Құрметті  САТОВА  Тілеулес   Асырқызы!

Сізді жандүниені жаңғыртқан көктемнің адамзатқа сыйлаған шуақты  мерекесі, табиғатты түрлендірген жасыл желегімен қатар келген 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіз жетекшілік еткен 10 «Б» сыныбының мектеп бітіргеніне биыл қырық екі жыл толса, сіздің бізге сынып жетекшілік еткеніңізге  отыз екі жыл болды. Бастауыш сыныпта бізді тәжірибелі, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мектептегі білікті мұғалімдердің бірінен саналатын Несіпхан Сатайқызы оқытты. Төртінші сыныпқа келгенде біздерді «А» және «Б» сыныбына бөлді. «А» сыныбына тарих пәнінен сабақ беретін Биташева Гүлжау Махимқызы, «Б» сыныбы – бізге Сатова Тілеулес Асырқызы —  жетекші болдыңыз.

Сыныптағы оқушыларды бірдей тәрбиелеп, білген ақылыңызды айта білдіңіз. Өте ұйымшыл сынып болдық. Сабақ үлгеріміміз де қатардан қалыс қалмады. «Біздің сынып ең алдыңғы қатарлы сынып болуы керек. Мектепте өтетін шаралардан қалмаңдар. Сыныпты артқа тартып, біріңді бірің кейінге сүйремеңдер. Алға!» — деп жігерлендіре білдіңіз. Содан кейін біздер үнемі сыныбымыз алдыңғы қатардан көріну үшін ұмтылатынбыз. Оқушы кезімізде, өткен 1971-1981 жылдар аралығы ғой, әр сыныпқа мектеп микроучаскесіне қарайтын көшелер бөлініп берілетін. Сол көшеде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйін аралап, мереке сайын қақпаларына қолдан қызыл жұлдыз қиып апарып, жапсырамыз. Тізім бойынша көшемізде тұратын жалғызілікті қарттардың (олардың барлығы дерлік соғыс ардагерлері ағайлар мен әжейлер) үйін тазалауға көмектесеміз. Ұлдар даладағы жұмыстарды жайғастырса, қыздар үй ішіне көмектесіп, қарттардың батасын алатынбыз. Одан қалса, қағаз қалдықтары мен металл сынықтарын жинап, өткіземіз. Сабақтан тыс тәрбие сағаттарына қатысамыз, сыныбымыз жоғарылаған сайын кештер, спорттық жарыстар өткіземіз. Қай шара болса да сыныбыңыз бәйгенің алдын бермеді. Сыныптың намысын қорғау үшін кейбір «ерке» ұлдардың өздері аламанға араласып кететін.

Міне, мектепте өтетін сондай  шаралардың бірде — біреуіне сыныбымыз және оқушыларыңыз қатыспай қалған кезі болмаған. Сыныптағы оқушыларыңызға өз балаларыңыздай қарағандықтан, біздер де бір – бірімізбен шекісу, араздасу, мұғалімді ренжіту деген болмағанын енді айтып отырмыз. Іргетасын сіз қалаған ұйымшылдық пен сыйластық, үлкенге деген құрметіміз бен кішіге ізетіміз әлі күнге өзімізбен қалмай келеді. Жанашырлық, өз қатемізді мойындай білу, кешірімді болу, өнерге жақын болуымыз да өзіңіздің үйреткеніңіз. Түрлі шараларға қатысқанда, тақырып бойынша шағын сахналық көріністер, би мен ән салуда дес бермейтінбіз. Жыл сайын көктемде мектеп айналасына жас шыбықтардың көшетін отырғызып, өзіміз күтім жасайтынбыз. Жіңішке шыбықтар адам құшағы жетпейтін тал – терекке айналды. Отбасында ата – анамыз тәлім берсе, мектепте ұстаздан тағлым ала білдік.

Тілеулес Асырқызы! Сіздің мерейтойыңызда өзіңізбен қатар жүріп, қазіргі Т.Рысқұлов (бұрынғы атауы Н.Крупская) мектебінде жалықпай ұстаздық еткен әріптестестеріңіздің үйреткені көп, берген білімі терең болғаны үшін білім мекемесін ұзақ жылдар басқарған Рахым Дәуітұлы бастаған ұстаздар қауымына алғысымызды білдіреміз.Сіздер шәкірт тәрбиелеу мен білім беру жолында ғана емес, болашақ мамандық таңдауға жол көрсеткен ұлағатты еңбектеріңізді қадірлеп, басымызды иеміз.

Ал, сіз әлі күнге сыныбыңызға ұстаздық етіп келесіз. Қашанда ортамыздан табылып, сол баяғы шәкірт кезіміздегідей аналық ақылыңызды айтып отырасыз. Бізге жеті жыл жетекшілік еткенде, бір рет те дауыс көтеріп ұрсып, «әй сені ме» дегеніңізді естімеппіз. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» — деген даналық та Сіздей ұстаз бен біздей шәкірттерге арналған тәрізді. Ұл – қызыңыздың әкесімен Маулен мен Гүлжанды тәрбиелеп, қатарға қостыңыз. Аға өмірден озса да, шаңырағыңыздың отын сөндірмей, аналардың анасы, жастарға бата беретін данагөй жасқа жеттіңіз. Сізден өнеге алған ұрпағыңызбен бұдан да ұзақ жасауды Жаратқан нәсіп етсін!

«Шеберлік» кабинеті. Сіз сабақ беретін еңбек пәнінің кабинеті осылай аталатын. Ішінде аспаздық тағамдарын пісіретін пеште, тігін машинасы да бар еді. Сол жылы ұяда облыс түгілі кеңес одағына танымал ауданның майталман еңбек озаттарымен кездесулер, мамандық таңдауға арналған конференциялар, сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы өтетін. Апта сайын қабырға газетін шығарудан жалықпайтынбыз. Сыныбымыздың айнасы — газеттте жаңалықтарымызбен бөлісетінбіз. Жылы ұя дегенім, басқа кабинеттермен салыстырғанда шағындау, оның үстіне еңбек сабағына қажетті құралдар болды. Соған қарамастан, дайындық осында өтетін.

Міне, бүгін сыныбыңыздағы оқушыларыңыздың барлығы дерлік ізіңізден еріп келеді. Кешегі тентек ұлдар бүгін ата, ұяң қыздарыңыз – әже болып, немере сүйіп отыр. Енді бірі шөбереге сүйсінуде. Осы жасқа келсекте, сізге әлі де оқушыңыз сияқтымыз. Мектеп бітірген соң бесжылдық, онжылдық, жиырма жылдық, отыз, қырық жылдық кездсулерімізде бірге ортамыздан табылдыңыз. Сыныптастардың мерекелік басқосуларынан да қалдырмаймыз. Алдағы уақытта да арамызда ұзақ жүріңіз деп тілейміз! Мықты денсаулық, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын дейміз. Балаларыңыз бен немерелеріңіз, туған –туыс пен құда-жекжат, сыныбыңыздың алдында ақ жаулығыңыз желбіреп, аналық тұлғаңыз биіктей берсін!

Сізге шәкірттік тілек жолдаған

10 «Б» сынып оқушылары атынан:

Жанастан Кучукова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *