Мамандық таңдау: Жүрек қалауы ма, әлде табыс па?

Егер жүрек қалауың сені бақытқа жеткізсе, ал табыс өміріңді қамтамасыз етсе – онда неге көп адам екеуінің бірін ғана таңдауға мәжбүр болып қалады? Мамандық таңдау процесінің қоғамда алар орыны ерекше. Бұл – жасөспірім 8, 9 сынып оқушысы кезінен ойланып, мамандық таңдаудан бастау алып өрбитін актуалды тақырып. Кейбір балалар төменгі сыныптан бастап болашақта кім болатынын нақты таңдап қояды. Өйткені, ата-анасының мамандығын жалғастыруды мақсат етеді. Өйткені, ес білгеннен ата-анасының атқарған қызметін көріп, қызығып есейеді. Енді бір жасөспірім мамандықты ұзақ таңдап, қабілетіне қарай жаңа заман мамандықтарына тоқтайды.

Болашақ маман иесінің міндеті – мамандығын жүрек қалауымен таңдауында. Бала кезінен қандай қырлары байқалатын?; Жастайынан неге қызығатын?;  Қабілеті қай салаға бейім, таңдаған мамандығының  ерекшелігі неде? — деген сұрақтардың жауабын ата-ана білуі қажет. Әр ата-ана баласымен оның болашақ мамандығы жайлы сұрап, өмірден адаспай өз жолын табуы үшін өз ойларын ортаға салып, баланың жалғыз еместігін, оған сенетіндіктерін сездіртеді.

Мысалы, кішкентайынан сурет салуға әуес болған адам дизайнер немесе суретші болуды таңдайды. Ол жұмысына қызығушылықпен қарап, шаршаса да, сүйікті ісімен айналысып жүргенін көреді. Мұндай адамдар үшін ең бастысы – ішкі қанағат пен шабыт. Екінші жағынан, табыс та маңызды рөл атқарады. Кейбір жастар болашақта тұрақты өмір сүру үшін сұранысы жоғары, жалақысы жақсы мамандықтарды таңдайды. Алайда, табыс көзінің рөлі ауыз толтырып айтарлықтай маңызды емес.  Жұмысын сүйіп істейтін адам өзі қалаған табыс көзінен асып та еңбек етері сөзсіз.  Мұндайда жүрек қалауының маңызы орасан зор екенін байқаймыз. Мамандық – ойын, күлкінің таңдауы емес. Бұл кезең – есейген уақыттың белгісі. Балалық шақтың буын қойып, болашақтың қамын ойластыратын уақыт. Жүрекпен таңдалып, жүрекпен істелетін әрбір іс, бұл бір жетістіктің жемісі!

Тоғжан  ТӨЛЕГЕН,

Алматы облысы, Іле ауданы,

«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.

Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ» телеарнасының

тілші-редакторы

Сурет:https://yandex.kz/