Жандүниеңіз де, өзіңіз де Қыз Жібексіз!
Құрметті Өтекешева Меруерт Қаратайқызы!
Сізді бүгінгі туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Ғұмырыңыз бұдан кейін де ұзақ, денсаулығыңыз мықты болсын дейміз. Миллиондаған көрерменнің жүрегінен Қыз Жібек болып орын алдыңыз! Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы театрда сіз ойнаған қаншама ролдеріңіз көрерменнің жадында сақтаулы. Қазақ киносындағы образдарыңыз өз алдына!
«Қыз Жібек» фильмін көрген әр бойжеткен сізге қарап бой түзеді, ой түзеді. Театрдағы сіз ойнаған спектакльді көруге асықты. Олар сахнадан Қыз Жібекті көрсем деп армандады. Қазір де қаншама өнерге қанат қаққан жігіттер мен қыздарға ұстаздық етіп келесіз. Өнердің, театрдың маңызын, сахна қасиетін ұғындырып, жан тазалығын дәрістеріңізде ұғындырудасыз. Сізден тәлім алған жастардың көпшілігі бүгінде сахна төрінде сіздің актерлік жолыңызды жалғастырып жүр. Ұстазыңыз Халық әртісі Хадиша Бөкеевадан сахна өнерін бар болмысыңызға құйып, үйрендіңіз. Үйренгендеріңізді сахнада көрсетіп, көременді тәнті еттіңіз. Енді міне, өзіңіз «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі ғұмырыңызда жиған саф алтындай тәжірибеңізді сахнаны сүйген жастарға үйретіп, жалықпай ұстаздық етудесіз.
Кино тарихының парақтарын ақтарсақ, М.Әуезов театрының сахнасында актерлік ете жүріп, сіз ойнаған кино кейіпкерлерін «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильм» шығарған туындылардан көреміз.
Дана Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас», — деген қағидасын жадыңызға берік ұстап, «Қыз Жібек» дастанындағы басты кейіпкер Қыз Жібектей ғұмырлық Төлегеніңіз – Тастанбеков Құман Нұрмағанұлымен өмірде қауышып, жарты ғасырға жуық бақытты ғұмыр кештіңіз. Ұл-қыз тәрбиелеп, қатарға қостыңыз. Немере сүйдіңіздер. Дастандағыдай махаббатқа адалдық үлгісін шынайы өмірде де, «Қыз Жібек» фильміндегідей айдында жүзген қос аққудай театр сахнасындада бірге жүрдіңіздір. Кей фильмде қатар ойнадыңыздар.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – өнердегі және өмірдегі шынайылық, адалдық, өнерге сүйіспеншілік, азамат ретіндегі жауапкершілік, жастарға деген қамқорлық, осындай жүректегі мейірімділіқ қасиеттер арқылы ізбасарларыңызды тәрбиелеп, шәкірттеріңіздің ықыласына бөленудесіз.
«Өнер — халықтікі» — дейді халқымыз. Халықтың сүйіктісіне айналған қарапайым Қыз Жібек – Меруерт Қаратайқызы бүгінгі жас көрермендерімізге де дастандағы Қыз Жібектей болып арамызда ұзақ жасасын! Жарты ғасырдан астам уақыт бар көрерменнің, дастандағы сүйіп оқитын оқырманның сүйікті Қыз Жібегі – ортамыздағы сүйікті кейіпкеріміз – Қыз Жібек Меруерт Өтекешеваның өмірдің де, өнердің де сахнасынан түспеуіне тілектеспіз!
«Шіркін! Мен де Қыз Жібектей болсам ғой», — деп армандайтын бойжеткендерге һас сұлудың өмірдегі шынайы бейнесі болып, арамызда ұзақ жүре беру нәсіп болсын дейміз!
Құрметпен: Априза АЙТБАЕВА,
«Қазақстанның ардагер журналисі»,
Философия ғылымыдарының кандидаты.
«Farabi shakirti» журналының
шығармашылық ұжымы.
Сурет: Turkistan.kz