«FARABI SHAKIRTI» журналының саяхаттары

ІХ–ХҮ ғасырлардағы отырарлық 30 ғалым
Алғашқысы Әбу Насыр әл-Фараби
Қадірлі оқырман!
Журналымыздың өткен шілде айындағы 5-нөмірінде «Ғұлама бабамыз туған топырақ Фарабта» атты тақырыпта Әбу Насыр әл- Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған Отырар шаһарының өткені мен бүгінгі жайы туралы әңгімелеген едік. Түсінігі мол оқырман бізге қоңырау шалып:
—Сіздердің «Отырартөбеге» саяхаттарыңыздың жалғасы бар ма?–деген сауалдар қоюда.
Оқырмандарымыз күткен сауалдың жауабын осы нөмірде жалғастырдық. Әл- Фарабидің трактаттарына тоқталып, ғұламаның бізге қалдырған даналықтарының қаншалықты өміршеңдігін бүгінгі өмірімізбен байланыстыра әңгімелемес бұрын, оқырмандарымызға Отырарда дүниеге келіп, сұңғыла бабамыздың ілімін жалғастырған ғалымдар жайлы қысқаша айтып өткенді жөн көрдік.
ІХ–ХҮ ғасырлардағы отырарлық ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері қызықтырған оқырман, оларды зерттеу жұмыстарын өздері жеке жүргізеді деген үміттеміз. Өйткені, бүгінге дейін Фарабидің шәкірттері мен олардың ғылыми еңбектері жайлы зерттеу әлі айтарлықтай жүргізілмей келе жатқаны рас.
Олар кімдер?
Біздің сендерге жариялағалы отырған Фарабтан шыққан Фарабилер туралы деректерді қайдан алдық? Түркістан облысының Отырар ауданы аймағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан керуен жолы. Аудан орталығы – Шәуілдір батыс пен шығысты жалғастырған Жібек жолының бойында орналасқан. Аудан әкімшілігі де тура сол жолдың бойында. Әкімшілік ғимаратының алдында мерекелік шаралар өткізетін алаң бар. Алаңға келген адам «Мәңгілік ел» қақпасына кіреді. Сол бақтың ішінде Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан кейін өмір сүрген 29 ғалымның бюсті қойылып, өмір сүрген жылдары көрсетілген. Гранит қабырғаға композитор, 500 әннің авторы Шәмші Қалдыаяқов, Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғалардың да есімі жазылған.
Аббас әл-Жауһари (т.ж.б.- ө.ж.б.)
Аббас әл-Жауһари туралы деректер Ауданбек Көбесовтің «Әл-Фараби » атты еңбегінен кездеседі. Ол Аббас әл-Жауһариді «ІХ ғасырда құрылған Бағдад мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдад обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі. Аббас әл-Жауһаридің Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін мағлұматтар бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін «Жауһар ана» немесе «Гауһар ана» деп аталады. Ол әлгінде көрсетілген жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдадта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Бұл еңбекке Әбу Насыр әл-Фараби үлкен мән берген.
Аббас әл-Жауһари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін» кемелдендіру» деп аталатын трактат жазған. Бұл трактат бізге әзірше мәлімсіз. Тек Насраддин Туси (ХІІІ ғ.) өзінің параллель түзулері жайлы еңбегінде әл-Жауһариден үлкен үзінді келтіреді.
Әбу Ибраһим Исхақ Әл-Фараби (т.ж.б.-961)
Оның атақты туындысы «Диуан әл-адаб» («Әдеби жинақ») деп аталады. Бірақ ол қай жерде, қашан шықты деген сауал көпке дейін жауапсыз қалып келді.
Атақты неміс шығыстанушысы Карл Брокельманның (1868–1956) «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде осы ғалым жайлы бірнеше жолдан тұратын мағлұмат бар. 1897 жылы Веймар қаласында шыққан аталған зерттеуінде ол Отырар перзенті жайлы: «Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Түркістан өлкесіндегі Фараб қаласында туылған. Біраз уақыт Забидте тұрды. Сонда жүріп ол біздің заманымызға жеткен негізгі еңбегін жазды. Кейінірек туған қаласында ұстаздық етті де, соңыра 350/961 жылы осында дүниеден өтті»,-дейді.
Исмаил Әл-Жауөари Әл-Фараби (т.ж.б.- 1008)
Бұл ғалым жайлы жазба деректер көп емес. Ливандық әдебиетші Ханна әл-Фахури оны араб тілінің лексикография саласының білгірі ретінде таныса, ортағасырлық оқымысты Әбу Мансур ас-Сағалиби (961–1038) өз еңбегінде ол «ақын еді» деп, бірнеше өлеңдерін келтірген.
Отырар перзентінің туған мекенін білдіретін «әл-Жауһари» деген атау алдында базбір ғалымдар «әл-Фараби» деген сөзді де қосып жазады. Мысалы, белгілі шығыстанушы А.Б.Халидов жерлесіміздің толық аты-жөнін «Әбу Насыр Исмаил ибн Хаммад әл-Фараби» деп көрсетеді. Әл-Жауһаридің Отырарда туылғандығы жайлы ас-Сағалиби: «Түркі шаһарларының бірі Фарабтан шыққан Әбу Насыр тамаша да ғажайып адам, араб тілінің нағыз білімпазы еді… » деп жазған.
Ас-Сағалиби әл-Жауһариді тек тілші ғалым ғана емес, сонымен қатар ақын да болған дейді. Шынында да, ол өзінің ең алғашқы ғылыми еңбегі «Китаб әл-арудта» («Өлең өлшемі жайлы кітап») араб поэзиясын терең зерделеп, өзіндік теория жасауға тырысқан. Араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясының жоғарыда аталған білгірлері өз туындыларында Отырар азаматы бәдәуилер арасынан қайтып оралған соң аталған тілдің кейбір мәселелерін сөз ететін «Китаб әл-мұқаддима фин-н-наһу» («Грамматикаға кіріспе кітап») деп аталатын сүбелі еңбек жазған дейді.
Талантты ғалым шығармасының жұқаналары қазір Тебриз, Каир, Бұлақ, Калькутта, Лейден, Эскуриал, Париж, Берлин, Ташкент, Санкт-Петербург, Махашқала кітапханаларында сақтаулы. Ол бірнеше рет араб елдерінде басылып та шықты.
Әлам Ад-дин Әл-Фараби (Х-ХІ)
Ол әл-Жауһаридің баласы. Оны ғалымның Исмаил ұлы, яғни Әли ибн Исмаил әл-Жауһари деген ныспысы да айғақтап тұр. Оның «Әлам ад-Дин әл-Бағдади» (бағдадтық) деген тағы бір ныспысына қарап Бағдадта туылған деуге болады. Әбу-л Хасан Әли (Әлам ад-Диннің) Бағдадта туылуы да ғажап емес.
Мысалы, «Әлам ад-Дин Әбу-л Хасан Әли ибн Исмаил әл-Жауһари (X–ХІ ғ.) – Бағдадта «ар-раккаб салар» (атты әскер қолбасшысы) деген атпен де белгілі. Бәлкім ол әйгілі математик Әбу Насыр Исмаил ибн Хаммад әл-Жауһаридің (1008 ж. өлген) ұлы болар. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Фараб маңындағы Жауһардан шыққан, математик, астрономиялық аспаптардың шебері» деген пікірді орыс, шығыс зерттеушілері де айтады. Әлам ад-Дин жайындағы осындай деректерді неміс ғалымы Генрих Зутердің (1848–1922) еңбегінен де кездестіреміз. «Араб математиктері мен астрономдары» деген кітабында ол отырарлық ғалым жөнінде бірнеше жолдық деректер келтірген.
Әбу Мұхаммед әл-Мұқаддаси әл-Фараби (Х-ХІ)
Орта ғасырлық араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми (1179-1229) «Муғжам әл-булдан» – «Елдер жайлы анықтама жинағы» деген еңбегінде Әбу Мұхаммед туралы бірнеше жолдық дерек келтірген, ол жайлы Әбу Дуджана деген кісінің екі ұлы Әбу Бәкір мен Әбу Зура һәм Әбу Бәкір бин әл-Мұқридің әңгімелегенін айтады. Сондай-ақ Әбу Мұхаммедті мақтап, ризашылық білдіріп еді деп әл-Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмед бин Мұхаммед бин Румайх ан-Насауиді атайды.
Сөйтіп өкінішке орай Йақұт ар-Руми бұл дананың туылған және қаза болған жылы, өмірі мен шығармашылығы жайлы ештеңе де айтпаған. Сол себепті де Теһран, Стамбұл, Бағдад, Дамаск, Каир қолжазба қорларынан Әбу Мұхаммед әл-Фараби туралы сөз еткен Әбу Дуджана, Әбу Бәкір мен Әбу Зура, Әбу Бәкір бин әл-Мұқри, Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмед бин Мұхаммед бин Румайх ан-Насауи еңбектерін тауып, зерделеу керек. Әйтсе де оны шамамен Х-ХІ ғасырларда күн кешкен деп шамалауға болады.
Әбу-л Фадл Сиддиқ әл-Фараби (т.ж.б.-350/961)
Ол хадисші. Фарабта туылған. Бірақ ныспысы соңында ас-Сунахи деп те жазылған. Ол сунақтық дегенді білдіреді. Бірақ бұл ғалымды Орта Азиялық Әбу Саъд ас-Самани (1113-1167) тек Сунахи ғана емес, сондай-ақ әл-Фараби деп те көрсеткен. «Ас-Сунахи, Мауараннаһрдегі Сейхунның (Сырдария өзенінің) арғы жағындағы Фараб атты қала (балда) маңындағы елді мекенге қатысты нисба.
