Автор:

Қайрат Зайнишев

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Түркістан облысындағы 178 ауылдық елді мекенде интернет жоқ. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңес отырысында цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы аумағында жалпы 833 елді мекен бар. Оның 826-сы ауылдық елді мекен болса, 7-уі қала.

Бүгінде 655 ауылдық елді мекендегі 2 000 000 жуық тұрғын 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал, қалған 150 000 жуық тұрғыны бар 178 ауылдық елді мекенде интернет жоқ. Соның ішінде 62-інде байланыс мүлдем орнатылмаған.

«Аталған 62 елді мекеннің 43-ші министрлік айқындаған критерийлерге сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда. Яғни, ауылда халық саны 250-ден асуы қажет. Қалған 19 елді мекенді алдағы жылдарға ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін 135 ауылдық елді мекен бар» — деді Әсет Әбдіраханов.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша жылдың басынан бері өңірлік байланыс инспекция тарапынан 30 ауылдық елді мекенде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, 7 ауыл бойынша ұялы байланыс операторларына айыппұл салынған және 5 елді мекен бойынша интернет байланысын қалпына келтіру бойынша нұсқама берілген.

Сурет:ПрофПлюс

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *