«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ұстаз

Шәкірт өміріне шамшырақтай нұрын төккен

Ұстаз… Қандай қастерлі сөз! «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп ұлы Абай атамыз бекер айтпаған. Әркімнің өмірінде тағдырын өзгертетін, бағыт-бағдар беретін тұлғалар болады. Мен үшін ол – Саусақбаев Болат  Бекмұхаммедұлы.

Болат ағай – «Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының» тарих пәнінің мұғалімі. Қарапайым шағын ауылда орналасқан мектепте 2013 жылдың 1-ақпанында «ARGUMENT» дебат клубының негізін қалады. Мектепте дебат түгілі, басқа үйірмелердің өзі әлі толық қалыптаспаған тұста, ағайдың мұндай қадамға баруы оқушылар үшін де мұғалімдер үшін де батыл жаңалық болды. Дебат клубы ұзаққа бармайды деп ойлаған адамдар да болды. Бірақ өз жетекшілігімен мектеп оқушыларын студенттермен байланыстырып, тәжірибе алмастырып мықты ортаны қалыптастырды. Тәрбие мен білімді, отбасылық құндылықтарды қатар сіңдіретін бұл ортаға биыл 13 жыл толды.

Сегізінші сыныптың табалдырығын аттағанда, Болат ағайдың жай ғана тарих пәнінің мұғалімі емес, өміріме жол сілтеген тұлғаға айналарын ол кезде білмеппін.

Ағай – тек тарих парақтарындағы даталарды жаттатқызатын ұстаз емес, сол тарихты бүгінгі күнмен байланыстырып, әр оқушының ой-өрісін дамыта білетін жан. Оның сабақтарындағы ерекше сипат – тарихты жеңіл әрі қызықты түсіндіруінде. Ол бізді болған оқиғаларды терең талдауға, себеп-салдарын түсінуге жетелейтін.

Болат Бекмұхаммедұлы қарапайым ауыл мектебінің оқушыларын әртүрлі жоғары оқу орындарына республикалық жарыстарға апарып, бізге үлкен өмірге қадам басуға мүмкіндік берді. Тіпті, мектеп оқушыларына арнап алғашқы рет республикалық дебат турнирлерін  ұйымдастырғаны әлі күнге дейін көптеген шәкірттің есінде. «ARGUMENT» дебат клубы біз үшін жай ғана үйірме емес, еркін ойлауды, шешендік өнерді және мықты тұлғаларды қалыптастыратын нағыз мектепке айналды.

Есімде, дебат пікірсайысы кезінде қобалжығаннан ойымды жинақтай алмай тұрғанымда, Болат ағайдың «Қорықпа, сенің айтарың бар» деген сенімді көзқарасы мен қолдауы маған қанат бітірді. Ол қателіктерімізді бетке басқаннан гөрі, сол қателіктен сабақ алып, келесіде қалай мықтырақ болуға болатынын үйретті. Дәл сол сабырлық пен ұстаздық мейірімнің арқасында біз облыстық, республикалық жарыстарда биік шыңдардан көріндік. Жеңіс тұғырына шыққан әрбір сәтте, қолыма дипломды алған сайын, іштей Болат ағайға алғыс айтамын. Өйткені, ол дипломдар – ағайдың төккен маңдай тері мен сарп еткен уақытының жемісі.

Бүгінде артқа көз салсам, сегізінші сыныптан бері өткен сол жол менің тұлға болып қалыптасуыма зор үлес қосқанын түсінемін. Ұстаз болу – бұл, ең алдымен, оқушының жүрегіне жол тауып, оның ішіндегі жақсылықтың шырағын жағу болса керек. Болат ағай – менің жүрегімдегі сол шамды жаққан ұстазым. Сіздің әрбір кеңесіңіз, әрбір ақылыңыз – менің бүгінгі жетістіктерімнің алтын арқауы. Барша шәкірттеріңіздің атынан алғыс айтамын, Болат ағай!

ДӘУІРХАН  Айнұр,

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

«Үшқоңыр орта мектеп – гимназиясының»

 11 «Б»  сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

«Ұлпан» романындағы кейіпкерлер әлемі

farabi shakirti shakirti

Урок: Какие права и обязанности есть у детей

Қызылордалық мұғалім география пәні бойынша платформа әзірледі