Биыл елімізде 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу жылының басынан бері 153 мың қазақстандық оқушы жөндеуден өткен 207 мектепте білім ала бастады.

Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылды, ғимараттардың қасбеттері, терезелері жаңартылды, ішкі инженерлік желілері (су құбыры, кәріз, жылу, электр желілері), дәретхана бөлмелері жөнделді. Сейсмикалық құбылыстары жоғары аймақтарда сейсмикалық күшейту жұмыстары және т.б. жүргізілді.

Айта кетейік, жөндеуден өткен ғимараттардың ішінде салынғанына 50 жылдан асқан мектептер де бар. Олардың көбі Алматы облысында орналасқан.

Еске салайық, бұған дейін министрлік оқу-тәрбие процесінің бұзылуына жол бермеу және оны қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерге бірнеше рет бақылау жүргізді. Бүгінде жөндеу жұмыстарынан бөлек Қазақстандағы шағын қалалар мен ауылдардағы 1000 мектеп жаңартылуда. Атап айтсақ, күрделі жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханалар мен қауіпсіздік жағдайларын жақсарту атқарылуда.

Бүгінгі таңда 941 ауыл мектебінде жаңғырту жұмыстары аяқталды. Оған қоса, биыл 1000 заманауи пәндік кабинеттерін (робототехника, химия, биология немесе физика) ашу жоспарлануда. 974 мектепте заманауи кабинеттер орнатылды

                                              ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің Баспасөз қызметі