Ұлылықтың бағасы: Тарихи тұлғалардың біз білмейтін трагедиясы

(сурет: Yandex.kz)

Кез келген дәуірдің озық ойлы тұлғасы өз заманынан озып туады. Бұл — олардың ең үлкен қасіреті. Мәселен, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі сырт көзге дәулетті әрі беделді көрінгенімен, іштей терең трагедияға толы болды. «Мұңдасарға кісі жоқ сөз аңғарлық» деген жолдар – бүкіл халықтың қамын жеген адамның өз ортасында қалай жалғыз қалғанының айқын дәлелі. Абай тек ағартушы емес, ол – өз айналасынан рухани үндестік таба алмай өткен жалғыз жүрек.  «Бәрі де адам үшін»  дейміз, бірақ кейде тарих сол «Адамның» өзін құрбандыққа шалып жібереді. Tарихи тұлғалардың трагедиясы көбіне таңдау еркінің жоқтығында. Мемлекет қайраткерлері ел мүддесі үшін өз бақытын, отбасын, тіпті ар-ұждан азабын құрбандыққа шалып жатады. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының тағдырын алайық. Олар білімді, лауазымды, жайлы өмір сүруге толық мүмкіндігі бар тұлғалар еді. Бірақ олар тар жол, тайғақ кешуді таңдады. Олардың трагедиясы – өздері шексіз сүйген халқының қолымен атылуы немесе қуғынға ұшырауы. Бұл – тарихтың ең қатал әрі әділетсіз беттері.  Біз оларды ескерткіштердің суық тасынан, оқулықтардың құрғақ беттерінен көруге дағдыланғанбыз. Олар – жеңімпаздар, данышпандар, ьұлғасы биік тұлғалар. Бірақ сол биіктікке шығар жолда олар не жоғалтты? Олимп шыңының суығы жанды қалай тоңдырды?

*Таным мен Тағдыр   Шоқан Уәлиханов.

Петербургтің ақсүйектер ортасының еркесі, орыс географиялық қоғамының үміті, Кашгарияның құпиясын ашқан ержүрек саяхатшы. Оның алдында жарқын болашақ пен әлемдік даңқ тұрды. Туған халқының отаршылдық қамытындағы мүшкіл халін көріп, екі оттың ортасында қалған шарасыз тұлға. «Өз елімде жат болдым, жат елде де жарылқау таппадым» —  деген ішкі айқай. Тұйықталу мен жастай үзілген ғұмыр.

*Билік пен Жалғыздық   Абылай хан.

«Сабалақ» атанған жас жауынгердің «Абылайлап» ұран салған ерлігі. Үш жүздің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттігін жаңа деңгейге көтерген айбынды хан. Өмірінің соңында «Үш арманым бар еді, соған жете алмадым», — деп мұңайған қарт. Халықтың бірлігін сақтау үшін жақын жақтастарымен текетіреске түсуі және сыртқы саясаттағы туған рухани шаршау.

*Идея мен Сағыныш   Мұстафа Шоқай.

Түркістан автономиясының көсемі, еркін даланың азаттық символы. Париж бен Берлиндегі саяси элитаның сыйлы қонағы.  Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті, концлагерьдегі қандастарын құтқару жолындағы жанталас. Жат жердегі жұмбақ өлім және өмір бойы Отанға деген аңсаумен өткен тағдыр.

  Тұлға трагедиясының үш қыры:

  1. Түсініспеушілік: Озық идеялардың замандастары тарапынан қабылданбауы.
  2. Жеке өмірдің құрбандығы: Ұлттық немесе ғылыми мақсат жолында жақындарынан қол үзу.
  3. Моральдық жүк: Мыңдаған адамның тағдырына жауапты болудан туатын ішкі үрей мен күйзеліс.

Түйін, біз білетін ұлылық – бұл айсбергтің шыңы ғана. Оның астында мұхиттай терең мұң, ұйқысыз түндер мен «неге?»  деген жауапсыз сұрақтар жатыр. Тарихи тұлғаларды тек табыс тарихы ретінде емес, адамдық болмысымен, қателіктерімен және қасіретімен тану – біздің олардың алдындағы парызымыз. Ұлылық – тек биікке шығу емес, сол биіктіктегі суық пен жалғыздыққа шыдау. Біз олардың жетістігіне сүйсіне отырып, сол жетістік үшін төленген адами құндылықтардың салмағын сезінуіміз керек.

Толғанай  ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ

Алматы қаласы Білім Басқармасының

Алатау ауданы бойынша «№26 ЖББМ»  11 – сынып оқушысы.