкен ұтысқа жетемін деген үмітпен ойынды тоқтата алмайды.
Ойынға тәуелді адамдар уақыт өте келе виртуалды әлемге беріліп, шынайы өмірден алшақтай бастайды. Жеңілген сайын немесе ойынға қатыса алмаған кезде күйзеліс, мазасыздық, ашушаңдық және ұйқының бұзылуы сияқты белгілер байқалады.
Қазіргі таңда онлайн-казинолардың кең таралғаны жасырын емес. Көптеген сайттар мен әлеуметтік желілерде олардың жарнамасы жиі кездеседі. Соның әсерінен кейбір жасөспірімдер мен жастар тез әрі оңай ақша табуды көздеп, құмар ойындарға қызыға бастайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, мектеп жасындағы балалардың 700 мыңнан астамы, яғни шамамен 20%-ы, кем дегенде бір рет бәстесуге немесе құмар ойынға қатысқан. Кейбір адамдар ойынға ақша тігіп, отбасылық бюджетті тауысып, қарызға батады. Қарызды өтеу үшін ұрлыққа, алаяқтыққа немесе басқа да заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін.
Лудуманияның алдын алу үшін негізгі белгілерін білген жөн.
Лудоманияның негізгі белгілері:
- Құмар ойын туралы үнемі ойлау.
- Ұтылған ақшаны қайтаруға тырысу.
- Ойынға шамадан тыс уақыт пен ақша жұмсау.
- Жақындарынан ойынға қатысты шындықты жасыру.
- Мінез-құлқының өзгеруі: ашушаңдық, күйгелектік, тұйықтық және жауапкершіліктен қашу.
Лудомания – ресми түрде психикалық тәуелділік ретінде танылған ауру. Егер дер кезінде көмек көрсетілмесе, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мамандар мынадай емдеу жолдарын ұсынады:
- Психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгіну.
- Когнитивті-мінез-құлық терапиясын қолдану.
- Отбасы мен жақындарының қолдауына сүйену.
- Қаржыны бақылап, құмар ойын сайттарына қолжетімділікті шектеу.
- Спортпен айналысу, кітап оқу және жаңа пайдалы әдеттерді қалыптастыру.
- Құмар ойындарға шақыратын адамдармен байланысты үзу.
Қорытындылай келе, лудомания – қоғам үшін қауіпті, бірақ емдеуге болатын тәуелділік. Ең бастысы – мәселені дер кезінде мойындап, мамандардың көмегіне жүгіну. Әр адам өз болашағын құмар ойынға емес, білімге, еңбекке және дұрыс өмірлік таңдауға негіздегені жөн. Сонда ғана бұл қауіпті дерттің алдын алуға болады.
САҒАТОВА Нұрина,
Абай облысы, Семей қаласы,
«№50 IT-лицей мектебінің»
11 – сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
