«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мамандығым – өмірім

Бұл менің арманым!

Сурет:https://aikyn.kz/upload/media/posts

Мен кішкентай кезімнен бастап айналамда болып жатқан оқиғаларға қызығушылықпен қараймын. Қоғамда қандай өзгерістер болып жатыр, адамдар нені талқылап жүр, қандай мәселелер көтеріліп жатыр – осылардың бәрі мені ойландырады. Кейде теледидардан жаңалық көріп немесе әлеуметтік желіден бір ақпарат оқысам, сол туралы ұзақ ойланып жүретін кездерім болады. Өз ойым қалыптасады, кейде келіспеймін, кейде қолдаймын. Сол ойымды біреумен бөліскім келіп тұрады. Осындай сәттерде мен журналист болғым келетінін анық түсінемін.

Жалпы, журналистика – қоғамдағы ақпаратты жинап, өңдеп, халыққа тарататын сала. Оның атауы француздың journal деген сөзінен шыққанын білемін. Бұл сөз «күнделік» деген мағынаны білдіреді. Яғни журналист қоғамдағы күнделікті болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткізіп отырады. Бұл мамандықты «екінші көне мамандық» деп те атайды. Себебі адамдар ақпарат қай уақытта да маңызды.

Журналист болу – тек ақпарат жеткізу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Журналистің әр сөзі адамдардың пікіріне әсер етуі мүмкін. Егер ақпарат дұрыс берілмесе, адамдарды шатастырып жіберуі де мүмкін. Сондықтан шындықты айту, нақты дерекке сүйену өте маңызды деп ойлаймын. Мен болашақта әділ, шынайы, жауапкершілігі жоғары журналист болғым келеді.

Қазақ журналистикасының да тарихы терең. Ол ХІХ ғасырдың ортасында басталған. Алғашқы басылымдардың бірі – «Түркістан уәлаятының газеті», кейін «Дала уәлаятының газеті» жарық көрген. Алаш кезеңінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті шыққан. «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы болған. Сол кездегі басылымдар халықтың санасын оятып, білімге, еркіндікке шақырды. Мұндай тарихи деректерді оқыған сайын журналистиканың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінемін.

Маған журналистиканың шығармашылық жағы да ұнайды. Әр тақырыпты әртүрлі қырынан ашуға болады. Бір мәселені жәй ақпарат ретінде ғана емес, қызықты әрі түсінікті етіп жеткізу – үлкен шеберлік. Кейбір мақалаларды оқығанда автордың ойды жеткізу тәсілі ерекше әсер қалдырады. Мен де болашақта өз ойымды анық, нақты және әсерлі жеткізе алатын деңгейге жеткім келеді.

Қазіргі таңда ақпарат өте жылдам тарайды. Әлеуметтік желі арқылы бір жаңалық санаулы минуттардың ішінде бүкіл елге жетеді. Бірақ сол ақпараттың бәрі бірдей шынайы бола бермейді. Кейде жалған ақпарат та таралады. Осындай кезде нағыз журналистің рөлі ерекше деп ойлаймын. Себебі ол ақпаратты тексеріп, нақтылап барып қана жариялауы керек.

Менің мақсатым – адамдарға пайдалы әрі сенімді ақпарат беру. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, адамдарды ойландыруға үлес қосқым келеді. Әсіресе жастарға қатысты тақырыптар, білім, болашақ мамандық, қоғамдағы өзгерістер туралы жазғым келеді. Адамдар менің жазғанымды оқып, бір нәрсе үйренсе немесе ой түйсе – мен үшін үлкен жетістік болар еді.

Журналист болу үшін көп оқу, көп іздену керек екенін түсінемін. Себебі журналист әр түрлі саладан хабардар болуы тиіс. Сондықтан жаңалықтарды бақылап, кітап оқып, өзімді дамытуға тырысамын. Сөйлеу мәдениетін, жазу қабілетін жетілдіру де маңызды деп санаймын.

Әрине, бұл жол оңай емес. Кез келген салада табысқа жету үшін еңбек қажет. Журналистика да шыдамдылықты, батылдықты, табандылықты талап етеді. Бірақ мен өз арманыма сенемін. Егер адам өз мақсатына шын жүректен ұмтылса, ол міндетті түрде нәтижеге жетеді деп ойлаймын.

Мен журналист болғым келеді. Бұл мен үшін жай ғана мамандық емес, болашаққа деген үлкен мақсат. Сол арманымды орындау үшін еңбектенуге, үйренуге және өзімді дамытуға дайынмын.

ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ  Гүлбақ,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ

11 «Ә» — сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Қазақстанды биіктен көрсететін –Дастан Мұхамедрахым «Ең үздік –travel blogger»

Айвас Хазиев: Жерге және еңбекке деген сеніммен

Менің таңдауым ЕҰУ