«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мамандығым – өмірім

Журналист – жай ғана жаңалық айтушы емес, ол – шындықты іздеу, халыққа қызмет ету

📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).

Жолдаған: автор Мархаба Абдылахат

Қазіргі таңда журналистика – қоғамда өзіндік орны бар маңызды мамандықтардың бірі. Күн сайын теледидардан, интернеттен, әлеуметтік желілерден түрлі жаңалықтарды көріп, оқып жатамыз. Алайда сол ақпараттың халыққа қалай жететінін, оның артында қаншама еңбек пен жауапкершілік тұрғанын бәріміз бірдей ойлана бермейміз.

Кейбір адамдар журналист болуды камера алдында сөйлеу немесе жаңалық оқумен ғана байланыстырады. Бірақ менің ойымша, журналистің міндеті мұнымен шектелмейді. Нағыз журналист – қоғамда болып жатқан оқиғаларды зерттеп, шындықты іздеп, халыққа нақты әрі сенімді ақпарат жеткізетін адам.

Журналистикада ең маңызды нәрселердің бірі – жауапкершілік. Себебі журналист таратқан ақпарат көптеген адамның пікіріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір мәліметті тексеріп, ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың тез таралатынын ескерсек, журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі одан сайын арта түседі.

Менің журналистикаға қызығушылығымның себебі – адамдарға маңызды ақпарат жеткізіп, қоғамдағы мәселелерді көтергім келеді. Кейде көпшілік назарынан тыс қалып жатқан оқиғалар болады. Осындай мәселелерді зерттеп, адамдардың пікірін тыңдап, олардың дауысы болу – журналистің маңызды міндеттерінің бірі деп ойлаймын.

Әрине, журналист болу оңай емес. Бұл мамандық ізденісті, сауатты жазуды, ойын анық жеткізуді және түрлі жағдайға бейімделуді талап етеді. Сонымен қатар журналист әрдайым ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Себебі қоғам өзгерген сайын ақпарат тарату тәсілдері де өзгеріп келеді.

Қорытындылай келе, журналист болу – жай ғана жаңалық айту емес. Ол – шындықты іздеу, халыққа қызмет ету және қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамау. Менің ойымша, жақсы журналист болу үшін тек сауатты жазу жеткіліксіз, ең бастысы – адалдық пен жауапкершілікті қатар алып жүру. Өйткені сенімді ақпарат – қоғамның дұрыс шешім қабылдауына ықпал ететін маңызды құрал.

Мархаба АБДЫЛАХАТ,

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы,

№15 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Мамандықты қалай дұрыс таңдаймыз?

Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемге танытқан тұлға

Бір ғасырлық тарих