«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

«Қарапайым мекен, терең тарих: ауыл шежіресінің құпиялары»

Мен – Қалас Жанерке Серғазықызы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Шәкен ауылының  тұрғынымын. Қазіргі таңда 11-сынып оқушысымын. Болашақ журналист ретінде мен үшін туған жердің тарихы – ең өзекті әрі жүрекке жақын тақырып. Себебі, «Туған жерге туыңды тік», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дана халқымыздың сөзі әр адамға ой салады.

Шәкен ауылы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, қойнауына тұнған тарихы терең мекен. Бұл ауыл бұрын Қазалы ауданындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоздың №2 фермасының орталығы болған. Ал одан да ертеректе бұл өңірде үш шағын ферма орналасқан. Соның ішінде №3 ферманың орталығы қазіргі Шәкен ауылы болып қалыптасып, оны Шабарбаев Қабыл басқарған. «Ел іші – алтын бесік» демекші, осы қарапайым қоныста талай тағдыр тоғысып, талай еңбек иелері өсіп шықты.

Уақыт өте келе ауылдың еңсесі тіктеліп, 2005 жылы Арықбалық округінен бөлініп, өз алдына жеке ауылдық округ болып құрылды. Сол кезде ауылдың алғашқы әкімі болып №134-орта мектептің мұғалімі Сейталиев Амантай Темірбайұлы тағайындалды. Оның ел үшін жасаған алғашқы игі ісі – ауылға тұрақты электр жарығын әкелу болды. Расында, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бұл – ауыл тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі.

Кейінгі жылдары ауыл басқару ісін Күлікбаева Сәнімкүл, Әміреев Болат, Кималов Тимур сынды азаматтар жалғастырды. Ал 2022 жылдың тамыз айынан бастап ауыл әкімі қызметіне Сәрсенбаев Берекет тағайындалып, елді мекенді басқарып келеді. Әр басшы өз кезеңінде ауылдың дамуына үлес қосып, туған жердің гүлденуіне еңбек етті.

Шәкен ауылы тек шаруашылық тарихымен ғана емес, рухани мұрасымен де құнды. Бұл өңірде қасиетті Қарамолда ата, Қалдыбай баласы Әл-Мұхамбет өмір сүрген. Оның есімі ел жадында сақталып, 2016 жылы ауыл орталығынан жаңа үлгідегі мешіт салынып, Әулие Қарамолда ата аты берілді. Бұл – өткенге тағзым, рухқа құрметтің белгісі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөздің мәні осында.

Ауыл атауының өзі де терең тарихтан сыр шертеді. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, бұл жерде ертеде Шәкен мен Тәпен атты ағайынды адамдар мал шаруашылығымен айналысқан. Соның ішінде Шәкен атамыз шамамен 1814–1890 жылдары осы өңірде өмір сүріп, елге белгілі тұлға болған. Қазіргі күнге дейін сақталған «Шәкен қазған құдық» сол заманның үнсіз куәсіндей. Бұл аймақ Сыр бойына қайтар жолда орналасқандықтан, күзгі жайылымға өте қолайлы болған. Сол себепті өзге көшіп-қонушылар иеленіп кетпес үшін, Шәкен атамыз ағайындарымен бірге осы жерді қоныс етіп, қорғап қалған деседі.

«Жер – ырыстың кіндігі» деген осыдан шықса керек. Қазіргі таңда ауылымызда 120 отбасы, 680 жан тұрады. Ауылымызда соңғы үлгідегі 2 этажды мектеп, интернат, емхана, мәдениет үйі, кітапхана жұмыс жасайды.

Ауылымыздың тағы бір ерекшелігі – табиғаттың өзі сыйлаған ақ құмның емдік қасиеті. Бұл құм – жай ғана табиғи байлық емес, талай жанға шипа болған киелі мекен десек артық емес. Жыл сайын маусым айы туғанда, ауылымызға арнайы ат басын бұрып, осы ақ құмға келіп түсетін адамдар көбейеді.

Үлкендердің айтуынша, ақ құмның жылуы денедегі салқынды шығарып, түрлі сырқаттарға ем болады. Расында да, «Табиғат – тал бесік» демекші, жер-ананың әр сыйында бір сыр, бір шипа бар. Көптеген жандар осы құмның арқасында дертінен жеңілдеп, бойына қуат алғанын айтып жатады.

Ауылға келген қонақтар бұл мекенді тіпті «Шәкендегі сафари» деп атап кеткен. Бұл теңеу бекер емес. Көз жетпес ақ шағыл құм, самал желмен тербелген табиғат көрінісі адамға ерекше әсер сыйлайды. Ал оның емдік қасиеті – бұл жердің қадірін одан әрі арттыра түседі.

Міне, осылайша қарапайым ғана ауылдың әр тасы, әр сүрлеу жолы – тұнып тұрған тарих. Туған жердің өткені – бүгінгі ұрпақ үшін тағылым, болашақ үшін бағдар. Себебі, тұлға болып қалыптасу үшін алдымен өз тамырыңды, өз тарихыңды білу қажет. «Өткенін білмегеннің – болашағы бұлыңғыр».

Мен үшін Шәкен ауылы – тек туған жер ғана емес, ол – шабыттың бастауы, арманның мекені. Топырағында тарих жатқан бұл ауыл әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

Жанерке  ҚАЛАС,

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Шәкен ауылы

«№134-орта мектебінің» 11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: Өтетілеуов Айдарбек,

 Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Дереккөздер:

Зерттеуші, ақпарат жинақтаушы ауыл тұрғыны:

Сейталиев Амантай Темірбайұлы.

 

 

 

Сәйкес жаңалықтар

«Ұстаздың оралуы» (Романнан қысқа үзінділер)

«Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы»

farabi shakirti shakirti

МАНГИСТАУ – Земля 360 святых