Сурет ашық дереккөзінен алынды.
2020 жылдың 18 — мамыры қазақ журналистикасы үшін азалы уақыт болды. Белгілі журналист, қоғам қайраткері, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек ағамыз өмірден озған еді. Биыл қазақ журналистикасы ол кісісіз жұмыс жасап келе жатқанына 6 жыл толды.
Осы орайда Бейсен Құранбек атындағы жас журналистер байқауының жеңімпазы, Бейсентанушы, журналист, Алатау телеарнасының жүргізушісі Айгерім Есімхан әпкемізден сұхбат алған едім.
—Бейсен Құранбектің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді қай уақыттан бастадыңыз?
—Ең алдымен, сүбелі сұхбатқа шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Мен өзім Бейсен ағаның шәкірті емес, ол кісінің шығармашылық жолын үлгі тұтқан жас журналистердің бірімін. Бейсен Құранбек ағамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүргеніме 5 жылдай уақыт болыпты. Сол уақыт ішінде көптеген жарыстарға қатысып, ғылыми жобалар жасадым. Солардың бірі — Талдықорған қаласы, Жетісу облысындағы «Жетісу дарыны» орталығы ұйымдастыратын Бейсен Құранбек оқулары. Сол оқуға 2 жыл қатарынан қатысып, жеңімпаз атандым. Бұл байқауда мен Бейсен ағаның телевизиялық бағдарламалары және жүргізу шеберлігі бойынша бейнематериал түсірген едім.
Кейіннен қалалық «Дарын ғылыми орталығы» өткізген Бейсен Құранбектің қанатты сөздері туралы ғылыми жобаға қатысып, сол бәйгеде үздік атанған едім. Артынша Ғазиза Құдайберген ханым Бейсен ағаны еске алу байқауын студенттер арасында өткізді. Сол байқауда да топ жардым.
Бұл еңбек пен ізденістің бәрі — Бейсен ағаның өмірі мен журналистік жолы мені қызықтырғандықтан туған дүние. Сондықтан оны ерекше ынтамен зерттедім.
Былтыр ғана Алатау телеарнасы арнасынан Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне 5 жыл толуына орай арнайы деректі фильм көрерменге жол тартты. Себебі Бейсен Құранбек ағамыздың журналистік жолы қазіргі Алатау телеарнасы, бұрынғы «Рахат ТВ»-дан басталған еді.
Деректі фильм «Халық жүрегінен орын алған Бейсен» деп аталады. Олай аталу себебі — Бейсен Құранбек тек журналист болған жоқ. Ол кісі өз бағдарламалары мен жалынды рухы арқылы халық жүрегінен орын алған тұлға. Деректі фильмде ол кісінің достары мен әріптестері Серік Әбікен, Мұхит Ықылас, режиссер Данияр Жанс өз естеліктерімен бөлісіп, қызметтес болған сонау жылдарға саяхат жасады. Осы деректі фильмді түсіріп жүріп, Бейсен ағаның өмірімен жақынырақ таныстым.
—Бейсен Құранбек жүргізген бағдарламаларының халық жүрегіне жету сыры неде? Бұл кәсіби шеберлік пе, әлде тұлғалық қасиет пе?
—Бейсен ағаның халық жүрегінен орын алуының басты себебі – ол кісінің қарапайымдылығы мен шынайылығы. Бейсен ағаның жары мен әріптестерінің айтуы бойынша, Бейсен аға ешқашан дайын сценарий қолданып бағдарлама жүргізбеген. Ол кісі әр бағдарламасын шын жүректен беріліп, асқан жанкештілікпен жүргізетін. Телеэкраннан көретін көрермен жүргізушінің бет-бейнесі мен болмысынан жасандылықты бірден сезеді. Бейсен аға әрқашан халыққа жақын болды, еркін диалог жасады және шындықты батыл түрде жеткізе білді.
Ол кісінің халық жүрегінен орын алуының тағы бір сыры — көптеген тележүргізушілер келген қонақ пен кейіпкермен тікелей эфирде ғана тілдессе, Бейсен аға олармен сұхбаттан соң да тілдесіп, әңгімелесетін. Өзінің артынан еріп келе жатқан жас журналистерге ағалық ақылын айтып, қолдау білдіретін.
