Мектебімнің мерейі үстем болсын!

Қазақстанда алғаш рет «ұлттық» мәртебеге ие мектептің негізі қаланды. Бұл мәртебеге ие болған – қазақ руханиятының алтын бесігіне айналған, талай дарынды шәкірттің қанатын қатайтқан білім ордасы – Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты. Мектеп-интернат бүгінде еліміздің ертеңіне жарқын болашақ сыйлайтындай үміт артар құрметке ие болмақ. 2024 жылдың 13 қарашасы – осы мектеп тарихындағы жаңа белеске айналған күн. Дәл осы күні «Ұлттық Абай мектебінің» іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға мектеп түлегі, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы қатысып, білім ордасының болашақ бағыт-бағдарын айқындап берді.
Абай РММИ – елімізде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын бірегей мектеп-интернат. Оның тарихы 1957 жылдан бастау алады. 2003 жылы Үкімет қаулысымен білім ордасы «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» атағын иеленіп, ал 2006 жылы ресми түрде Абай есімі берілді. Осы кезден бастап мектеп қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бағытқа көшті.
Мектебіміздің басты ерекшелігі – оқушыға білім берумен қатар, олардың жүрегіне қазақы рух пен ұлттық болмысты дарыту. Қазақ тілін тереңдетіп оқыту жас ұрпақтың бойында ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілік пен елге деген құрметті оятудың кілтіне айналған. Бүгінде аталмыш білім ордасының республика көлемінде желілік мектептері ашылып, білім жүйесіндегі ұстанымдары бірте-бірте қанат жайып келеді.
Қазіргі таңда біз білім алып отырған мекеме оқушылардың дамуына, заманауи тенденцияларды меңгеруіне жағдай жасап, түрлі бағыттарда жұмыс жүргізілуде. Мектеп қабырғасында оқушылар тек сапалы білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін жан-жақты дамытады. Бұған дәлел – мектеп ішінде тұрақты түрде жұмыс істейтін түрлі ұйымдар мен үйірмелер. Мәселен, ой ұшқырлығын ұштайтын «Infact» дебат клубы, сөз өнерін дәріптейтін «Dilmar» шешендік өнер клубы, заманауи технологияларды меңгертетін «Antares» робототехника клубы әр салада оқушылардың биіктен көрінуіне жол ашып отыр.
Өнер саласына да ерекше көңіл бөлініп, Абай атындағы ҚазҰПУ-мен бірге ұйымдастырылған жас таланттарды актерлік шеберлікке баулитын «Шаңырақ» ұйымы өз жұмысын жүргізуде. Ұйымда оқушылардың сахналық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың ішкі әлемін байытып, шығармашылық қиялын қанаттандыруда.
Сонымен қатар, мектебімізде жыл сайын ауқымды жарыстар ұйымдастырылып отырады. Айта кетсек, қазақ тілі мен әдебиетінен «Абайтану» олимпиадасы, жас ақындар арасындағы дәстүрлі «Мен жастарға сенемін!» республикалық оқушылар айтысы және «Ділмар» республикалық шешендік өнер байқауы секілді сайыстар мектебіміздің ғана емес, республика көлеміндегі оқушылардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпал етіп келеді.
Осылайша мектеп оқушылары тек үздік біліммен емес, көпқырлы шығармашылығымен де танылып, болашақта ел игілігіне қызмет ететін тұлға болып қалыптасуда.
Абай мектебінен елін мен жерін сүйген, отаншыл біршама азаматтар түлеп ұшты. Атап айтқанда, белгілі кәсіпкер, «Tas Group» компаниясының жетекшісі Дулат Тастекей, «Assyltas» қоғамдық қорының директоры Рауан Оқас, кино әлемінің жұлдызы режиссер Думан Еркімбек, қазақ радиосының диктор-журналисі Гүлмира Нәлібай, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есали, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті генерал-лейтенанты Әділ Шаяхметов, журналист Саламат Омаш, «Алашұлы» тобының әншісі Мақсат Рахмет және тағы басқа беделі бес жұртқа мәлім түлектеріміз – үлгі аларлықтай тұлғалар. Мұндай азаматтар Қазақстанның ғана емес, шетелдің де төрінде жүріп, қазақтың абыройын асқақтатуда. Мектебіміздің түлектері қандай маман иесі болмасын қазақ тілінің мәртебесін бәрінен биік қойып, ұлттық және тарихи құндылықтар мен қазақы танымды жоғары бағалайды.
Түлектердің ұйымшылдығы – мектеп абыройының айғағы. Олар «Ұшқан ұя» қоғамдық бірлестігін құрып, артынан ерген шәкірттерге қолдау көрсетіп, қаржылай демеулік жасап келеді. Бұл – тек материалдық көмек емес, рухани сабақтастықтың, білім ордасы мен ұстаз еңбегіне деген алғыстың көрінісі.
Осы орайда, мен өзіме және қатарластырыма сын көзбен қарап, аға буынның ізімен бой түзеп, ой түзеу керектігін ұғынамын. Болашақта Абай ұлттық мектебінің түлегі деген атқа лайық болу үшін тек білім алып қана қоймай, Абай мектебі үйретіп келе жатқан рухани құндылықтарды бойымызға сіңіріп, жүрегімізге сақтай білуіміз маңызды. Ағаларымыз арқалаған ұлт болашағының кілтін аялап, тәрбие мен білімді қатар ұстап, алға нық қадам басамыз.
Абай ұлттық мектебі қазақ тілінің мерейін қорғап, оны дамытуды ғана емес, ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағын сақтап қалуды мақсат етеді. Бұл мектеп – ұлтын сүйген, болашаққа ұлттық мүддені арқалап бара жатқан азаматтарды тәрбиелейтін қара шаңырақ.
Мен осы мектептің шәкірті ретінде оның әрі қарай да дамитынына, қазақ руханиятының ұлы ордасы болып қала беретініне сенімім мол. Ұлттық мектептің шәкірттері ел келешегінің тізгінін ұстаса екен деп тілеймін!
ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,
АБАЙ РММИ
11 «В» сынып оқушысы