Бұхарада, Отырар перзентіне хадис айтқандар ішінде бағдадтық ғалымдардың да болуына қарағанда Мауараннаһр халқының Таяу және Орта Шығыс жұртымен байланысы тұрақты болса керек.
Ал, Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Насыр әл-Маруази болса Х ғасырда өмір сүрген марылық дін ислам қайраткері, хадистанушы, өмірінің бірқатар жылдарын Самарқанда өткізіп, бірнеше кітаптар жазған, 10-нан астам шәкірттері болған ойпаз.
Саъд әл-Мүлік әл-Уасиджи (әл-Фараби) (т.ж.б.-1023)
Энциклопедист ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазған орта ғасырлық тарихшылардың көпшілігі және В.В.Бартольд оны әдетте Отырар маңындағы Уасиджде (Оқсыз) туылған деп көрсетеді. Фараб-Отырарға серік қалалардың бірі – Уасидж (Оқсыз) орны Сырдарияның сол жағында.
В.В.Бартольд Уасиджді «күмбезді мешіті, күшті билеушісі бар Кедерден екі фарсах төмендеу жатқан шағын бекіністі елді мекен» дей отырып, оның ХІІ ғ. дейін дін аман болғанын айтады.
Йахия бин АхмеТ Әбу Закария әл-Фараби (т.ж.б.-1033)
Ол жайлы деректер Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Муъджам әл-булдан» – «Елдер жайлы анықтама» атты еңбегінің бірінші томында жазылған. Онда ол «Бараб» деген тақырып-сөз берген де: «Бұл үлкен және аумақты аймақтың (нахия) аты. Бұл жерді Фараб деп те айтады. Йақұт әл-Хамауи ар-Руми Джейхун деп атаған Әмударияның оң жақ жағалауында осылай аталатын қыстақ қазір де бар. Ол Бұхараның батысында. Бірақ Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби мен Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Әмудария бойындағы Фарабтан емес, Сейхун (Сырдария) жағасындағы Фараб шаһарынан шыққан. Йақұттың өз айтқанына өзі күмәнданып «Әбу Саъд осылай дейді, бірақ мен (анық-қанығын) белмедім» деуі де сондықтан болса керек.
Ахмет әл-Фараби (ХІІ-ХІІ)
Ол туралы деректер Ауданбек Көбсовтің «Әл-Фараби» атты еңбегінде кездестіреді. «Қазақстандық тарихшы ғалым Қажи Нұрсұлтанов 1968 жылғы «Білім және еңбек» журналының сегізінші санында жарияланған «Тағы бір Фараби» деген мақаласында ХІ-ХІІ ғасырларда Отырар бойынан шыққан, бұрын бізге белгісіз болып келген жаңа бір Фарабимен таныстырды. Оның есімі Ахмет Фараби. Ахмет өз дәуіріндегі белгілі математиктердің бірі болған сияқты. Қазір бізге оның «Китаб тадбир әл-хауз фи тадбир әл-ахуаз» («Хауызды дөңгелек хауызға айналдыру жайлы кітап») атты еңбегі белгілі. Бұл шығарма дөңгелекті квадратуралау мәселесіне арналған» деп жазады А.Көбесов.
Әбу Әли Хасан әл-Фараби (т.ж.б.-ө.ж.б.)
Оның есімі фиқһ (мұсылман хұқығының маманы), Шафиғи мазһабының ғұламасы Әбу Исхақ Ибраһим бин Мұхаммед аш-Ширазиге (? — 1083) байланысты аталады. Отырар перзенті Әбу Исхақтың «Муһаззаб фи-л фуруғ» – «Түзетілген бөлімдер жайлы» атты еңбегіне түсіндірме жазыпты.
Бұрһан Ад-дин Фхмед Әл-Фараби (т.ж.б.-1174)
Ол XІ ғасыр басында туған мекені Отырар өлкесінде Қарахан әулеті құрған феодалдық мемлекеттің түрлі соғыстар мен шапқыншылықтар, алауыздықтар әсерінен ыдырап, тарих сахнасынан ауытқып кету қаупі басталған кезде дүниеге келген. Ол жайлы неміс шығыстанушысы Карл Брокельманның «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде атайды.
Бурһан ад-Диннің алғашқы білімді Отырарда алғанында дау жоқ. Ол кезде Йасы (Түркістан), Исфиджаб (Сайрам), Тараз, Шаш, Сауран, Сығанақ қалаларында араб, парсы жұртынан келген діндарлар, сондай-ақ түрлі ғалымдар келіп дәріс берген. Сол себептен Бурһан ад-Дин де өзінен бұрын өмір сүрген отырарлық жерлестері немесе Орта Азия, Хорезм өлкесінен шыққан оқымыстылар секілді араб, парсы тілдерін жақсы білген.
Шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі Түркияның Сүлеймания кітапханасынан оның «Манзума фи-л муаннасати-с самаийа» еңбегінің қолжазбасын ұшыратқан. 121-124 бет.
Бурһан ад-Динді К.Брокельман 1174 жылы қайтыс болған дейді. Ол өзінің туған мекені Отырарда көз жұмды ма, яки өмірі алыстағы араб елдерінің бірінде Әбу Насыр әл-Фараби секілді шаңыт жолға сарыла қарап, сағынышпен өтті ме, ол жағы белгісіз. Ғалымның Бұхарадан табылған аталмыш еңбегінің қолжазбасы қазір Санкт-Петербургте сақтаулы.
Әбу — Л — Қасым Әл-Фараби (1130-1210)
Моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүрген, аты да, шығармашылығы да оқырмандарымызға белгісіздеу болып келген отырарлық ойшылдың тағы бірі Имад ад-Дин Әбу-л-Қасым әл-Фараби. Аталған ғалымның отырарлық екенін дәлелдейтін бірнеше деректер бар.
И.Ф.Готвальд өз еңбегінде Әли бин Махмуд бин Мухаммад ар-Раид әл-Бадахшани (XІV ғ.) мазмұндап берген Имад ад-Дин Ахмед Әбу-л Қасым әл-Фараби атты ғалымның «Халисату-л хақайқ» деген еңбегін келтіреді де, шығарманың 1851 жылы Қазанда басылып шыққанын ескертеді (Готвальд И. Ф. Описание арабских рукописей… 259-бет.).
Қазандық шығыстанушы жерлесіміздің аталған дүниесін баспаға дайындауда ортағасырлық ғалым, хаттат (каллиграф) деген Әли бин Махмуд бин ар-Раид әл-Бадахшанидің еңбегіне сүйенген.
Имад ад-Динді Отырарда 1130 жылдары дүниеге келген деп шамалауға болады. Алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған ол сол кездегі өз тұстастары секілді фәлсафа, этика, логика, тарих, жағрафия, астрономия іспетті тағы басқа ілім салаларынан мол сусындаған сияқты. Олай деуге оның қаламынан туған терең ой, сындарлы еңбегі дәлел болғандай.
Имад ад-Дин әл-Фараби Қожа Ахмет Йасауи (1093–1167) қайтыс болардан сәл бұрын дүниеге келген. Сондықтан да оны Тараз, Исфиджаб, Шаш, Түркістан, Сауран, Сығанақ жамағаты сияқты Қожа Ахметтің хикметтерімен («Даналық сөздерімен») таныс болған деуге болады.
Абд ас-Самад әл-Фараби (т.ж.б.-1307)
Моңғол шапқыншылығынан кейін дүниеге келіп, Отырарда өмір сүрген тағы бір ғалым Абд Ас-Самад әл-Фараби.
Кейбір жазбаларда ғалым Заһир ад-Дин әл-Фараби деп те көрсетіледі. Отырардың бұл перзенті туралы аз мағлұматты шығыстагушы Әбсаттар қажы Дербісәлі Осман тарихшысы Хаджи Халифаның (1609-1658) «Кашф аз-Зунунынан» ұшыратқан.
Осман тарихшысы Отырар перзентінің парсы текті әл-Байдауидің «Тауалиғ ал-Анзар» – «Тағдырға көзқарас» және «Минһадж әл-усул» – «(Фиқһ) Негізіне жол» деген еңбектеріне түсіндірме жазғанын айта келіп, оның һижраның 707/1307 жылы дүниеден өткеніне ғана тоқталған. Басқа дерек келтірмеген.
(Шираз маңынан) шыққан имам Насыр ад-Дин Әбу-л Хайыр Абдалла бин Умар Мұхаммед ибн Әли (?-1290), әдетте бірақ «әл-Байдауи аш-Шафиғи» деген ныспысымен белгілі болған өз заманының озық ойлы ғалымы еді. Ол Құран кәрімнің жекелеген сүрелеріне түсіндірме жазған, Фиқһ ғылымына байланысты да бірқатар еңбектердің авторы.
Моңғол шапқыншылығынан кейін де Отырардан Абд ас-Самад секілді ғалымдар шыққанына қарағанда Фараб шынында да қайта көтеріліп, бұрынғысынша мәдени, ғылыми, діни-руханият орталығы ретінде тіршілік ете берген.
(Жалғасы бар).
Отырар аудандық әкімшілігі,
«Руханият – Әбу Нәсір әл – Фараби мұражайы»
МКҚК-ның қорынан алынды,
2019 жыл
Сурет:https://okg.kz/post?id=35652&slug=otyrar-ulttyn-ruhani-qazygy