📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Қазіргі балалардан ертегі туралы сұрасақ, олардың ойына ең алдымен қандай ертегі түседі екен? Бірі бала кезінде тыңдаған ертегісін еске түсірсе, енді бірі мультфильмдерден көрген кейіпкерлерін айтуы мүмкін. Өйткені қазір балалардың ертегімен танысуы да бұрынғыдан өзгеше.
Бала кезімізде ертегі тыңдау біз үшін қызық болатын. Үлкендер бір ертегіні бастап берсе, соңына дейін тыңдауға асығатынбыз. Кейде оқиғаның жалғасын білгіміз келіп, қайта-қайта сұрайтынбыз. Қазір сол уақытты еске алсақ, ертегілердің балалық шағымызда алатын орны ерекше болғанын түсінеміз.
Ал бүгінгі балалардың бос уақыты көбіне телефон, түрлі ойындар мен мультфильмдерге кетеді. Бұл жаман деген сөз емес, бірақ кітап оқуға деген қызығушылықтың азайып бара жатқаны да байқалады.
Қазақ ертегілерінің ішінде әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпаған шығармалар көп. Мысалы, «Алдар көсе» ертегілерін алайық. Оның әр оқиғасында тапқырлық пен ақылдың күші көрінеді. Ал «Ер Төстік» ертегісінде кейіпкердің түрлі қиындықтарға кездессе де, мақсатына жетуге тырысатынын көреміз. Осындай ертегілерді оқығанда тек оқиғаның қызығына емес, кейіпкерлердің іс-әрекетіне де назар аударуға болады. Тағы бір байқағаным, кішкентай кезімізде ертегідегі кейіпкерлерді жақсы немесе жаман деп қана бөлетінбіз. Ал қазір олардың әрекеттеріне ойланып қараймыз. Неге бір кейіпкер дұрыс шешім қабылдады? Неге екіншісі қателесті? Осындай сұрақтарға жауап іздеу арқылы да көп нәрсені түсінуге болады. Меніңше, ертегіні балаларға тек оқулықтағы тапсырма ретінде ұсынбау керек. Кейде ата-ананың баласына ертегі оқып беруі немесе мұғалімнің сабақта бір ертегіні талқылауының өзі қызығушылық оятуы мүмкін. Ең бастысы, бала оны мәжбүрлі түрде емес, өз қалауымен оқыса екен.
Қазір жаңа мультфильмдер мен түрлі оқиғалар көп болғанымен, қазақ ертегілерінің орнын ештеңе толық алмастыра алмайды. Себебі олардың ішінде өз халқымыздың тұрмысы, мінезі, арманы мен түсінігі бар. Ертегілерді тек кішкентай балаларға арналған дүние деп қарамай, олардың бізге не айтқысы келетінін де түсінгеніміз дұрыс. Өйткені кейбір ертегілердің мағынасын бала кезде емес, есейгенде ғана түсінетін кездеріміз болады.
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі

