«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

Жеті санының құпиясы…

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Сандар әлемінде адамзат санасын сан ғасыр бойы арбап келе жатқан тылсым бір сан бар. Ол – Жеті. Бұл сан жай ғана санау құралы емес, әлемнің математикалық моделі, болмыстың кілті және қазақ дүниетанымының терең философиялық коды.

Қазақ халқының дүниетанымында «жеті» санына қатысты ұғымдар өте көп: «Жеті ата», «Жеті қазына», «Жеті жұрт», «Жеті шелпек». Ата-бабамыз кездейсоқ дүниенің бәрін жетіге теңемегені анық. Бұл санның астарында қандай құпия жатыр?

Ғалымдар «жеті» санының адамның қабылдау жүйесімен тығыз байланысты екенін растайды. Адамның қысқа мерзімді жады бір уақытта жеті ақпарат бірлігін ғана оңтайлы сақтай алады. Оған қоса, табиғаттағы жетілік жүйесі таңғаларлық: Кемпірқосақ жеті түстен тұрады, музыкалық ноталар жеті негізгі дыбысқа негізделген, уақыт өлшемі апта күндері арқылы жетілік жүйеге бағынады, әлемде жеті құрлық бар және дүниенің жеті кереметі сынды ғажайыптар да бар.

Белгілі жазушы және аңызтанушы Серікбол Қондыбай өз зерттеулерінде «жеті» санына мүлдем басқаша көзқараспен қарайды. Оның пайымдауынша, бұл сан бүкіл ғаламның бірегей моделін ұстап тұрған тұтас бір құрылым. Қалайша дейсіз бе? Үш саны – тіктік өлшем. Бұл аспан, жер және жер асты әлемінің бірлігі.Төрт саны – дүниенің төрт бұрышы, көлденең кеңістік. Осы «үш» пен «төртті» қосқанда шығатын «жеті» саны – ғарыш пен жер кеңістігінің абсолюттік моделін білдіреді. Бабаларымыз «жеті» дегенде, осы шексіз ғаламның үйлесімі мен толықтығын меңзеген.

Қазақ халқы үшін жеті саны – рухани тұтастық. «Жеті ата» – генетикалық тазалық пен тектіліктің белгісі. «Жеті қазына» – өмір сүрудің үйлесімі. Ал «жеті шелпек пісіру» – жаратушымен рухани байланыс орнатудың, ризашылық пен ізгіліктің көрінісі. Бұл дәстүрлердің барлығы адамды ретке, үйлесімге және тепе-теңдікке жетелейді.

Серікбол Қондыбайдың тағы бір тосын тұжырымы бізді «жеті» ұғымының түп-төркініне жетелейді. Ол жеті санын «сан» емес, белгілі бір «межеге жету» түсінігімен байланыстырады. Біздегі «бой жету», «ер жету» сөздерінің түпкі мағынасы осы «межеге жету» ұғымынан бастау алады. Бұл жерде ең таңғаларлық дерек – «жетім» сөзінің шығу төркіні. Көне танымда «жетім» – ата-анасынан айырылған бала емес, керісінше, белгілі бір жас межесіне жетіп, ересектердің арнайы сынынан сүрінбей өткен, ер жету сатысын бағындырған бозбала. Яғни, межеге жету — кемелденудің, есейюдің белгісі болған. Біз үшін жеті – жай ғана сан емес, бұл өмірлік меже, биіктікке ұмтылыс және ғаламмен үндестік.

ДӘУІРХАН  Айнұр,

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

«Үшқоңыр орта мектеп – гимназиясының»

 11 «Б»  сынып оқушысы.

Жетекшісі: Саусақбаев Болат  Бекмұхаммедұлы,

Тарих пәнінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

Қарқара – құтты мекен, тарихи өлке

farabi shakirti shakirti

«Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейханов: ұлттық баспасөздің қалыптасуы мен қоғамдық сананың оянуы

MAIQY BIDIŃ NAQYL SÓZDERI