Әлеуметтік желідегі жаңсақтық: Ербол Сыпатаев туралы шын дерек

(Дереккөз: qandastar.kz)
Ербол Сыпатаев 1964 жылы Талдықорған облысында, бүгінгі Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жастардың бірі болды.
Журналист Әлия Әшімнің айтуынша, ол Ерболдың інісі Ержан Сыпатаевтан сұхбат алған. Оның сөзінше, 1986 жылдың 13 желтоқсанында Ербол ауылына келіп, жақындарына қуанышты жаңалығын айтады. Ол үйленетінін айтып, ата-анасының батасын алып, Алматыға қайта жолға шығады. 15 желтоқсанда Алматыға келген Ербол 17-18 желтоқсан күндері алаңға шығып, жастармен бірге көтеріліске қатысады. 18 желтоқсан күні қақтығыс кезінде әскери қызметкерлер оны сапёр күрекпен басынан ұрып, ауыр жарақаттайды. Сол күні кешкі сағат 20:30 шамасында ауруханаға жеткізілген Ербол түнгі сағат 23:00 шамасында қайтыс болады.
Алайда оның қазасы бірден туған-туыстарына хабарланбаған. Тек 23 желтоқсан күні Ерболдың денесі цинк табытқа салынып, туған ауылына жеткізіледі. Табыт шегеленіп жабылғандықтан, алғашында туыстарына оның жүзін көрсетуге рұқсат берілмеген.
(Дереккөз: журналист Әлия Әшімнің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған.)
Жақындарының талап етуінен кейін ғана табыт ашылып, туғандары оның Ербол екенін анықтайды. Сол кезеңде қауіпсіздік органдары отбасы мүшелеріне бұл туралы ешкімге тіс жармауды ескерткен. Ұзақ уақыт бойы Ерболдың отбасы қысым көріп, «халық жауының отбасы» ретінде саналған. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейір, Желтоқсан оқиғасына қатысып, алаңға шыққан азаматтар толық ақталды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Ербол Сыпатаевтың бейнесі ретінде түрлі фотолар тарай бастады. Алайда Threads желісінде Гауһар Сыпатаева есімді қолданушы жазба жариялап, видеода көрсетілген адамның оның әкесі екенін, ал ол кісі тірі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аты-жөні ұқсас болғандықтан бұл фото қате тараған. Ол адамдарды тарихи тұлғалар туралы ақпаратты жарияламас бұрын дереккөздерді мұқият тексеруге шақырды.
Тарихшылардың айтуынша, Желтоқсан кезінде қаза тапқан Ербол Сыпатаевтың шынайы фотосуреттері өте аз сақталған және негізінен архив деректерінде ғана кездеседі. Соған қарамастан, небәрі 22 жасында қыршын кеткен Ерболдың өлімі үшін бірде-бір әскери жауапқа тартылмаған. Ал алаңда қаза тапқан Савицкийдің өлімі үшін Қайрат Рысқұлбеков өлім жазасына кесілген еді. Бұл жағдай Желтоқсан оқиғасының әділетсіз тұстарының бірі ретінде тарихта қалды.
Мадина ҚАНАТҚЫЗЫ
Шымкент қаласы,
ЖШС «Қазыбек» ЖББМ-нің 11-сынып оқушысы
Қолданылған әдебиеттер:
- Әлия Әшімнің әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазба.
- Ербол Сыпатаев туралы ашық дереккөздер.
- Желтоқсан көтерілісі туралы тарихи материалдар.
- Qandasta.kz сайты





