Жастар және еріктілік(волонтерлік)

(Фотосурет: kstounb.kz сайтынан алынған)
Жастар және еріктілік – қазіргі қоғамның маңызды әрі өзекті тақырыптарының бірі. Еріктілік – бұл адамдардың өз еркімен, ақысыз түрде қоғамға пайдалы іс атқаруы. Әсіресе жастар үшін еріктілік тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамудың маңызды жолы болып табылады.
Қазақстандағы еріктілік қозғалысы. Қазақстанда еріктілік қозғалысы жыл сайын дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 755 волонтерлік ұйым, 2000-нан астам бастамашыл топ және шамамен 275 мың белсенді ерікті бар. Сонымен қатар, тек 2024 жылдың өзінде 5,6 мыңнан астам волонтерлік іс-шара ұйымдастырылған . Ал жалпы еріктілер саны соңғы жылдары өсіп, 240 мыңнан астам адамға жеткені көрсетіледі.Бұл көрсеткіштер жастардың қоғам өміріне белсенді араласып, ел дамуына өз үлесін қосып жатқанын дәлелдейді.
Менің волонтерлік тәжірибем
Мен де еріктілік қызметке қатысып, өз тәжірибемді жинақтадым. Мен IQANAT олимпиадасының финалисті болып, оның 1-2 кезеңдерінде волонтер болдым. Бұл кезеңдерде мен қатысушыларға тест тапсыру кезінде нұсқаулық көрсетіп, бағыт бердім. Сонымен қатар, оларды жатақханаға орналастыруға көмектесіп, топтарға бөліп, асханаға апарып отырдым. Қатысушылардың аты-жөндерін түгелдеп, іс-шараның дұрыс ұйымдастырылуына өз үлесімді қостым.
(Алматы қаласында өткен аудандық және облыстық олимпиада)
Еріктіліктің пайдасы. Еріктілік маған жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілеттерді үйретті. Адамдармен қарым-қатынас жасау, тез шешім қабылдау және командамен жұмыс істеу дағдыларым дамыды. Мұндай тәжірибе болашақта үлкен рөл атқарады.
ТҮЙІН. Еріктілік – бұл тек көмек көрсету емес, ол – өзін дамыту жолы. Қазақстанда бұл қозғалыстың дамуы жастардың белсенділігін көрсетеді. Сондықтан әрбір жас еріктілікке қатысып, қоғамға өз үлесін қосуға ұмтылуы керек.
Мадина ҚАНАТҚЫЗЫ
Шымкент қаласы, ЖШС «Қазыбек» ЖББМ-нің
11-сынып оқушысы.
Қолданылған деректер көздері:
- Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Волонтерлік қызмет туралы мәліметтер. – gov.kz
- Қазақстандағы еріктілер қозғалысы бойынша ресми статистика, 2024 жыл
- Интернет ресурстар





