Жасөспірім шақ – адам болмысы қалыптасатын алтын кезең. Балалық шақтан, тұлғалық шаққа өту уақыты. Бұл кезеңде адамзат баласы дүниені танып біліп, білім алып қана қоймай, өзінің тұлғалық болмысын қалыптастырады. Кімге ұқсап, кім болғысы келетінін саралап, түсіне бастайды. Адам әуелі қоршаған орта дағдысына қарап қалыптаспақ. Әсіресе отбасы алғашқы тәрбие мектебі. Үлкендердің сөзі мен ісі жас баланың санасына еніп, мінез-құлқына, қалыптасуына әсер етеді.
Ата-әжеміздің айтқан аңыз-әңгімелерін ұйып тыңдап, ондағы жақсы жаман кейіпкерлерді талқылап, олардың іс-әрекетін саралауымыздың өзі тұлға болып қалыптасуға бет бұрғанымыздың айғағы.
Кітап оқыған бала – кемеңгер, ойшыл болады. Ұлы педагог Ы.Алтынсаринның «Кел балалар оқылық» атты шығармасы кез келген баланы білімді, көрегенді болуға ынталандырады. Ал Абайдың қара сөзін оқып өскен жеткіншек тереңдік пен парасаттылықты сіңіреді. Өз бойына ар-ұят, әділет, талап, мейірім сынды қасиеттердің кірпішін қалайды.
Қазіргі заман талабына сай, заманауи тұрғыдан салыстырар болсақ, осы екі бағыттың арасы — жер мен көктей екені айтпасақ та түсінікті. Бүгін де көптеген жасөспірімдер Instagram, TikTok, т.б. әлеуметтік желідегі жылтыраған дүниеге еліктеп, экраннан көрген дүниесін шындыққа балайды. Өзгенің жарқыраған өмірлік сәні мен шетелдегі сапарларын үлгі тұтып соған жетуді армандайды. Бірақ соның артында қанша талпыныс пен сүрініс тұрғанына үңілмейді. Нәтижесінде, шынайы тұлға емес, жасанды бейнелерге қарап өсу белең алуда.
Әлбетте, өзгенің жетістігіне қарап сүйсіну, өзіңе де мақсат қою әрбір жанның міндеті. Алайда, өзіндік табиғи ұстанымыңды жоғалтпауға тырыс. Әр адам өзінің табиғатымен ерекше. Жалған ұстанымға еліктеу өз табиғатыңнан алыстатып, болмысыңды жоғалтады. Ал нағыз тұлғаға қарап өскен бала өз жолынан адаспайды. Себебі ол өмірге тек сәнмен емес, мәнмен қарауды үйренеді. Өмірдің тек жарқын сәттерін ғана емес, дүниенің дауылды көлеңкелі тұстарын да танып біледі.
Сен кімге қарап өсіп келесің? Бұл сұрақтың қойылуы тегіннен емес. Тек бүгінгі күнмен емес, болашақтағы «менің» қандай болатынымды айқындайтын дәйек. Егер шынайы, парасатты тұлғалардың өміріне қарап өссең өзің де, ертеңгі болмысың да соған қарап қалыптаспақ. 
НИЯЗБАЕВА Шакира
Алматы қаласы,
№58 ЖББМ 11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
