Аналар мерекесі – әлемге нұрын шашады

Дүниежүзінің 31 мемлекеті осы күнді Халықаралық әйелдер күні ретінде тойлайды. Мереке мемлекеттік деңгейде аталып өтілгендіктен, барша ел демалып, әйелдерге арналған әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Қыс мезгілінің бітіп, одан аман шыққандарына қуанған халық үстілерінен ауыр киімдерін шешіп, шуақты көктемді қарсы алады. Көктемнің жылуы мен табиғаттың жаңаруын, алғаш бүршік атқан гүлдердің көз тоймас сұлулығын, қайта оралып самғаған құстардың бұлбұл үнін әйелдер қауымының нәзіктігімен теңейді.

Қазақстанда 8 наурыз — демалыс күні. Әйелдерге сыйлықтар мен гүлдер беріледі — мереке алдындағы үш-төрт күнде олардың сатылымы екі есе артады.

8 наурыз аналарымыз бен әжелеріміз мерекесі деп білемін. Халықаралық мереке біздің шағын отбасымызда да тойланады. Мереке күні дастарқан жайып, апа-әжелерімізге, анамызға сыйлық апарып, әпке-жеңгелеріміз бен сіңлілерімізді де құр қол қалдырмаймыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, 8 наурыз күні Нью-Йорк қаласындағы фабрикада жұмыс істейтін  әйелдер қауымы жалақыларына байланысты митингке шыққан. Себебі, олардың жалақысы мардымсыз болған. Осы кезде ерекше алғыс айтатын тұлға Клара Цеткин. Ол өмір бойы әйелдер құқығы үшін күресіп, олардың жеке басын қорғауға үлкен үлес қосқан. Соның арқасында қазір жыл сайын атаулы мерекемізді тойлап, сыйлықтар мен жылы сөздерге бөленіп, бір қуанып қаламыз.

Ежелгі Римде де Арулар мерекесі болған екен. Бұл күні ерлері әйелдері мен сүйген жарларына әдемі гүл шоқтарын және керемет сыйлықтар сыйға беріп қуантады екен. Жалпы мерекенің аталып өтілуінде ешқандай ерекшелік жоқ. Барлығы біз білетіндей әртүрлі іс-шаралармен, көңілді шоулармен мемлекеттік деңгейде өтеді. Алайда, Римдегі бұл күн тек әйелдер мерекесімен шектелмей сонымен қоса, күңдерге заңды түрде демалыс беретін күн екен.

Сирия мемлекетіне келер болсақ, бұл күн Төңкеріс күні ретінде аталып өтеді. Тарихқа сыр шертсек, 1963 жылы осы күні Сирия елінде әскери төңкеріс басталған екен. Мемлекетте бұл мереке «8 наурыз төңкерісі» деп аталады. Себебі, төңкерістен кейін «Бас» партиясы билікке келеді. Алайда, бұл партияның төңкеріске ешқандай қатысы болмаған.

Үндістанда 8 наурыз әйелдер мерекесіне мүлдем қатысты емес. Себебі, бұл күні үндістандықтар Холи немесе Бояуыл мерекесін тойлайды. Мереке негізінде өте ерекше әрі қызықты болады. Барлығы бір-бірлеріне түсті бояу ұнтақтарын шашып, бояулы сулар атқылап, ортада мерекелік от жағылады. Халық ән айтып, би билеп, асыр салып ойнайды. Үнді сериалдарын көрген болсаңыздар бұл мерекені бірден түсініп, сол сюжетті естеріңізге аларсыздар. Түрлі бояуларды неліктен шашады деген сұрақ әрбір оқырманда туындайтын шығар. Міне, сол бояулар адамға қаншалықты көп шашылса, оған соншалықты жақсы тілектер айтылғанын білдіреді. Мереке соңына қарай кешкі уақытта тұрғындар бір-бірлерінің үйіне қонаққа барып, бұл күнді тәмәмдайды.

САБИТ Сабина,

     Алматы қаласы, Алмалы ауданы,

№24 лицейдің 11 «Б» сынып оқушысы