«Ulttyq naqyshtagy somke» трендте

Қазіргі сән әлемінде ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген қызығушылық артып келеді. Қазақ халқының бай мәдениеті мен ою-өрнектері сән индустриясында жаңа тыныс алып, ерекше орынға ие болуда. Соның бір дәлелі – қазақша сөмкелер. Бұл тек сәндік аксессуар емес, ұлттық мұраны насихаттайтын өнер туындысы. Осы бағытты дамытып, сөмке тігуді кәсіпке айналдырған жас шебермен сұқбат құрып отырмыз. Ол қазақша сөмкелерді тігумен айналысады және өзінің сүйікті ісі арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, адамдарға эстетикалық ләззат сыйлайды.

Бүгін біз осы шығармашылық жолдың басталуы мен оның маңыздылығы жайында  Акчабарова  Аяжан  Маратқызымен әңгімелестік.

Сіздің брендті ашуға қандай идея себеп болды?  Шабыт қалай келеді

—Өз кәсібімді бастау кішігірім брендке айналады деп мүлде ойламаппын. Бастапқыда, жай ғана сыйлық ретінде сөмке тігіп беруді жоспарлаған едім. Бірақ алғашқы сөмке өзіме қатты ұнап, «Неге сатып көрмеске?»  деген ой келді. Сөйтіп, сөмке тіге бастағаныма бір жылдан астам уақыт өтіпті. Шабыт – шығармашылық адамына әртүрлі мезетте келуі мүмкін. Өзім шығармашылық саласының жеңіл өнеркәсіп саласындағы маманы болғандық ойлау арқылы, кейде ұлттық қолөнер туындыларын, соның ішінде ою-өрнектерді мұқият қарап отырғанда шабыттанамын.

—Қазақша ою-өрнектерді таңдауыңыздың себебінеде? 

—Қазақ мәдениеті мен ұлттық киімдеріне, ою-өрнектеріне ерекше қызығушылығым бар. Ежелгі ою-өрнек қазақ халқының өмірінде маңызды рөл атқарған, сол құндылықты қазіргі заманда жоғалтпауға тырысамын. Сондықтан, өз сөмкелерімде қазақы оюларды дәріптеп, қолданып жүрмін. Мақсатым-ұлттың мәдени мұрасын қазіргіз аманмен ұштастыра отырып, жастарға таныстыру.

 —Сөмке құрастырып, тігу қаншалықты ұзақ уақыт алады? Қандай материалдар қолданасыз? 

—Сөмкелерімді джинсы матасынан тігемін. Тігу процесі әрдайым қызықты өтеді. Сөмкелерімді екі түрлі әдіспен безендіремін: біріншісі-матадан пішіп бастыра тігу арқылы, екіншісі-бояу арқылы ою-өрнек салу. Әрбір сөмкенің тігісінің, оюының сапалы болуына қатты мән беремін, себебі өнімдерімнің ұзақ қызмет етуін қалаймын.

—Өзіңізге ең ұнаған немесе ерекше мағыналы сөмкеңіз бар ма? 

—Нақты бір сөмкені ерекше бөліп айту қиын. Себебі, әрбір сөмкені махаббатпен тігемін, барлығы жүрегімде ерекше орын алады.

—Брендіңізді алға жылжыту үшін қандай маркетингтік әдісін қолданасыз? 

—Сату процесінде айтарлықтай маркетингтік әдісім жоқ. Көбіне инстаграм мен Tik Tok  парақшаларым арқылы өнімдерімді ұсынамын.

—Сөмкелеріңізді алған тұтынушылар қандай пікірлер айтуда? 

—Сөмкелерім жайлы тұтынушылардан жекеме де, Tik Tok,  инстаграм желілерінде пікір жазып ризашылықтарын білдіруде. Ұсыныс айтатындары да бар. Бұл пікірлер мағаналға жылжуға, өз жұмысымды одан әрі дамытуға күш береді.

Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Мүмкін, жаңа өнімдер немесе коллаборациялар  жоспарлап жүрсіз бе? 

—Модельер-конструктор мамандығын бітіргендіктен, киімнің кез-келген түрін тіге аламын. Сондықтан, болашақта киім коллекциясын шығарғым келеді. Коллаборацияларға, жаңа ұсыныстарға әрдайым ашықпын.

Сіздің ойыңызша, қазақша стильдегі өнімдерге деген сұранысты көбейтудің жолдарын қарастырып отырсыз ба? 

—Қазіргі таңда қазақы стильге деген қызығушылықтек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде де артып келеді. Қазақы ою-өрнектерді, ұлттық ерекшеліктерді сөмкелерім арқылы дәріптеп, жастарға үлгі көрсетіп жүргеніме қуаныштымын.

Жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз? 

—Мен әлі жас кәсіпкер болғандықтан, өзіме де үйренерім көп деп есептеймін. Бірақ өзім сияқты жас кәсіпкерлерге айтарым- жаңа іс бастаудан қорықпау керек, жаңа идеяларға әрдайым ашық болу қажет.

—Рақмет, Брендіңіз дами берсін!

БАҚБЕРГЕН  Айзат,

Ұ. Бағаев атындағы орта мектептің

11- сынып оқушысы,

Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы