«105» сериалы нені көрсетті?

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен теледидарда ең көп талқыланып жүрген тақырыптың бірі – «105» сериалы. Бұл туынды көрерменнің жүрегіне жол тапқан, қоғамдағы өзекті мәселені – жасөспірімдер арасындағы буллинг пен үнсіздікті ашық көрсеткен алғашқы отандық сериалдардың бірі.

Сериал алғаш рет NTK телеарнасында көрсетіліп, аз ғана уақыт ішінде TikTok пен Instagram-да кеңінен тарады. Көптеген жас көрермен «105» кейіпкерлерінен өз өмірін, өз мектебін және өз достарын көріп, сериалды бір түнде түгел қарап шыққандар да аз емес.

Сериалдың атауы — жай ғана сан емес. «105» бір жағынан мектептің нөмірін білдірсе, екінші жағынан Қылмыстық кодекстің 105-бабын, яғни адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу бабын меңзейді. Бұл символдық мән туындының негізгі идеясын — психологиялық қысымның қаншалықты қауіпті екенін айқындай түседі.

Басты кейіпкер — Аслан. Ол бұрын жеке мектепте оқыған, алайда өмір жағдайына байланысты №105 мектепке ауысады. Мұнда жаңа орта, жаңа сыныптастар және мүлде басқа ереже бар. Мектеп ішінде бейресми «жүйе»қалыптасқан: әлсіздерді шеттету, қорқыту, күш көрсету. Бұл жүйенің құрбанына айналған әрбір жас — үнсіз күрес жүргізіп жүр.

105-тің ерекшелігі — өмірден алынған шынайылық. Жас актерлердің ойыны, диалогтар мен атмосфера бәрі — реалистік, өмірге өте жақын. Бұл да себеп шығар, сериалдың әр эпизоды шыққан сайын әлеуметтік желілерде жаңа тренд, жаңа пікірталас пайда болады.

Бірі сериалдағы әділетсіздікке ашуланса, енді бірі – басты кейіпкерлердің әрекеттерінен өз тәжірибесін көреді. Көпшілік «бұл — қазіргі мектеп шындығының айнасы» деп баға беріп отыр.

«105» сериалын көрген адам бірден ойланады: осындай жағдайлар расында мектептерде бар ма? Өкінішке қарай, бар. Иә, бәрі дәл сериалдағыдай күрделі болмауы мүмкін, бірақ кей мектептерде «жасырын жүйе» деген ұғым әлі де кездеседі.

Бұл жүйе көбіне көзге көрінбейді. Бірақ оны бәрі сезеді. Бір топ оқушылар өздерін «беделді» санап, әлсіздерге қысым көрсетеді. Біреудің киімін, сыртқы түрін мазақ ету, үндемейтін балаларды шеттету – осының бәрі жасырын түрде жүріп жатады. Мұғалімдер байқамағандай, ал кей ата-аналар баласының мінезі өзгергенін түсінбей қалады.

Мұндай жүйе тек бір баланың емес, тұтас ұжымның тынысын тарылтады. Өйткені біреуге күлген ортада ешкім өзін еркін сезіне алмайды. Кімнің ішкі әлемінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Бір бала күнде күліп жүруі мүмкін, бірақ үйге барғанда көз жасын тыя алмайды.

Бұрын «жасырын жүйе» тек үлкен сыныптарда болады деп ойлайтынбыз. Қазір ол бастауыштан бастап байқалады. Әлеуметтік желі, телефон, чаттар арқылы да буллингтің жаңа түрлері көбейді. Біреуді топтан шығарып тастау, мазақ пост жазу, немесе «сториді әдейі көрмей қою» — мұның бәрі жасырын қысымның түрлері.

Мектеп – тек білім алатын емес, өмірге үйрететін орта. Сол ортада әр бала өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Егер мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар бірігіп осы «жасырын жүйелерді» жойса, онда мектеп – нағыз мейірім мен сенім ордасына айналар еді.

Сондықтан бастысы – үнсіз қалмау. Біреуге жамандық көрсеткенді көрсең, «маған қатысы жоқ» демей, тоқтатуға тырыс. Өйткені әділетсіздікке көз жұму – сол жүйені күшейтеді.

Иә, мектептегі жасырын жүйелер әлі бар. Бірақ оны өзгерту – өз қолымызда. Ал «105» сияқты сериалдар осы шындықты еске салып, қоғамды ойландыруға себеп болды.

Айзат БАҚБЕРГЕН,

Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы,

Алматы облысы Кеген ауданы Алғабас ауылы