Қазақ химиясының атасы

Химия ғылымының корифейі Бірімжанов Батырбек-Қазақстанның химия ғылымының негізін салушылардың бірі.

Қазақстандық көрнекті ғалым-химик, республика жоғары білімі мен ғылымының ірі ұйымдастырушысы, шығармашылықтың шыңы іспеттес болған Батырбек Ахметұлы Бірімжанов бұрынғы Самара губерниясының Бузулук қаласында 1891 жылғы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Бастауыш білімді әйгілі Алтынсарин мектебінде алып, орта мектепті Қызылордада бітірген. Ол 1928 жылы Халық білімі тәжірибелік институтының (ПИНО) студенттері санатына еніп, 1932 жылы Қазақ педагогикалық институтының химия бөлімін бітіріп шықты. Әкесі Ахмет Қорғанбекұлы белгілі заңгер, Мемлекеттік Думаның депутаты, «Алаш» партиясының қайраткері, кеңес дәуірінде халықтық әділет комитетінің алқа мүшесі, Қазақстан Жоғарғы сотының мүшесі қызметтерін атқарған. Анасы Гүлжауһар Әлмұхамедқызы Әбілқайыр ханның шөбересі.

Еңбек жолын студент кезінде-ақ бастаған Б. Бірімжанов 1930 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Ақмола өңіріндегі Нұра ауданы бойынша сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше өкілі болған, ал 1931 жылы Халық ағарту комиссариатының өкілі ретінде Шалқар ауданында міндетті бастауыш білім беру мен ұйымдастыру ісімен айналысты. 1934 жылғы қаңтардан бастап Б. Бірімжанов Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етті. Ал 1936 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты болып қабылданды. Алғашқы ғылыми ізденістерін профессор С.А.Щукаревтің жетекшілігімен бастады. ҚазМУ-ға оралған соң Батырбек Ахметұлы осы оқу орнының қабырғасында ассистент, аға оқытушы (1940), доцент (1948), кафедра меңгерушісі (1954), профессор (1965) қызметтерін абыроймен атқарды. Оның үстіне ҚазМУ-да химияның қазақ тілінде оқытыла бастауы да профессор Б. Бірімжанов еңбегінің нәтижесі. Ол 1940 жылдан бастап ұстаздық қызметпен қатар Қазақстанның химия өнеркәсібі үшін зор маңызы бар ғылыми проблемалармен айналысты. Ә.Б.Бектұровпен бірлесе ізденіп, енді ғана ашылған Қаратау фосфориттерін қышқылсыз қайта өңдеу мүмкіндіктерін зерттеді.

1946 жылы «Қазақстандық шикізаттан термофосфаттарды алудың оңтайлы жағдайлары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1952 жылы Балқаштың мыс балқыту комбинатында күкірт натрийін шығарудың үздіксіз өндірісі әдісін ендірді. 1954 жылдан бастап ҚазМУ-дың бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, сонымен бірге 1980 жылға дейін 26 жыл бойы химия факультетінің деканы болды.

Б. Бірімжанов оқыту әдіскері ретінде де танылған азамат. Он жыл бойы (1963-1973 жж.) ол Қазақ КСР Білім министрлігінің химия жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарды, сонымен бірге кеңестік химиктердің ұлттық комитеті (ИЮПАК) жанындағы жоғары білім мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды.

Оның жетекшілігімен 36 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалды. Ол қайтыс болған соң тағы 6 шәкірті кандидаттық диссертация қорғады.Б. Бірімжановтың жеке өзі және онымен бірлескен қызметкерлері 900-ге жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 17 монография шығарды. Ғалым республиканың орта және жоғары мектептеріне арналған 10 оқулықты қазақ тіліне аударып, 6 оқулықты редакциялады. Оның 20 ғылыми-әдістемелік жұмысы жарық көрді.

Ол өз өмірін ғылыми зерттеулерге арнап, химия саласындағы көптеген маңызды еңбектердің авторы болды, «Жалпы химия», «Химия серігі», «Солеобразование в некоторых контитнентальных бассейнах Қазахстана» және т.б еңбектері қойылды. Оның еңбектері химияның әртүрлі бағыттарына қатысты, бірақ оның басты зерттеу саласы органикалық және аналитикалық химия болды.

Батырбек Бірімжанов Қазақстандағы химия ғылымының дамуына зор үлес қосып, Қазақстанның ғылым саласында беделді ғалым ретінде танылды. Ол көптеген оқу құралдары мен ғылыми мақалалар жазды, Қазақстанның химиялық өндірісін дамытуда маңызды рөл атқарды

Б.А.Бірімжанов ғалым, ұстаз, тәлімгер. Ғалымның ғылыми қызметі Қазақстандағы химия ғылымын халықаралық деңгейге көтеруге ықпал еткен. Ол зерттеулерінің нәтижесінде еліміздің химия саласын жаңа деңгейге көтеріп, отандық ғылымды алға жылжытты. Батырбек Бірімжановтың химия саласындағы жетістіктері қазіргі Қазақстандағы химия ғылымының іргетасын қалауға себепші болды.

Дереккөзі: С.Асфендияров атындағы Қазақ

Ұлттық  медицина университетінің ресми сайтынан алынды.