NIS-тің тікелей эфирінде – мұғалімдерді әдістемелік қолдау

Биыл алғаш рет еліміздің әрбір мұғалімі жылдың бас педагогикалық кеңесіне қосылуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде NIS-тің орталық кеңсесінде тікелей эфир арқылы ауқымды конференцияның пәндік сессиялары ел аумағына таралатын екі телестудия үздіксіз жұмыс істеуде.Мұғалім тәжірибесін әдістемелік қолдау – жаңа жағдайдағы білім беру туралы кәсіби ойталқының өзегі.

9-17 тамыз аралығында өтетін дәстүрлі тамыз конференциясы аясында қазақ және орыс тілдерінде он бес пән бойынша тақырыптық сессиялар, сондай-ақ кітапханашылар сессиясы жоспарланған. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, жетекші және пилоттық мектептердің педагогтері онлайн форматта вебинарлар, шеберлік сабақтар мен презентациялар өткізеді, халықаралық сарапшылардың эксперттік пікірлері ұсынылады, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын білдіреді. Қазіргі таңда педагогтер үшін ең өзекті басымдықтардың бірі – пән аясында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ ағымдағы және қорытынды бағалаудың форматы мен мазмұны.

Онлайн-кеңестің алғашқы күні еліміздің әр өңірінен ондаған мың педагог жиналды. Пәндік сессиялар бастауыш сынып мұғалімдері мен «Жаратылыстану» пәніне арналды. Тікелей Эфир ЭЫДҰ-ның «Білім беру 2030» компасын тамашалаудан басталып, мектеп табалдырығын енді ғана аттамақ Айзере Қайратбек пен Самина Сейтбекованың сұрақ-жауап сұхбатымен жалғасын тапты.Олар NIS телестудиясына өздерінің армандаған мектептері туралы ой бөлісу үшін келді. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған пәндік сессиянының шымылдығын болашақ мектеп оқушылары түрді. Айзере мен Самина жаңа өмірге жетелеуші болашақ ұстаздарының қандай болатынын елестетіп, бала армандарымен бөлісті.

Сарапшылар жаңа оқу жылына арналған міндеттерді, ағымдық және қорытынды бағалаудың форматы мен мазмұнын, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруды талдады, ал зияткерлік және жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері шеберлік сыныптарын дайындады. Спикерлер арасында Педагогикалық шеберлік орталығының өкілдері: бастауыш мектеп пәндері бойынша оқу бағдарламаларын жасаушы, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің бастығыҚаламқас Байтенова, аға менеджерлер Наталья Орехова мен Гүлмира Жақыпова, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ЖМБ және STEM-технологиялар пәндері зертханасының бас ғылыми қызметкері Орденбек Мазбаев, Павлодар қаласындағы NIS-тің өнер мұғалімі Динара Қабиева және басқалары болды.

Онлайн-конференцияға Алматы облысы Текелі қаласынан қосылған №8 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Мұсабекова пәндік сессия барысында одан әрі жұмыс істеу үшін көптеген жаңа білім мен идеялардың тұсбағдарын тапқанын айтады:

– Карантиндік шектеулерден туындаған қиындықтарға қарамастан үлгерім деңгейін тиісті дәрежеде ұстап тұру  мүмкіндігіне ие болдық . Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған конференция алдағы оқу жылында әдеттегі оқыту форматына оралуға дайындалуға өз септігін тигізері анық, – деп пікір білдірді Гүлнар Мұсабекова.

 

Қаратал ауданы Қошқарбаев атындағы орта мектептің жаратылыстану пәні мұғалімі Алишер Советбаев NIS-ке конференцияның мазмұнды әдістемелік бөлімі үшін алғысын білдіріп, оқытудағы олқылықтардың орнын толтыру бойынша сарапшылар кеңесі барлық мүмкін қиындықтарды еңсеруге және оқу процесін қалыпты режимде сенімді түрде жалғастыруға көмектесетінін айтты.

Пәндік сессиялардың екінші күнінің басты назарында – музыка, көркем еңбек және дене шынықтыру мұғалімдері болды.

Сарапшылар музыкалық, цифрлық және ақпараттық сауаттылықтың бірегей қосындысы туралы ой қозғап, сауаттылықты дұрыс дамыта отырып, музыканы тыңдау және орындау ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылығын түсінуге көмектеседі деген қорытындыға келді. Көркем еңбек сабақтарында әдемілік пен нәзіктік сезімі қалыптасады. Өнер саласындағы сарапшылардың пікірінше, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мұғалімнің шығармашылығына тікелей байланысты.

