«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Мінсіз сәт

📸 Сурет: ЖИ (Жасанды интеллект)

Автор Назгүл Орынғали, naz_oryngali

Біз неге екені белгісіз, жоспар жазарда өмірімізді дүйсенбіден бастауға құмармыз. Жаңа әдет қалыптастырғымыз келсе, дүйсенбіні күтеміз. Кітап оқуды бастасақ, келесі айдың бірін күтеміз. Өзгергіміз келсе, жаңа жылды. Ал армандарымызға келсек, оларды жүзеге асыру үшін әлі де бір нәрсе жетіспейді: уақыт, қаражат, мүмкіндік, батылдық немесе осының бәрі тоғысатын бір мінсіз сәт.

Бір қызығы, біз жұма күні басталған істің дүйсенбіде басталған істен кем болмайтынын білеміз. Айдың ортасында қолға алынған арманның айдың бірінде басталған арманнан кеш орындалмайтынын да түсінеміз. Сонда неге өзімізге үнемі ертеңді уәде етеміз?!

Мүмкін, бізге бастауға қолайлы уақыт емес, бастауға себеп керек шығар. Ал кейде сол себептің өзін күтіп жүріп, талай мүмкіндікті жіберіп аламыз.

Біз мінсіз болуға тырысамыз. Мінсіз жоспар, мінсіз жағдай, мінсіз мүмкіндік іздейміз. Барлығы ойдағыдай болғанда ғана қадам жасауға дайынбыз. Бірақ өмір біздің жоспарларымызбен санаса бермейді. Ол кейде біз дайын болғанда емес, дайын болмай тұрғанымызда да алға жылжиды.

Біз болашаққа жоспар құрып жатқанда, бүгінгі күніміз өткен шаққа айналып үлгереді.

Бәлкім, әрқайсымыздың кейінге қалдырған бір арманымыз бар шығар. Үйренгіміз келген тілді әлі меңгермедік, жазғымыз келген дүниені қағазға түсірмедік. Көптен бері айтқымыз келген сөз көмейде қалып, көңіліміз қалаған жолға түсуге батылымыз жетпей жүрген шығар.

Менің ойымша, бұл уақыттың жетіспеушілігінен емес, ойлағанымыздай болмай қалуынан қорыққанымыздан. Ойлап қарасақ, қазіргі жасымыз, уақытымыз, күніміз қайта келмейді. Кейін өкінбеуіміз үшін де тәуекелге барып, батыл әрі нық қадам басуымыз керек шығар.

Иә, әрекет жасау емес, әрекетті бастау қиын. Бұл менің ғана емес, қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі. Біз неге бастамай жатып, «Ойлаған нәтижеге қол жеткізе алмасам ше?» деген ойды санамызға сіңіріп аламыз? Өміріміз өз қолымызда ғой. Бүгінгі ісіміз ертеңгі күннің жеңісіне үлес қосары сөзсіз.

Мінсіз сәтті, қолайлы мүмкіндікті күтпей, бір қадам болса да дәл қазір бастайық. Біз күткенімізбен, уақыт бізді күтпесі анық.

ОРЫНҒАЛИ  Назгүл  Ерболқызы,

Алматы қаласы білім басқармасының

Түрксіб ауданындағы

№107 лицейінің 11-сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Қазіргі қоғамдағы моральдық құндылықтардың өзгеруі

Қазақстандағы экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары

«Смартфонға байланған қоғам»