«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Жастар неге тез шаршайды?

Қазіргі кезде көптеген жастар «шаршап жүрмін» деген сөзді жиі айтады. Кейбірі сабақтан шаршайды, кейбірі адамдардан, ал енді бірі ештеңе істемесе де өзін әлсіз сезінеді. Бұрын үлкендер ғана шаршайды деп ойлайтынбыз. Бірақ бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастардың да моральдық  және  физикалық тұрғыдан тез шаршайтыны байқалады. Оның бірнеше себебі бар.

Ең бірінші себеп – ұйқының дұрыс болмауы. Қазіргі жастар түнде кеш жатады. Көпшілігі телефон қарап, әлеуметтік желіде отырып уақыт өткізеді. Бір видео көріп бастаса, артынан тағы бірі шығып, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Соның салдарынан адам аз ұйықтайды. Ұйқы дұрыс болмаса, ми да, дене де толық демалмайды. Таңертең оянудың өзі қиынға айналады. Күні бойы энергия жетпей, адам өзін шаршаңқы сезінеді.

Екінші себеп – әлеуметтік желінің әсері. Бүгінде жастар Instagram, TikTok сияқты желілерден түрлі адамдардың өмірін көреді. Біреудің жетістігі, қымбат заттары, әдемі өмірі кей жастарға қысым сияқты әсер етеді. Олар өзін өзгелермен салыстыра бастайды. «Мен неге ондай емеспін?» деген ойлар көбейеді. Бұл адамның ішкі шаршауына әкеледі. Кейде адам физикалық емес, психологиялық тұрғыдан шаршайды.

Сонымен қатар қазіргі жастардың мойнында жауапкершілік те көп. Сабақ оқу, емтихан тапсыру, болашақ мамандықты таңдау, ата-ананың үміті – мұның бәрі жас адамға ауыр болуы мүмкін. Кей жастар бәріне үлгеруге тырысады. Бірақ үнемі бір нәрсеге асығып жүру де адамды шаршатады.

Тағы бір маңызды себеп – дұрыс демалмау. Кей адамдар демалыс деген тек телефон қарау деп ойлайды. Бірақ миға да тыныштық керек. Табиғатта серуендеу, спортпен айналысу, жақын адамдармен сөйлесу адамға жақсы әсер береді. Ал күні бойы экранға қарау керісінше миды одан сайын шаршатады.

Қазіргі заманда ақпарат өте көп. Адам күн сайын жүздеген жаңалық көреді, түрлі ой естиді. Кейде ми бәрін қабылдап үлгермейді. Сол себепті жастардың ойы тез шашырап, көңілі түсіп кетуі мүмкін. Бұл да шаршаудың бір түрі.

Дегенмен бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін ең алдымен адам өз денсаулығына көңіл бөлуі керек. Уақытында ұйықтау, телефонды азайту, дұрыс тамақтану және демалуды үйрену маңызды. Сонымен қатар өзіңді басқалармен салыстырмау керек. Әр адамның өмір жолы әртүрлі.

Қорытындылай келе, жастардың тез шаршауы – қазіргі қоғамдағы жиі кездесетін мәселе. Оған технология, оқу, стресс және өмір қарқыны әсер етеді. Бірақ адам өз өміріне дұрыс тәртіп енгізсе, шаршауды азайтып, өзін жақсы сезіне алады.

 ДОСАЛИЕВА  Несібелі,

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

«№223 орта мектебінің» 11сынып оқушысы

 

 

Сәйкес жаңалықтар

 Абыройлы қарттарым, бақ шынарым,

farabi shakirti shakirti

Блогер де тұлға: жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі жауапкершілігі

Жасөспірімдер және кітап оқу мәдениеті