Халықаралық журналистика: мүмкіндік пе, әлде өмірмен тәуекел ету ме?

Сурет: ЖИ, автор
Атқан таң мен батқан түннің арасында ХХІ ғасырдың негізгі ақпарат ахуалы–халықаралық журналистика. Әлемнің әр бұрышында секунд сайын өзгеріп жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік ақпараттарды дүниежүзілік айналымға енгізіп, қоғамды сонымен қоректендіреді. Алайда өзгені қоректендіремін деп, өз басын қатерге тігу дұрыс шешім бе?
Халықаралық журналистика (ағылш. International journalism) – мемлекеттер арасындағы ақпараттың қозғалысы. Ол тек ақпарат тасып қана қоймай, елдерді бір-бірімен таныстырып, жақындастырады. Бұл журналистика тармағы арқылы дүниежүзілік тілдер мен діндер, мәдениет пен тарих жайлы үйден шықпай-ақ тереңірек зерттей аламыз. Тіпті таңертең көзімізді аша сала қолымызға алатын гаджеттерді пайдалануымыз, әлем жұлдыздары жайлы оқуымыз, саясаттағы жаңалықтардан хабардар болуымыз сияқты факторлар халықаралық медиа мамандарының еңбегінің нәтижесі. Бұл маман иесі атанудың өзі төзімділік пен жан-жақтылықты талап етеді.
Ең бірінші — өзге тілді білу. Халықаралық журналистердің ішінде шет тілін білмейтіндерді кездестірмейтініміз анық. Журналист болу – ел үшін жауапкершілік ала білу, ал халықаралық журналист атану – барша 195 елдің алдында абыройлы болу. Әр оқиға мен елдер арасындағы келеңсіз жағдайларға бейтарап көзқараспен қарап, сол ойды нақты тілмен дүниежүзіне жеткізу.
Екінші — еліңнен жыраққа кету. Журналистің мақсаты – өз көзіңмен көріп, сараптау. Содан кейін ғана оны жария ету. Сол себепті даңқты, қайсар мамандық иелері ақпараттың ішінде өмір сүріп, оқиғаның ортасында болу үшін елінен тыс жерде жұмыс істейді. Мысалы, қазақтың қара домалақ қызы Әлия Сарсенова Түркия мен Кавказ елдерінде түрлі оқиғалар кезінде ашық репортаждар түсірген. Мүмкіндіктердің артынан қуып, қауіптің ортасына түскен журналист – қоғам үшін жанын берер жан.
Өзімен бірге мүмкіндіктер мен нағыз экшнді ала келген бұл мамандықтың қауіп-қатерге толы екенін де жасырмаймыз. Ирандық дрондардың Дубай әуежайына шабуыл жасауын мысалға алайық. Сол мезетте халықаралық журналистер өмірлік қауіпке мән бермей, ақпарат алу мен оны жеткізуді бірінші орынға қойды. Олар үшін оқиға болған жерге барып, мән-жайын күллі әлемге жеткізу маңызды. «Reporters Without Borders» ұйымының деректеріне сүйенсек, 2022 жылы әлемде 60-тан астам журналист өз қызметін атқару кезінде дүниеден озған. Бұл дерек халықаралық журналистиканың әлемдік деңгейдегі қауіпті сала екенін көрсетеді. Сонымен қатар ақпараттың дәлдігін сақтау, бірнеше дереккөзбен салыстырып, содан кейін ғана халыққа жеткізу –маңызды қадамдардың бірі.
Халықаралық журналистика – әрқашан дүниежүзілік ақпарат айналымында жүретін, жаһандану дәуіріндегі барлық салаларды қамтитын журналистиканың ең ауыр әрі байсалды бағыты. Нағыз журналистің бойында болуы тиіс басты қасиет – бейтараптық. Сол қасиетті бойыңа сіңіріп, ақпарат дәуірінде сенімді жоғалтпасаң, болашағың жарқын болары сөзсіз.
Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының»
10 «Б» сынып оқушысы.
Жетекшісі:Көздіғарина Рита,
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы





