Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды

https://akorda.kz/

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жұлдыз Сүлейменова — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты, PhD докторы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі.

Парламенттік қызметі аясында Жұлдыз Сүлейменова халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және ғылым жүйесін дамыту, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады. Ол мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтықты арттыруға және азаматтық қоғамның басқару шешімдерін қабылдау үдерісіне қатысуын күшейтуге бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу және талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еткен.

Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова әйелдердің құқықтарын қорғау туралы заңның авторы болып саналады. Мәжіліс қабырғасында ол осыған қатысты жұмыс тобына жетекшілік еткен. Бұл заң әйелдерді қолдауға бағытталған кешенді шараларды және олардың құқықтық қорғалуын күшейтуді, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.

Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына кіреді. Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары және партияның Әйелдер қанатының тең төрағасы қызметін атқарады.

Өз қызметінде ол әсіресе ауылдық аймақтарда әйелдердің білім мен ғылымға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударады.

2000-2004 жж. — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Тарих факультеті, «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат;

2006-2008 жж. — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша докторантура;

2008-2011 жж. ҚазҰУ докторантурасын «Философия және саясаттану» мамандығы бойынша бітірді. 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алды.

2021 жылдың 15 қаңтарынан 2023 жылдың 19 қаңтарына дейін — «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің VII сайланым депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. 2022 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Президентінің қарамағындағы Ұлттық Құрылтайға мүше болды.

2023 жылдың 29 наурызынан бастап — «Аманат» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланым депутаты болды.