📸 Суретті жолдаған: автор Айкүміс Жамалбек
Біздің мектепте өткен ReadX іс-шарасы оқушылар үшін ұмытылмас оқиға болды. Бұл шараның басты идеясы – кітап арқылы ойды ашу, өз пікірін батыл жеткізуге үйрену және әр оқушының шығармашылық қабілетін дамыту еді. Мен алғаш рет қатысқандықтан, алғашқы сәттен-ақ жүрегімде толқу мен қобалжу қатар жүрді.
Мені бірінші спикер етіп қойған кезде қатты қобалжыдым. Көпшіліктің алдында оқыған кітабымды қорғау – үлкен жауапкершілік еді. Жүргізуші мені шақырған сәтте анамның бір сөзі есіме түсті:
«Өзіңе сен, сөз жүректен шықса, жүрекке жетеді».
Осы сөзді ойыма түйіп, терең тыныс алып, асықпай, саспай сөйлеуге тырыстым. Кітабымды қорғау тек мазмұнын баяндау емес, одан алған ойым мен сезімімді бөлісу екенін түсіндім. Әр сөйлемімде менің жеке пікірім, ой түйінім және кітабымнан алған әсерім көрінді.
Мен сахнадан түскен кезде ішімде жеңілдік сезімі пайда болды: қорқынышымды жеңіп, өзімді бақылауда ұстағанымды түсіндім. Менен кейін өзіммен қатарлас оқушылар да сахнаға шығып, оқыған кітаптары арқылы өз ойларын ортаға салды. Біреулердің сөзінен мотивация алдым, енді біреулердің шығармашылығы таңғалдырды.
ReadX – тек кітап оқудың немесе шығармаларды баяндаудың шарасы емес, ол әрбір оқушыға өз ойы мен сезімін бөлісуге мүмкіндік беретін ерекше алаң екенін түсіндім.
Шара барысында оқушылар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақ көрініс тапты. Әркімнің сөзі тыңдалды, әр ой бағаланды. Парламент мүшелері ретінде біз шараның сәтті өтуі үшін алдын ала дайындалып, ұйымдастырудың әр кезеңіне атсалыстық. Мұғалімдеріміздің қолдауы мен жылы сөздері бізге үлкен күш берді.
Ұпайлар саналып жатқан кезде ішімде қорқыныш пен үміт қатар жүрді. Нәтижесі жарияланған сәтте көпшіліктің алдында I орынды мен алғанымды естідім. Бұл жеңіс мен үшін тек марапат емес, өз-өзіме деген сенімнің, талпыныстың және шыдамдылықтың белгісі болды.
ReadX іс-шарасы маған кітаптың тек білім көзі ғана емес, ой мен сезімді дамыту құралы екенін
көрсетті. Ол өз ойыңды білдіруге, қорқынышты жеңуге және тыңдаушыларға өзіңнің ойын жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай шаралар арқылы мектеп өмірі байып, әр оқушы жаңа тәжірибе алып, өзіне сенімді бола түседі. Мен үшін ReadX – тек іс-шара емес, жүректегі үміт пен шабыттың көрінісі болды.
Айкүміс ЖАМАЛБЕК,
«Ы. Алтынсарин» атындағы
№83 мектеп –гимназиясының
11-сынып оқушысы
Астана қаласы, Сарайшық ауданы
