Цифрлық Қазақстан: Білім беруде қандай жобалар іске асырылды
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари білім беру саласын цифрландыру тетіктері жөнінде айтып берді.
Оның айтуынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде 20 мыңнан астам ұйым, 7 мың мектеп, 860 колледж және 130-дан астам ЖОО бар.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім беру саласын цифрландыру жұмыстарын бастадық. Мектептерде электронды журнал, электронды күнделік сынды түрлі жүйелер пайда болды. Кәсіпкерлер мен стартапшылар үшін де мүмкіндік көп. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына дейін цифрлық технологияларды енгізу — компьютерлік құрылғыларды орнату деп қабылданатын. Шын мәнінде, цифрлық технологияларды енгізу – үлкен еңбек», — деді Рүстем Биғари бүгін Astana Hub технопаркінде әлеуметтік инновациялар зертханасының ашылуында.
Вице-министр елімізде Ұлттық білім беру деректер қорының жұмыс істейтінін және мектептерге виртуалды шындық жобаларының енгізіліп жатқанын хабарлады.
«Мектептерде жүзеге асырылуы тиіс жобалар көп. Робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар аясында виртуалды шындық жобалары енгізіліп жатыр. Қазақстанның білім беру жүйесінің өзі стандарттарды жүзеге асыруға негізделген. Білім беру жүйесінде мемлекеттік білім беру стандарттары ұғымы бар. Яғни, кез келген оқулыққа сараптама жүргізіледі. Ал виртуалды шындық, зертхана сыныптары әзірге қосымша білім беру жүйесі ретінде енгізіліп жатыр. Осыған байланысты, жаңа технологияларға еш кедергі жоқ», — деді ол.
Айта кетейік, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) балалар мүддесін қорғайтын «Social Innovation» әлеуметтік инновациялар зертханасын ашты. Оның қызметі заманауи технологиялар арқылы балаларды түрлі сын-қатерден қорғайтын жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.