Бейсен аға бұл дүниеден ерте өткенімен, ол кісінің шындықты тайсалмай айтқан бейнесі халық жадында мәңгі қалмақ. Біз де қолдан келгенше ол кісінің мұраларын дәріптеп келеміз.
—Журналист ағаның жүргізген «Қарекет» бағдарламасының басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
—Бейсен ағаны зерттегеніме 5 жыл болды. Ол кісінің әріптестері де өз естеліктерінде айтып қалды. Бейсен аға «Айтуға оңай», «Қарекет» деген екі бірдей бағдарламаны тізгіндеген еді. Кейін ұлттық арнадан ол бағдарлама жабылған соң, көрермен көзайымына айналған «Қарекет» бағдарламасы бастау алды.
«Айтуға оңайда» тек айтып, сарапшылармен саралап, шындықты халыққа жеткізіп қана қойса, «Қарекет» бағдарламасында сол мәселенің шешу жолын қарастырып, түйіні қалың мәселені шешуге тырысты.
Өздеріңізге белгілі, «Қарекет» бағдарламасында аптаның бес күнінде бес түрлі тақырып талқыланып, қоғамның әр саласы қамтылатын еді. Басты ерекшелігі — көптің дертіне дауа болып, біраз тағдырға араша түскені. Қиналғандарға жәрдем беріп, әлсіздерге қорған болды. Бұл шынайы ток-шоу еді.
—Сіздің журналистика саласына қызығушылығыңызды оятқан тұлғаның бірі Бейсен аға деп айта аламыз ба?
—Иә, менің журналистика саласына келуіме Бейсен аға тікелей себепкер болған еді. Шамамен үшінші не төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде Бейсен Құранбек ағамызбен жүздесіп, батасын алған едім.
Бір қызығы, Бейсен Құранбек аға менің жерлесім — Кербұлақ ауданының тумасы. Бір күні аудандық мәдениет үйінде іс-шара болып, сол іс-шараға ауданның құрметті азаматы ретінде Бейсен ағамыз да келген еді.
Бейсен ағаға барып: «Мен де сіз сияқты журналист болғым келеді. Не істеуім керек?» — деп сұрағанымда: «Әлі-ақ мықты журналист боласың, тек көп кітап оқы», — деп айтқаны есімде. Кейін ол кісімен тағы да жүздескім келді, бірақ амал қанша, өмірден өтіп кетті. Қазір тек ол кісінің естеліктерімен тілдесе аламыз. Солай Бейсен ағаның жолын қуып, телеарнада қызмет етіп жүрген жайым бар.
Бейсен ағаның сол бір «Көп кітап оқы, мақала жаз» деген сөзі мені үлкен ізденіске жетеледі. Көптеген мақала жазып, «Ұлан» газетінің жас тілшісі атандым, өзімді дамыттым, 70-тен аса мақаланың авторы болдым. Сол бір Бейсен ағаның сөзі мені Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жетелеп әкелді. Бейсен ағаның айтқан сөзін санамда ұстап, бүгінде журналистика саласында еңбек етіп келе жатырмын.
—Қазіргі жас журналистердің бойынан Бейсен ағаның қандай қасиетін көргіңіз келеді?
—Қазіргі жас тілшілердің бойынан Бейсен ағаның қарапайымдылығын, адамгершілігін, жанашырлығын көргім келеді. Бейсен аға ешқашан арзан атақ қуып, рейтинг пен хайптың құлы болған жоқ. Ол кісі сапаға, халыққа жұмыс жасады. Шынайы ақпарат жеткізуді өзіне мақсат етті.
Әр бағдарламасында үлкендерге «апау» деп, кішілерге «қарындасым» деп, өзіне жақын тартып сөйлейтін еді. Күндіз шенді өкілдермен, ал кешке қарапайым халықпен тілдесе беретін. Бейсен ағаның дауыс дикциясы, тәжірибелі ойлары бүгінде жас ұрпаққа үлгі. Бүгінде осы оқу орнында да Бейсен Құранбек жайлы зерттеу жұмысын жазып, жоғары баға алдым.
Бейсен Құранбек ағамыз — халық жүрегінен орын алған, өз ісінің адал маманы. Бейсен ағаның есімін ешқашан ұмытпаймыз.
—Әңгімеңізге рақмет!
—Сұхбатты жүргізген: СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
