Өз қабілеттеріңді қалай ашуға болады?

Біз, жасөспірімдер, әрдайым «Менің неге қабілетім бар?», «Менің өмірімдегі бағытым қандай?», — деген сұрақтарға жауап іздейміз. Кейде бұл сұрақтар бізді шатастырып, өз-өзімізге сенімсіздік тудыруы мүмкін. Бірақ сенің бойыңда ерекше қабілеттер мен таланттар бар, тек оларды анықтау үшін өзіңе біраз уақыт беруің керек.
Қабілеттерді анықтау – өз-өзіңді танудың маңызды бөлігі. Бұл сенің болашақ мамандығыңды, қызығушылықтарыңды және өміріңнің бағытын анықтауға көмектеседі. Әр адамда ерекше таланттар мен қабілеттер болады, бірақ оларды тану үшін белсенді ізденіс қажет.
Осы тұста бірнеше әдістер ұсынсам:
Өзіңе сұрақ қою әдісі:
Қабілеттеріңді анықтаудың ең қарапайым жолы – өзіңе сұрақ қою:
- Маған не ұнайды және қандай іс маған қуаныш әкеледі?
- Мен қандай істерді басқалардан жақсы орындай аламын?
- Қандай жаңа дағдыларды тез үйренемін?
Бұл сұрақтар сенің қызығушылықтарың мен жасырын таланттарыңды тануға көмектеседі.
Тәжірибе арқылы өзіңді тану:
Көп нәрсені тәжірибе арқылы анықтауға болады. Әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өзіңді түрлі салаларда сынап көр. Спорт, музыка, өнер, бағдарламалау, жазушылық – барлығын байқап көру арқылы саған жақын істі табасың.
Мысалы:
- Егер сені сурет салу қызықтырса, арнаулы курстарға бар.
- Егер спортты жақсы көрсең, жаңа спорт түрін байқап көр.
- Жаңа нәрселерді сынау арқылы өзіңнің шынайы қабілеттеріңді танисың.
Өз қабілеттеріңді ашу – бұл қызықты және пайдалы саяхат. Ең бастысы – жаңа нәрселерді сынап көруден қорықпау және әрдайым өз-өзіңе сену. Әлемдегі әрбір адам ерекше, сенің де бойыңда өзгелерден артық қасиеттер бар. Оларды тауып, дамытудан қашпа!
Есіңде болсын: қабілеттерің – бұл сенің болашағыңның кілті!
ҒАНИҚЫЗЫ Дәрия,
Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы.
Алматы.
Сурет:mail.kz