Кино мен сериалдың жасөспірімдерге әсері: таңдау ма, әлде тәуелділік пе?

https://24.kz/ru/news/culture/729325-12-sentyabrya-den-kazakhskogo-kino
Соңғы жылдары кино индустриясы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, сериалдардың әртүрлі жанрда жиі әрі жылдам шығуы тек әлемде ғана емес, Қазақстанда да кеңінен белең алды. Бүгінде интернетті ашқан сәттен бастап-ақ көз алдыңа сан түрлі сюжет, түрлі тағдыр, түрлі өмір салты ұсынылады. Бұл – бір жағынан мүмкіндік, екінші жағынан үлкен жауапкершілік.
Ал осы «әртүрлі жанрды» жасөспірімдер қалай қабылдап жүр? Олар көрген дүниеден қандай ой түйеді? Міне, негізгі сұрақ осында.
Қазіргі жастар үшін кино мен сериал – тек уақыт өткізу құралы емес. Ол – эмоция, шабыт, кейде тіпті өмірлік бағыт беретін құралға айналды. Көпшілігіміз бос уақытымызда қолымызға жеңіл тағам алып, экран алдында отырып қаламыз. Бір қарағанда, бұл – қалыпты жағдай. Себебі әр фильмнің, әр сериалдың өз тәрбиелік мәні, айтар ойы бар. Олар адамға мотивация береді, ой салады, кейде өмірге деген көзқарасты өзгертеді.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар.
Кино әлемі көрерменнің жас ерекшелігін толықтай бақылап отырмайды. Жасы шектеулі контентті жасөспірімдердің еркін көре беруі – бүгінгі күннің шындығы. Зорлық-зомбылық, қатыгездік, жалған идеалдар көрсетілетін сюжеттер кейбір жастардың санасына теріс әсер етуі мүмкін. Өйткені экрандағы оқиға – көрермен үшін тек қиял емес, кейде шынайылықтың үлгісі ретінде қабылданады.
Кино – тек әдемі көріністер жиынтығы емес. Ол – көзбен көріп, құлақпен еститін, санаға тез сіңетін күшті құрал. Сондықтан да оның әсері терең. Кейде ол адамды дұрыс жолға бағыттаса, кейде керісінше, ойына күмән, санасына шатасу тудыруы мүмкін.
Бұл жағдайды «қалыпты» деп қарауға бола ма? Иә, технология дамыған заманда ақпараттың көп болуы – заңдылық. Бірақ оны қалай қабылдайтынымыз – әр адамның жеке жауапкершілігі. Әсіресе, жасөспірім кезеңде көрген дүниенің әсері ұзақ уақытқа сақталатынын ұмытпауымыз керек.
Сондықтан мәселе киноның өзінде емес, оны қалай және қандай мақсатпен көріп отырғанымызда. Әр көрермен экрандағыны сүзгіден өткізе алуы тиіс. Сюжеттің сыртына емес, мағынасына үңілу маңызды.
Қорытындылай келе, кино мен сериалдар – зиянды да, пайдалы да бола алатын құрал. Ол – айна секілді: сен оған қандай көзқараспен қарасаң, солай әсер етеді. Ендеше, таңдау – өз қолымызда.
Тоғжан ТӨЛЕГЕН,
Алматы облысы, Іле ауданы,
«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.
Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ» телеарнасының
тілші-редакторы