Шеберлік сабақтары барысында NIS-тің  пән мұғалімдері – Әлия Кайдарова, Альмира Даниярова, Гаухар Қайырбаева және Сәуле Ахметқалиева, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің педагогтері Юлия Березко, Зейнолла Хасенов және Мұхаметқан Ахметжанов өз білімдерімен бөлісті.

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-тіңдене шынықтыру пәнінің мұғалімі,  «Үздік педагог – 2019» республикалық байқауының жеңімпазы Ербол Тілеулов шеберлік сабағы  барысында дене шынықтыру сабақтарында функционалдық сауаттылықты дамытуға болатынын және қажет екенін көрсетті.

– Өз денеңмен үйлесімді өмір сүру – дені сау адамның салауатты өмірінің міндетті компоненті. Бұл қағиданы қозғалыс белсенділігі, салауатты өмір салты және қозғалыс дағдылары арқылы сыни ойлауды дамытуға негізделген оқу бағдарламасының басты бағыты айқындай түседі, – дейді Ербол Эрнстович.

Сегіз мыңнан астам дене шынықтыру мұғалімдері жаңа оқу жылында өз сабақтарында осы құралдарды қалай қолдану керектігі туралы көрнекі түсінік алды.

Ел педагогтеріне арналған тамыз конференциясының үшінші күнінің фокусын – филологтарға арналған пәндік сессиялар құрады.

Жиырма мыңнан астам пән мұғалімдері педагогикалық қоғамдастық үшін өзекті тақырыптарды талқылап, сарапшы әріптестерінің шеберлік сабақтарына қатысу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен онлайн конференцияға қосылды.

Филологтар оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту жоспарларын талдады, өйткені әртүрлі мәтіндерді түсініп оқып, қойылған міндеттерді шешу үшін ақпаратты пайдалану қабілеті 21 ғасырдағы адамның маңызды құзыреттерінің бірі болып табылады. Қазіргі адамдардың тағы бір маңызды шеберлігі – үлкен көлемде ақпаратпен жұмыс істеу.

– Мен оқушылардың сауаттылығын дамыту әдістері туралы сұрақтарға жауап алдым. Мәтінмен жұмыс істеу үшін берілген тапсырмалар мен авторлардың ұсыныстары пайдалы болды. Айта кету керек, ақпарат пен қаралған материалдар маған өз көзқарастарымды тағы бір рет қайта қарап, ішкі дүрбелеңнен арылуға, өзімді сенімді сезінуге, функционалдық сауаттылық туралы үзік білімді жүйеге келтіруге және өз тәжірибемді одан әрі жетілдірудің жолын көруге мүмкіндік берді, – деп өз әсерімен бөлісті Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы №2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арай Тобықова.

Келесі кезекте онлайн-конференцияның тікелей эфиріндегі сессиялар математика, информатика, физика, химия, биология,  география, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы пәндерінің мұғалімдеріне арналмақ. Ауқымды педкеңес кітапханашыларға арналған секциямен қорытындыланатын болады.

Айта кету керек, жылдың басты педагогикалық жиыны оқу үдерісінде оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жолдарын, мектеп қауымдастығындағы оқушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мәселелерін, ағымдағы және қорытынды бағалаудың форматы мен мазмұнын, ковидтен кейінгі кезеңдегі оқу үдерісінің ерекшеліктерін, білім беру саласын цифрландырудың маңызын, білім берудегі жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктерін кәсіби ойталқы өзегіне айналдырды.

–Биылғы тамыз кеңесі ерекше форматта өтуде. Ең бастысы жаңа оқу жылының ерекшеліктері мен әр ұстаздың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алынды.Оқушылардың қабілеттеріне қарай жүргізілетін жұмыстарға жекелей тоқтала отырып, практикалық түрде көрсетілді. Конференция барысында ой бөліскен әр маман өз іс-тәжірибесін үлкен дайындықпен жинақтай келіп, әр ұстаздың жүрегіне жол таба білді деп ойлаймын, – дейді Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Есіл.

Естеріңізге сала кетсек, еліміздің ұстаздар қауымы асыға күткен дәстүрлі тамыз кеңесінің секциялық отырыстары NISTamyzConf2021Youtube арнасында қазақ және орыс тілдерінде күнделікті таралуда. Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ресми интернет ресурстарында конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қосылған педагогтердің бейне пікірлері мен кері байланыстары жариялануда.