Ерекше әдіспен оқытатын ұстаз

          Аралдық мұғалім оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге тың тәсіл арқылы дайындап жүр. Ерекше әдісті ойлап тауып, шәкірттерінің шыңдалуына сеп болып жүрген жас ұстаздың бұл әдісі қазір ел аузында.

Қызылорда облысы Арал ауданында ұстаздық қызмет атқаратын Мұқан Тө­леу­баев тың әдісімен талай шәкіртті тәрбиелеп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүргеніне 2 жылдан аса уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ұстаз талай оқушының қорытынды емтиханға тың­ғылықты дайындалып, жоғары көр­сет­кішке қол жеткізуіне себепкер болған.

Небәрі 25 жастағы жас ұстаз Қызыл­орда облысы Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Бүгінде Арал қаласындағы Ұзақбай Қара­манов атындағы 262 мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ береді.

Аталмыш білім ошағында 3 жылдан бері жұмыс істейтін ол біліктілігімен көзге түсе білді. Екі жылдан бері 11-сынып оқушыларын математикалық сауаттылық пен математика таңдау пәндерінен ҰБТ-ға дайындап жүр екен.

    «Оқушыларды ынталандырып, олар­дың арасында бәсекелестікті дамыту үшін сабақ өтудің дәстүрлі емес формасын із­деу керек болды. Осылайша, өз ойымды дамы­тудың өзіндік құрылымын  жасап шықтым. Уақытты үнемдеуге арналған есептерді іздеп, жинақтадым. Оның барлығын өткен оқу жылында  матема­тикалық сауаттылық пәнінен сынама тесттерде келген есептер­ден алдым. Кез келген тапсырманы орын­дату үшін, оның белгілі бір негізі болуы керек. Нәтижесінде, оқытудың тың тәсілін жасап шықтым»,  – деп тәжірибесімен бөлісті жас ұстаз.

Мұқан ұзақ уақыт зерттеудің арқасында сабақты ойын түрінде өткізудің өзгеше әдісін ойлап тауыпты. Алдымен «жекпе-жек» әдісімен ойын түрінде сабақ өткізуді бастайды. Бұл дәріс деңгейлес оқушылар­мен жүргізіледі. Осылай балалар арасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді көздей­тін достық  орнайды.  Осының арқасында оқушылар бір есепті бірлесе талқылап, ой жарыстырып, ортақ шешімін табуға мүм­кіндік алады.

Ал «аяқдоп» әдісін математикалық сауаттылықтан дайындыққа келіп жүрген 11-сынып оқушыларына пайдаланылады. Сол арқылы бұған дейін төмен ұпай жинап жүрген оқушының көрсеткіші жоғарыла­ған екен.

 «Оқушылардың сабаққа деген қызығу­шылығы артып, келесі ойынды (сабаққа) мықты дайындықпен, үлкен ынтамен күтіп жүретініне куә болдым.  Бүгінде оқу­шы­лардың құлшынысы арта түскені аң­ғарылады. Білім берудің жаңа әдісін әлі де жетілдіре түсуді мақсат тұтамын. Байқа­ғаным, ойын түрінде өтетін  әр сабағыма мектептегі мұғалімдер мен мектеп әкім­шілігі үлкен қызығушылық танытады. Әр командаға жанкүйері боп қатысып отырады», – деді Мұқан.

Бір қызығы, Мұқанның сабағына оқу­шылар мектеп формасымен емес, спорт­тық киім үлгісінде қатысады. Тиімділігі мол тың әдістің арқасында бұған дейін 20 балл жинаған оқушылар жақсы нәтиже көрсете бастапты.

Ұстаздың алға қойған мақсаты да ас­қақ. Ең бастысы, балалардың білім көрсет­кішін 45 балға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ осы әдіс арқылы оқушыларды олим­пиа­даға да дайындап, жеңіс мәресінен көрінуді мақсат тұтады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы

Aikyn.kz