«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мамандығым – өмірім

Мамандық таңдау барысындағы ата-ананың рөлі

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Жайлауканова Анель

Мамандық таңдау  адам өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі болып табылады. Бұл сәтте ата-ананың рөлі өте маңызды, себебі әр отбасы өзінің баласының жақсы мамандық иесі болғанын қалайды. Оның рухани-мәдени тұрғыдан дамып, беделді жоғары оқу орнына түскенін және болашақта «нанын тауып жейтін» табысты маман иесі болғанын көргісі келеді. Алайда бұл ізгі қалау кей сәттерде қаншалықты дұрыс жүзеге асып жатыр?

Қазіргі таңда мамандық таңдау — жоғары сынып оқушыларының ең ауқымды әрі күрделі мәселесінің бірі. Кейбір жастар табысы мол кәсіпке ұмтылса, енді бірі жүрегінің қалауына құлақ асады. Алайда осы екі топтың арасында ата-анасының шешімін еріксіз қабылдайтындардың үлесі де аз емес. Яғни, өз болашағын өзі емес, ата-анасының нұсқауымен анықтаған оқушылар. Бірақ, болашақ кәсіпті жасөспірім үшін өзгелердің таңдап бергені қаншалықты қисынды?

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының зерттеуіне сүйенсек, жастардың шамамен 87-90 пайызы мамандық таңдағанда сыртқы факторлардың ықпалына түседі. Бұл — өте үлкен көрсеткіш. Күнделікті өмірде, әрине, ата-ананың рөлі орасан зор. Бала үлкендердің тәлім-тәрбиесін көріп өскендіктен, олардың ақыл-кеңесіне, бағыт-бағдарына құрметпен қарайды. Алайда, көптеген оқушылар өз қалауын ата-анасына дұрыс жеткізе алмай, іштей қысым көріп жатады. Өмірлік маңызы бар бұл қадамда үлкендердің рөлі «таңдау жасау» емес, «бағыт сілтеу» болуы тиіс. Ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның қызығушылықтарын тыңдап, демеу бола білуі керек. Себебі өзге факторлардың, соның ішінде ата-ананың мәжбүрлеуімен мамандық таңдаған түлектердің 80 пайызы оқу бітірген соң өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл статистика ата-ананың өз еркін балаға таңуын болашақтағы үлкен қателіктерге алып келетінін айқындайды.

Түйіндей келе, мамандық таңдау -бұл тек диплом алу емес, адамның бүкіл саналы ғұмырының арнасын анықтау. Ата-ананың міндеті — баланың орнына шешім қабылдау емес, оның бойындағы табиғи таланты мен қабілетін танып, дұрыс арнаға бағыттау. Тек өзара түсіністік пен ашық диалог қана жас түлектің өз жүрек қалауымен нық қадам жасауына мүмкіндік береді. Сонда ғана біз өз ісін сүйетін нағыз кәсіби мамандар мен бақытты қоғамды қалыптастыра аламыз.

ЖАЙЛАУКАНОВА  Анель,

Алатау қаласы, «Қоянқұс» ықшамауданы,

№14 орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Журналистика – қоғам үнін жеткізетін мамандық

farabi shakirti shakirti

«Болашақтың мамандығы.»

Халықаралық Академиялық ұтқырлық аясындағы ғылыми тағылымдама тәжірибесі (Түркия, NECMETTIN ERBAKAN ÜNIVERSITESI мысалында)