Төле би ауданының тарихы

Түркістан облысының Қазығұрт тауы мен Ақсу-Жабағылы қорығының аралығында тарихы терең Төлеби ауданы орналасқан. Жұрт бұл өлкені «адамзаттың топан судан кейін өсіп-өнген бесігі» ретінде киелі жер санайды. Табиғатының сұлулығы, өсімдігі мен жан-жануарлар дүниесінің әр алуандығы баршаға мәлім.

Төлеби ауданына қарасты тау бөктеріндегі Сайрамсу, Мыңше­йіт, Қарасора (қазіргі аты Кеңеса­рық), Қасқасу, Керегетас, Дихан­көл, Нысанбек, Біркөлік,Төңке­­ріс, Қаратөбе, Майбұлақ елді ме­кен­дерінің маңайында көне қа­ла­шық, қорған, тарихи-ескерт­кіш, қарауылтөбе орындары аз емес. Ал Сілбілі өзенінің бойын­дағы жартастардан ежелгі суреттер мен сына жазулар табылды.

Бұл туралы белгілі өлкетанушы Өмірбек Шыныбекұлының 2017 жылы шыққан «Қара шаңырақ‒Қарасора, құтты мекен ‒ Сайрам­су» атты кітабынан оқуға болады. Онда Есім ханның ордасы мен осы аймақтағы тарихи оқиғаларға қатысты құнды деректер кездеседі.

Жалайыр Ақтан сопының 1730 жылғы «Біздің тарихымыз» ат­ты еңбегінде Түркті жеке тұлға ретін­де атап, денесі Сайрамға қойыл­ған делінеді. Сайрам деген атау «тақ мұрагері» дегенді білдіреді. Ескі еңбектерде «Сайрам – Түрк­тің Тұр деген ең кенже ұлының лақап аты. Ол ат оған Түрк қайтыс бол­ған соң, оның тағына отырғаннан ­соң берілген…». Қазіргі Төлеби ­ауда­нындағы тауда Сайрам атты ең биік шың бар. Сайрамсу сол шыңнан бастау алады. Осы өзен қиып өте­тін қазіргі Төлеби ауданы мен ба­йырғы Сайрам қаласы іргелес.

Рашид ад-диннің 1316 жылғы «Жамиғ ат-Тауарих» атты парсы тіліндегі еңбегінің 47-бетінде көне Сайрам туралы мынандай дерек келтірілген: «…Кәрі Сайрам – өте көне әрі аса кең де үлкен қала. Қаланы көргендер оның басынан аяғына дейін бір күндік жол және онда қырық қақпаның бар екенін жеткізеді. Қазіргі кезде онда мұсылман түркілері өмір сүреді. Сондай-ақ ол Қайдуға (Шыңғыз ханның шөбересі,Үгетайдың не­мересі – Е.И.) тиесілі және Қун­чи ұлысына жатады. Қайдудың ұрпақ­тары мекендейтін жерлер сол араға жақын орналасқан».

«Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жиынтығы елдің әлеуе­тін арттырып, ұлысты ұйыстырып, өрісін кеңітіп, шекара-шебін шегендеп, ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалған.

Ержан Исақұлов,

саяси ғылымдар докторы, Түркістан облысының  құрметті азаматы

https://egemen.kz/

«Есім хан ордасы және көне жәдігерліктер: Төлеби ауданының туристік әлеуетін арттырар мүмкіндік» атты мақала қысқарьылып берілді.

 Төле би ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 3,1 мың км² (облыстың 2,6%-ын қамтиды). 1932 жылы құрылған (1991 жылға дейін Ленгер ауданы). Аудан орталығы – Леңгір қаласы. Аудан халқы ауыл шаруашылығы және бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Аудан жерімен Ленгер-Шымкент темір жолы өтеді.

Сурет:https://bainews.kz/